Түрікменстанның «алтын ғасыры» қарайып барады...
Кезінде жарты әлемге билігін жүргізуге қауқарлы болған Кеңес Одағының тікелей мұрагері Ресей бүгінде баяғы құзыретті аңсап, төңірегіндегілерге «қотыр қожайындық» жасауға құмбыл тұратынын қайтерсің? Өз араларында қайдам, біз олар ағайынды дейтін Украинаға жасаған қысастығы аздай, тілі де, ділі де мүлдем басқа Орта Азияны «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстағысы келетіні әрбір іс-әрекетінен, пиғылынан аңғарылып қала береді.
Өткен аптада Ашхабадта өткен «Түрікменстан мұнайы мен газы - 2017» атты халықаралық конференцияда «Түрікменгаз» компаниясының басшысы міндетін уақытша атқарушы Мырат Арчаев:
– Солтүстік бағытта Түркіменстан талайдан бері табиғи газды Ресейге және өзге де ТМД елдеріне экспорттаған магистарлды газ дәлізі әлі де жұмыс істеп тұр. Егер сатып алушы мен сатушы арасында қос тарапқа да тиімді келісім-шартқа қол жеткізіліп жатса, біз ТМД елдеріне және Шығыс Еуропа мемлекеттеріне газ жөнелтуге дайынбыз, - деп хабарлады. Олар газды Ресейдің «Орталық Азия-Орталық» газ дәлізі арқылы жіберуге құлшынып-ақ отыр. Әрине, түрікмендер жер қойнауына сыймай, бекерге жанып жатқан газдарын тез-тез сатып, көк қағазға батып, бір жырғап қалғысы келеді. Мұны аста-төк тауары бар әрбір мемлекет армандайды емес пе? Әйтсе де нарықта бәсекелес деген ұғым бар. Ол бизнестегі қарсыласына бар мүмкіндікті сыйлап, саусақ ұшын түртпей қарап отыра ма? Әрине, жоқ. Әсіресе, шамасы жетсін, жетпесін, әрқашан барлық жерде бірінші болуға ұмтылатын Ресей Түрікменстанды қолтығынан демей қояды дегенге сену қиын.
– Түрікменстан өз газын сату үшін қолда бар мүмкіндікті пайдаланбақшы. Бұл жерде газын Ресей арқылы сату мүлдем қисынға келмейді. «Газпром» өз бәсекелесіне тасымалдаушы болуға келіспейді, - дейді Ұлттық энергетика қорының белді сарапшысы Игорь Юшков. Оның айтуынша, «Газпром» түрлі факторларға байланысты өз күшіне әлі толықтай міне алмай отыр. Және олар өткен жылғы түрікмендермен газ тасымалдау жөніндегі келісім-шартты жоюға құлшынып отыр. Кезінде арқа-жарқа болып келісім-шарт түзіскен қос газ державасының достығына бүгінде сызат түскен. Бәрі сол жеке бас мүддесі үшін. Қос мемлекет нарықта бір-біріне тиімсіз болып қалды. «Саясатта мәңгілік достық жоқ, мәңгілік мүдде ғана бар» дегенге осындайда көз жетеді екен.
Тарқатып айтсақ, бұл келісім-шарт бойынша 2009 жылдан бері жұмыстар атқарыла бастады. Орыстар түрікмендерден жыл сайын 30 млрд. текшеметр газ сатып алуды жоспарлады. Және ең бастысы әрбір мың текшеметр газды 300 доллардан алмақ болды. Әрине, бұл сонда қос мемлекетке де тиімді болды. Орыстар арзан газға қол жеткізетініне қуанса, әлемдік нарыққа шыға алмай отырған түрікмендер орасан зор көлемдегі көгілдір отынының өтетіне бөріктерін аспанға атып шаттанды десе болады. Дегенмен, әлемдік нарықта газ бағасы құлдырағасын, Түрікменстан келісім-шартты қайта қараудан бас тартты. Содан соң «Газпром» газ бағасын өз бетінше түсіріп, Стокгольм арбитражды сотына арыз жолдады. Нәтижесінде 2016 жылы 1 қаңтардан бастап газ сатып алуды тоқтатты. Бұған жауап ретінде Ашхабад «Газпромды» қарызды төлеуге қабілетсіз деп танитындарын айтты. Бұл масқаралау еді.
Түрікмен үкіметінің қайтпастығының салдарынан биыл Иранға да газ жөнелту тоқтатылды. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, мұндағы дау – тағы да сол газ бағасы. 2007-2008 жылдары Иран елінің солтүстігінде бет қаратпас аяз жүрді. Осыны ұтымды пайдалануды ойлаған Түрікменстан шектен шықты. Баға 9 есе өсіп, мың текшеметр газға 40 доллардан 360 долларға дейін төлеу керек болды. Нәтижесінде, Ашхабад Тегераннан қосымша 1,8 млрд. доллар сұрап отыр. Бұны төлей алмаған Иранға газ жөнелтуді күрт сиретті. Әрине, бұл жерде Ашхабад билігін де түсінуге болады. Шикізатқа қарап отырған оларға да ел қоржынына қаражат түсіру керек. Сол себепті де, олар газын ойдағы бағаға өткізіп, пайда тапсақ дейді. Ал, оны арзан алғысы келетіндер түрікмендерді түсінгісі келмейді. Бұл жерде нақты бір шешім айту қиын. Әйтсе де, мұнайға қарап отырған біздің бүйрегіміз түрікмен ағайындарға бұрып кете береді.
Қос клиентінен айрылып, мұнай-газ бағасының күрт төмендеуінен Түрікменстан қаржылық қиындықты бастан кешіп отыр. Салдарынан биыл Ашхабад су тарифы бағасын 25 есеге дейін көтеріп жіберген көрінеді. Қазір жалғыз ірі клиенті – Қытай. Бірақ, мұнай-газдан түскен табыс Қытайдан алған берешекті жабуға кетіп жатыр екен. Игорь Юшковтың айтуынша, енді түрікмендерге тығырақтан шығу үшін жаңа клиент табу керек. Жаңа клиент – Еуропа болып отыр. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай Еуропаға шығу үшін Ресеймен ымыраға келген жөн. Ал, Қытай түрікмендерге көгілдір отынды тасымалдау үшін Әзірбайжан, Пәкістан мен Үндістанға газ дәлізін салып беруге әзір екендерін айтуда. Бірақ, мұнда Қытай бекерден-бекерге көмектеспейтіні белгілі. Газ дәлізін салуға дүниенің қаржысы кететіні аян. Бәлкім, осы арқылы Қытай Түрікменстанды «шынжырда байлап» ұстамақ па? Дәл қазір Түрікменстан қалың ойда отыр. «Оның бізге қатысы жоқ» деп Қазақстанға да қол қусырып отыруға болмас. Ертелі-кеш таяқ ұшы бізге де келіп тиетіні анық. Тимеу үшін не істеу керек? Бұғып қалған жөн бе? Әлде басқа нұсқалар бар ма?
Түрікменстандағы «алтын ғасыр» қарайып бара жатқандай. Оған қарап Қазақстан алаңдаулы...