Иран АҚШ-қа қарсы шабуыл бастады
Иран АҚШ-тың Ирактағы "Айн-аль-Асад" әскери базасына шабуыл жасады. Алдын ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда, шабуылды ислам революциясын қорғаушылар корпусы жасаған.
Әуе базасы ондаған зымырандармен атқыланған. Иранның ақпарат агенттері «әскери базаға жіберілген зымырандардың саны 35-тен астам» деген мәлімет таратып отыр. Ал АҚШ-тың қорғаныс министрінің көмекшісі Джонатан Хоффман америкалық базаны Иран баллистикалық зымырандармен атқылағанын мәлім етті.
АҚШ өзінің әскери базасын, өңірдегі одақтастарын қорғау үшін қажетті шаралардың бәрін жасайтын болады. Әзірге шабуыл кезінде өлгендер мен жараланғандар туралы мәлімет жоқ.
-АҚШ президенті Дональд Трамп жағдайды бақылап отыр, -деп хабарлады президентітң баспасөз хатшысы Стефани Гришэм.
АҚШ-тың әскери базасына шабуыл жасауы жуырда арнайы операция кезінде өлтірілген ирандық генерал Касем Сүлейманидің өлімі үшін кек қайтару болып есептеледі. Осы оқиғадан кейін Иранның Жоғарғы қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Али Шахмани АҚШ-тан кек қайтарудың 13 түрлі сценарийі бар екенін мәлім етті. Ал Дональд Трамп шабуыл жасаған жағдайда Иранның 52 нысанына соққы беруге уәде еткен еді.