Әкімге кеңесші керек пе?

Oinet.kz 24-06-2010 953

0_165cd0_208437b6_XL.jpg

  Соңғы жылдары әкімдердің кеңесшісі көбеюі кеңінен етек алып кетті. Бұрын облыс әкімі бірді-екілі кеңесші ұстайтынын естуші едік, бүгінде жоғары жақтағы басшысынан қалыспай аудан, қала әкімдері де кеңесшілік штатты оңды-солды аша салатын ауруға шалдықты. Сол қаптаған кеңесшілер әкімге кеңес айтып қарық қылса, солардың кеңесі арқасында аудан, қаланың, облыстың тасы өрге домалап жатса тамаша емес пе? Өзіңіз ойланып көріңізші: әкімге  ақыл айту, кеңесіңе көндіру дегенің керемет қой, ә. Әй, бірақ қазіргі әкімдер өзгенің кеңесін керек етпейтіндей өздері тым данышпан, шеттерінен тым дара туған жандар ма, «кеңесшімінің көмегі тиді» деген ешбір басшыны көрмедік. Болмаса «әкімге мынадай кеңес айттым» деп ағынан жарылған кеңесшіні кездестірмеппіз. Әлде әкім «мынадай тірлікті жүзеге асыруға идея берген кеңесшімнің кеңесі еді» деуге арлана ма? Бәлкім кеңесшілер «әкімге осындай бағыт –бағдар бердім» деуге батылдары бармайтын болар. Бұл жағын біле алмадық. Білетініміз сол,  кеңесшілік қызмет  биліктің бір бұтағынан екінші бұтағына қонатындарға, ат ауыстыратындарға өте-мөте қолайлы уақытша аялдай тұратын аэродромға айналдырғалы қаш-а-ан. Шенеуніктің шекпенін кию шешесінен туғанда шекесіне жазылып қойып, әкесінен мұраға қалғандай мансапқа ұмтылғандар   үшін кеңесшінің қызметінен артық дүние жоқ. Көпшіліктің көзіне түспейді, ешкімге есеп бермейді. Өз алдына бөлек жұмыс бөлмесі, астында қызметтік көлігі, тәп-тәуір айлығы бар. Қысқасы, өзіне лайықты лауазымның сәті туып,  «жақсы вариант» шыққанша осындай жамбасына жайлы орында ойнап-күліп отыруға  жағдай барынша жасалған. Іркес-тіркес бірі келіп, бірі кетіп  жататын кеңесшілік қызметтегілер жиі жаңарып жататындықтан олардың ауыс-түйісі жаңалық болудан қалған. Алайда әдейі әңгіме қозғайтындай кеңесшілікке қатысты бір ақпарат алып анық-қанығын білу үшін өзімен тілдестік. Әдеттегідей ол билікке келу үшін уақытшы аэродром етіп  кеңесшілікке келмеген болып шықты. Сонымен кеңесшілікке бизнестен келіп,  көп ұзамай қайтадан сол бизнеске кеткен Исағали Мақұлбеков. Осы қызметке тағайындау кезінде Исекеңнің білімділігі мен тәжірибелілігінің әбден мақталып, жан-жақты жарнамаланғанын құлағымыз шалған болатын. 

- Қазір немен шұғылданып жүрсіз?-Алғашқы сауалымыз   осы болды.  

- Бизнестемін ғой. 

- Кеңесшілік қызметті қанша уақыт атқардыңыз?

- Екі ай жұмыс істедім.  

- Облыс әкімінің кеңесшісі ретінде қандай жұмыс атқара алдыңыз? Әкімге не кеңес бердіңіз?

- Оның не керегі бар?

- Құпия емес шығар.

- Қызметтік функцияларыма сәйкес қызметімді  атқардым. Облыс әкімінің шешімдерін, өкімдерін толық жеткізе білу. Осы тұрғыда тиісті шаралар қолға алынып жатыр ма, соны қадағалау. Мәселен, Абай саябағында ескерткіш орнатылды, соғыс ардагерлеріне, марқұм болған   жауынгерлердің құрметіне ескерткіш салынды. Осы секілді тапсырмалардың орындалу-орындалмауын уақытында облыс әкіміне жеткізе білу. Сондай жұмыстар ғой. 

- Дегенмен, қысқа мерзім ішінде бизнеске кетуіңізге не себеп болды?

-..?

Онымен арадағы әңгіме осы тұстан үзілді. Ары қарай сауалдарымызға жауап қатқысы келмеді. «Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?» деген халық даналығы еріксіз ойымызға оралды. Кім білсін...Исағали Мақұлбековтің сөзінен  кейін ой түюге мәжбүр болдық: «кеңесші» деген қызметті «орындаушы, атқарушы» деп өзгерткен жөн сыңайлы. Әкімге қандай кеңес бергенін айта алмайтын  кеңесшілер бізге керек пе? 

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Шөкеев жаңа орынбасарын тағайындады
ОҚО-да кенеден келетін кесел тоқтамай тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу