Баланы ұруға бола ма?

Oinet.kz 08-10-2020 1503

Қазығұрт ауданы Қызылқия ауылындағы бір отбасындағы оқиға әлеуметтік желі арқылы тарап, соңғы аптада елдің ерекше назарын аударды. Оқиғаның «басты кейіпкері» безбүйрек әкенің балаға деген аяусыз соққысы мен былапыт сөзі қаншама адамның жүрегін жаралап, жүйкесін жұқартты, тіпті ашуын келтірді. Аталған видеоны соңына дейін қарау мүмкін емес. Оны сол үйдегі балалардың анасы түсірген. Мақсаты тәртіп сақшыларынан қорғаныш іздеп,  халықтан араша сұрау. 

resized_shutterstock_722232589.jpg

Мәселенің байыбына бармай, араша болудың орнына бейнежазбаны түсірген ананы сөзбен сыбағандар да табылуда. Бірақ Махаббат Сәдуақасқызы мен үш перзенті 4 жылдан бері осындай қатыгез тұрмысқа төзіп келген. Балаларын әкесіз өсірмеуді ойлаған ана осынша уақыт шыдап, ақырында көне алмасын біліп, дәлел жинап халықтан көмек сұраған. Ал безбүйрек әкенің жауабы дайын-ақ. «Әке-шешем солай мені тәрбиелеген. Мен ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Қалай тәрбиелеймін, өзім білемін. Ешкімнің шатағы болмасын». Десе де қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің «Қинау» 110-бабының 2 тармағы бойынша тергеу жүргізілуде. Түркістан облысының Қазығұрт аудандық полиция басқармасы Махаббат Сәдуақасқызы мен балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін хабарлады.

Осы оқиғадан соң біз арнайы бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, бала құқығы, таяқпен «тәрбиелеуге» қатысты бірқатар азаматтардың пікірін білген едік. 

80318421_178010293308158_5199710800910629255_n.jpg

Кәмшат Тасболат,

журналист, құқықтанушы:

Баланы ұру - қылмыс

Өкінішке қарай, біздің қоғамда баланы ұруды қалыпты жағдай ретінде қабылдайтындар бар. Бала ұру тәрбие құралы іспетті. Бұл бүкіл посткеңестік елдерге тән теріс құбылыс. Шындап келгенде, баланы ұру - қылмыс. Елімізде құқықтық нигилизмнің жайлағаны сондай, тіпті, баланы ұруға, сабауға, азаптауға, психологиялық қысым жасауға қатысты тек Әкімшілік құқық-бұзушылық кодексінде ғана емес, Қылмыстық кодексте арнайы баптар барын көбі біле бермейді. 

Ата-ана балаға меншік ретінде қарайды. Ұрса да, азаптаса да, өз балам деп ойлайды. Бұл тұрғыдан біздің қоғамға дәл бала ұру бабына қатысты өткен сот процестерінің жариялылығы керек. Қоғам баласын ұрған ата-ананың жазасыз қалмайтынын түсінуі тиіс. Түптеп келгенде, мұндай қатыгездіктің салдары қиын болады. Байқасақ, әлеуметтік желіде, әсіресе, ерлер қауымы «бізді қамшымен сабаған, өлмедік», «таяқ жеп өстік, еркек болдық» деген сыңайда жазбаларын жарыса жазып жатыр. Олардың балалық шағы өткен заман мен қазіргі заман басқа. Қазір Қазақстан балалар суициді бойынша әлем елдерінің алдында келеді. Бұл бөлек ұрпақ, қол көтеру былай тұрсын, сөз көтермейді. Суицидтің түпкі себебі де осындай озбырлық, буллинг! Әдетте біз балалар арасындағы буллингті көп айтамыз, ал ата-ананың мейірімсіздігі, озбырлығы, буллингке жақындығы үлкен қоғамдық індет. Пайғамбарымыз (с.ғ.у.) "Мейірім көрсетпеген адам мейірім көрмейді" деген. Баланы мейіріммен өсіру керек. Ал баланы ұратындарды ата-аналық құқынан айыру қажет. 

120153385_2614941238759005_1687678049622588776_n.jpg

Олжас Сейтов,

психолог, пейнхантинг:

Қазақстанда ең алдымен әке-шешені тәрбилеу керек

Бұл оқиғаға байланысты айтар болсам, әке баласын жек көргеннен ұрып жатқан жоқ деп ойламаймын. Ол әкенің ішін ақтарсаң, біраз мәселе шығуы мүмкін. Біздің алдымызға баласын үтікпен, оқтаумен ұрған талай ата-ана келген. Содан түйгеніміз, өз-өзіне махаббатпен қарай алмаған адам, балаға ол нәрсені бере алмайды. Ұратын әке – ұрылған әке. Ұратын шеше – ұрылған шеше. Қазақстанда ең алдымен әке-шешені тәрбилеу керек. Өкінішке орай, әже-аталарымызды да тәрбиелеген жөн. Кейде үлкен басымен өз ұлдарын бір-біріне қарсы қойып отыратындар да кездеседі. 

Және қоғамдағы басты қиындық – қазіргі кезде ер адамның әлеуметтік рөлі мықты емес. Барлық жұмысты әйел адамдар істей алатын болды. Қыздар ер жігіттермен бірге оқып-тоқып, конкурент бола бастады. Екіншіден, шаңсорғыш, кір жуу машинасы секілді тұрмыстық автоматты құралдар пайда болғаннан соң әйелдер үй тіршілігінен босады. Барлығын жиып ақшаны еркектердің көмегінсіз-ақ табуға көшті. Сондықтан осы арада ер адамға деген құрмет, сыйластық бұрынғыдай болмады. Міне, осылайша жұмыссыз еркектер көбейіп кетті. Олардан әйелі мықтырақ болып келе жатыр. Соның әсерінен олар өзінің әлсіздігін түсінбей жүр.

Егер әкесі баласын жазықсыз ұрған болса, оның ойында мәңгілік қорқыныш, қауіп қалыптасады. Ойламаған жерден «жазықсыз таяқ жеп қалуым мүмкін» деген деген ой сақталып, жазылып қалады. Ол өмірде де өз-өзіне сенбейтін, қорқып жүретін бала болады. Көпшілікті дүрліктірген оқиғаға байланысты баланың әкесі: «Бізді солай тәрбиелеген» дейді. Бұл – жұқпалы вирус секілді. Сонда кейін осындай тәрбие көрген бала болашақта өзінің отбасына да дәл сондай әдіс қолданатын болады. «Мені де ұрды ғой, сен де шыда» деген түсінік қалыптасады. Мұндай мәселені тоқтату үшін мектеп кезден бастап. ұрудың дұрыс еместігі, бала психикасының нәзіктігі тақырыбын ашуымыз керек. Бүгінгі таяқ ертең жазыла салмайды, мәңгілік жарақат. Өкінішке орай, мектепте де университетте де мұндай нәрсені оқытпайды.

Менің тәжірибемде әкесі ұрған балалар болған, бірақ қатты жарақат алмаған. Неліктен десеңіз, әкесі өте әділетті жазалаған. Осы жерде ата-аналарға айтарым: егер жазалағыңыз келсе, әділеттілікті ұмытпаңыз.«Мен мына ыдысты сындырамын, немесе мына жерді қиратамын. Әкем ары кетсе мені бір рет ұрады» деп барлығын әдейі бүлдіріп, біліп отырып жамандық жасаған болса, ал оған ата-ана тиісті жаза қолданбаса, бала одан сайын бұзақы болады. Ал керісінше, бала еш жазықсыздан жазықсыз ұрып-соғылса, бұл жазаның әділетсіз түрі. Ондай бала кейін үлкен өмірге қадам басқанда әке-шешесіне, адамға, бастығына, мемлекетке сенбейтін болып өседі. Оның ойында тұратыны – жазықсыз жаза, әділеттілік жоқ. 

Балаңызға жаза қолданбас бұрын, келісімге отыру керек. Алдын-ала ескертіп, егер тыңдамасаң бұрышқа 2 минут тұрасың, егер мынаны бүлдірсең бір апта тәтті жемейсің дегендей. Сонда бала өзін қандай жаза күтіп тұрғанын алдын-ала біліп, ол әрекетке бармауы мүмкін. Содан баланың жауапкершілігі де мықты болып өседі. 

Негізінен бала психологиясы тез емделеді. Баланы емдеу ата-ананы емдегенге қарағанда әлдеқайда оңай. Егер балалар бізге келер болса, екі-үш сеанстан соң өздеріне деген сенімділікті қайта келтіріп, қорқыныштан арылтып, өмірге қайта жаңа көзқараспен қарауға көмектесе аламыз.

Screenshot_6.jpg

Дариға Асанқызы,

көпбалалы ана, зейнеткер:

Ісініп, көгеріп, мұрны қанап жүрген бала кімге абырой?

Алла берген 6 қыз, бір ұлым бар. Қазір алды 30-ға таяп қалса, кенжеміз 8-сыныпта оқиды. Баланы ұрмақ түгілі оларға ауыр сөз айтып қойсам, артынан ренжіп қалмады ма деп жалтақтап отыратынбыз. Бұларды кішкентайынан әжелері бағып-қақты. Қарты бар үйдің қазынасы бар дейді, үйде баланы ұру деген мүмкін емес еді ғой. Кішкентайларында ойын баласы  болғаннан соң бір нәрсені бүлдіреді, біртүрлі сөздерді айтады. Еркелейді, қырсығып жылайды. Бәрімізде бір бұзық болған. Қазіргі жылауық балалар бізде де болған. Айырмашылық, оларға кім қалай қарайды? Кейде қолымыз тиіп кететіні рас. Онда да марқұм әжемізден қорқып, біздікі ары кетсе саусағымыздың ұшымен түртіп қалу болатын. Бірақ айналайын-ау,мына Қазығұрттағы безбүйрек әкедей емес. 

Жасыратыны жоқ, қазіргі жастар бір баласының жылағанына шыдай алмай сабап жатады. Алтын құрсақты ана болсақ та баланы да туып, жұмысқа да барып, үйді де ретке келтіріп, ұруға шамамыз болмай жүрдік қой. Заман өзгерді ме, жас отбасылардың жүйке жүйесі ерте тозғыш. Өмірде қол жеткізе алмаған дүниесіне балаларын кінәлап, «Сендердің кесірлеріңнен мен бүйте алмады, сүйте алмадым» деп сенсірейтіндерді де көрдім. Алпыс екі тамырынды иіткен балаңды сүйе алмасаң, қорғай алмасаң, асырай алмасаң, ұрсаң-соқсаң неге тудың? Шыны керек, жануар да баласын қорғайды ғой. Адам деген ақылы, миы бар жаратылыс қой. Қалайша айуандыққа барады екен? Ісініп, көгеріп, мұрны қанап жүрген бала кімнің абыройы? 

Қазіргі таңда 4 қызым тұрмысқа шыққан. Немере деген балдан тәтті ғой, түтіні бөлек болса да бала тәриесі жөнінен ақыл айту маған міндет.  

Сауалнаманы жүргізген: Мария Сәулебекқызы


Түркістан облыстық әкімдігінде кадрлық тағайындау болды
Жамбыл облысында базарларда «бардак»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу