Жұмағали Исмайлов жұртты әлі шулатуда

Oinet.kz 16-02-2012 941

Screenshot_6.png

Оңтүстіктегі ана мен бала өлімі мәселесіне Мәжіліс депутаттары да араласа бастады

Қай уақытта да өзінің жеткен жетістігін қайталаудан жалықпайтын, ал кемшілікке көз жұма қарайтын Жұмағали Исмаилов жетекшілік ететін облыстық денсаулық сақтау саласындағы «төтенше жағдайға»  Мәжіліс депутаттары да алаңдай бастады. Апта басында Мәжілісте 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтау мемлекеттік бағдарламасының бір жыл ішіндегі жүзеге асуы барысы талқыға салынған Үкімет сағаты өтіп,  онда Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған ана мен бала өліміне қатысты қайғылы жағдайлардың себебі сұралды.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы ана мен бала өлімінің көбеюіне алаңдаушылық білдіріп, себебін сұраған депутат Розақұл Халмұрадовқа хабарласқан едік:

-- Министрлік берген материалдарда ана мен бала өлімі көп облыстардың тізімі көрсетілген. Оның екеуінде де Оңтүстік Қазақстан облысы бар. Мен соны сұрадым. Неге Оңтүстік Қазақстанда облысында ана мен бала өлімі көп? Себебі неде? Ана мен бала өлімін азайту жөніндегі республикалық штабтың селекторлық отырысында оңтүстіктегі ана өліміне әйелдердің өзі кінәлі деген сөз айтылған. Бұл жөнінде «Жас алаш» газеті жазды да. Неге әйелдердің өзі кінәлі болады? Әйел жүкті болған күннен босанғанға дейінгі аралықта учаскелік дәрігердің, перзентхана, перинаталдық орталықтардағы мамандардың бақылауында болмай ма? Әйелдің денсаулығы нашар болса немесе іштегі нәресте дұрыс дамымай жатса неге дәрігерлер осыған уақтысында көңіл бөлмейді? Ана қайтыс болған соң марқұмға кінәні артып қоя салғанның себебін түсіндіріңіз деген сұрақты қойдым министрге.

-- Жауапқа қанағаттандыңыз ба?

-- Жауап берді ғой. Дұрыс дәрігерлердің бақылауында болуы керек. Дәрігер де қарамай қалған шығар, аналар да өзінің денсаулығына қарауы керек деген сияқты жалпылама жауап. Ал менің білейін дегенім нақты себептері еді. Дәрігерлер кінәлі болса жауап беруі тиіс. Болмаса нақты іс-шаралар белгілеу керек.

Депутат нақты жауап ала алмады. Ал Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған депутат Дариға Назарбаева сала қызметіне қатысты бірқатар сын айтты. Мысалы, депутаттың мәлімдеуінше, қазіргі таңда, әсіресе емханалық және аудандық ауруханалар деңгейіндегі медициналық қызмет сапасының деңгейі өте төмен. Бұл медперсоналды даярлаудың базалық деңгейінің тым төмендігімен байланысты. Олар диагностиканың, емдеудің, жаңа технологиялардың халықаралық стандарттары туралы заманауи білімге ие емес, ауруларды қарау принциптері мен медициналық этикасы да төмен.  «Қараңыздаршы, күрделі операция жасауға көмек сұрағандар қаншама! Олардың барлығының жанайқайы бір - шет елде емделу үшін қаржы табу. Жеке мен үшін, жалпы көзі ашық адамзат баласы үшін, бұл отандық  денсаулық сақтау саласының жағдайы мен сапасының көрсеткіші. Сондай-ақ, мұнда сенім мәселесі жатыр», деді Д.Назарбаева. Сондай-ақ, депутаттың сөзіне қарағанда бүгінгі күні миллиардтарды жұмсап, алдыңғы қатарлы қондырғылар сатып алынғанымен, мамандар сәйкесінше базалық даярлықтан өтпесе, «ақша желге ұшқанмен тең» болады. «Еліміздің денсаулық сақтау саласы заманауи технологиялармен жақсы жабдықталып келеді. Өкінішке қарай, әсіресе ауылдық өңірлердегі дәрігерлер жаңа құрылғылармен жұмыс істей алмайды», - деді Д. Назарбаева.

Айтпақшы, депутаттар сұрағына жауап берген министр медициналық мекемелерде санитарлық нормалар талап етпейтін басқа жағдайда бахила киюді міндеттеуге тыйым салынғанын мәлім етті. «Ауруханаларда санитарлық-эпидемиологиялық тәртіпті реттейтін ережелер мен нормалар бар, оларды республиканың бас санитар дәрігері бекітеді, бахила онда қаралмаған. Біз бахиланы қан алынып жатқан жерде қарастырамыз және жан сақтау бөлімдерінде тазалық сақталуы тиіс. Қалған басқа жағдайларда – ол жергілікті жердегі бірінші басшылардың өздігінен жасаған әрекеттері. Мен облыстық денсаулық сақтау басқармаларына тиісті тапсырмалар бердім», - деді министр.

    

Дариға Назарбаева, Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы:

-- Медицина қызметкерлерінің  науқастарға  дөрекілік көрсетуі жиі орын алады. Әлбетте, дәрігерлердің көпшілігі Гиппократ антына адал қызмет атқарады, бірақ, сонымен қатар дәрігердің атына кір келтіріп отырғандар да жоқ емес. Олармен қатаң түрде күресу керек.

Тағы бір мәселе – Денсаулық сақтау министрлігінде қымбат медициналық құрал-жабдықтарды сатып алудың ашық әрі тиімді механизмі әзірленбеген. Аймақтарда делдалдар   арқылы өте жоғары бағамен сапасыз әрі толық жасақталмаған құрал-жабдықтарды сатып алу фактілерінің кездесетіні көпшілікке таныс.

Сыбайлас жемқорлық мәселесімен күресте құрғақ уәде берумен  шектелмей, тікелей жемқорлықтың белең алуына негіз болып отырған жәйттарды жою үшін нақтылы жүйелі әрекеттерді қолға алу керек. Анықталған жайттар бойынша ең қатал шаралар қабылдау қажет. Мұның барлығы жұмсалған инвестициялардың тиімсіздігін және бюджет қаржысын дұрыс жоспарланбайтынын айғақтайды. 

P.S. Оңтүстіктегі ана өлімінің жиілеуі денсаулық сақтау саласындағы  жараның аузын тырналағандай болды. Облыста теңге сауудың көзі—тендер төңірегіндегі тағы бір дау көтерілді.  Бұл дау-дамайдың ақыры медицинадағы сыбайлас жемқорлықтың шарықтау шегіне жеткенін, басшылардың белден басып, бюджет қаржысын талан-таражға салғанын әшкерлеуі әбден мүмкін. Оған алдағы нөмірлерімізде тоқталатын боламыз.        

 

Еркін ДОСЫМБАЙ.

«Рейтинг» газетінің Астанадағы арнайы тілшісі.

 



Ж.Исмаиловтың орынбасары Шайхыбекова шайқап ішіп-жеп жүр ме?
Кентаудың әкімі халқын ұлардай шулатты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу