Қызылорда облысының экс-әкімі Ысқақов не бүлдірді?
Естеріңізде болса, жемқорлық қылмыс үшін істі болғандар үшін бірінші басшылары да жауап береді деген заң күшіне еніп еді. Бірақ ол талап әкімдерге қолданылмайды екен.
Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақов үйқамаққа алынды. Бұл туралы облыстық сот мәлім етіп отыр. "Алаяқтық" бабы бойынша істі болса керек. Біреулер оны Арысты қалпына келтіру үшін қарастырылған қаржыны қолды қылды деп те айтып жатыр. Қайсы жалған, қайсы шын?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Өткен жұмада Қызылорда облысын басқарып отырған Қуанышбек Ысқақовтың қолына кісен салынғаны туралы дерек шыға бастады. Бірақ ресми түрде ешкім растауға батпай жүріп еді. 28-і күні, яғни сенбіде өңірге жаңа басшы тағайындалғаны белгілі болды. Осылайша, Гүлшара Әбдіхалықова тәуелсіздік алғалы бері облысты басқарған бірінші әйел болды. Араға күн салып, облыстық сот Қуанышбек Ысқақовтың үйқамаққа алынғаны туралы мәлім етті.
Талант Тілеп, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы:
"Қылмысты қозғау органымен, яғни тергеу сотына түсті өтініш хат. Үйқамақ бұлтартпау шарасын қолдану жөнінде. Біз өтініш хатты негізді деп танып, екі ай мерзімге үйқамақ бұлтартпау шарасын қолдандық".
Желіде жүрген бір дерек. Әкім жазда снарядтардан ойраны шыққан "Арыс қаласын қалпына келтіруге арналған ақшаға қол салды" делінген. Өзімен бірге орынбасары мен бірнеше кәсіпкер күдікке ілінген екен. Ондағы жазбаға сенсек, 80 млн теңге құрылыс компанияларына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған. Бірақ сот органдары ол ақпаратты растамады. Жоққа да шығарған жоқ.
Талант Тілеп, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы:
"Оның растығын біз айта алмаймыз, өйткені тергеу құпиялығына байланысты кімнің кінәлі, кінәлі еместігі әлі анықталған жоқ. Сондықтан да бұл сұрақтарды қадағалаушы орган прокуратура органдарынан сұрауға құқылысыз".
Айта кетсек, Қуанышбек Ысқақов облыс деңгейіндегі істі болып жатқан тұлғалардың біріншісі емес. Өкілеттігін асыра пайдаланған деп Кереку өңірінің басшысы Болат Бақауов та айыпталған болатын. Әзірге оған қатысты не шешілгені беймәлім. Естеріңізде болса, жемқорлық қылмыс үшін істі болғандар үшін бірінші басшылары да жауап береді деген заң күшіне еніп еді. Бірақ ол талап әкімдерге қолданылмайды екен.
Ерлан Сапаров, ҚР МҚІА Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры:
"Мемлекеттік органдардың басшылары болуы керек. Өздерінің қарамағындағы тікелей бағыныстағы қызметшілердің әрекетіне байланысты болуы керек дедік. Әкім, облыстың әкімі бұл премьер-министрдің тікелей бағынысындағы мемлекеттік органда отырған тұлға емес"
Думан Әбілев, ҚР МҚІА Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры:
"Заңда қарастырылмаған. Жаңағы мемлекеттік органның бірінші басшылары мен оның орынбасарлары. Солар ғана келтірілген. Қалған мәселелер, сіз айтып отырған, әкім облысы кетіп жатса, кім беру керек деп, ол мәселе қарастырылмаған".
Ресми дерек бойынша Қызылорданың бұрынғы әкімі мамырға дейін үйқамақта болады. Оның мерзімінің ұзару, ұзармауын сот шешеді. Онысы тергеушілердің жылдамдығына байланысты.