Оңтүстіктің оныншы әкімі Түймебаев бюджетті масылдықтан арылта ала ма?

Oinet.kz 21-07-2017 904

Screenshot_1.jpg

Экономикада «голланд ауруы» деген ұғым бар. Онысы - мұнайдан түсетін оңай олжаға дәнігіп алған елдің экономикасындағы өзге салалар дамымай, тұралап қалатынымен ерекшеленеді. Рас, кең байтақ еліміздің жер қойнауында ғаламат байлықтар жасырылған. Бірақ, солай екен деп, тек шикізатқа  өндірумен шектелмеуіміз керек қой. Елбасының Үкіметке, әкімдерге тірлігін қамшылатып, Үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламаны қабылдатуы,  облыстарда еркін экономикалық  аймақтарды құруды тапсыруы да осы импорттық «аурудың» алдын алуға бағытталған қадамдар.  

Оңтүстік Қазақстан облысында  жергілікті атқарушы биліктегілердің де өзіндік бір ауруы бар. Оны «бюджеттік трансферттер дерті» десек те жарасады. Симптомдары әлгі «голланд» ауруына өте ұқсас. Әдетте Оңтүстік өңірі  дегенде ел-жұрт бірден оның халқының пысықтығын, тірлікке, кәсіпкерлікке икемділігін айтып, таңдайын қағып жатады. Онысы рас енді.  Шынында да  кәсіпкерлік субъектілерінің саны жөнінен Оңтүстік бүгінде кез-келген облыстың алдын орап кетеді. Оның үстіне, Шымкент еліміздің үшінші мегаполисі мәртебесін біржолата  еншілеп алды. Тіпті, болашақта халқының саны 1 миллионнан асатын Шымкент қаласы—облыс орталығы  елдегі екінші ең ірі агломерациялық орталыққа айналады деген болжам бар. Оңтүстіктің бұдан да басқа «көзірлері» жетіп артылады. Мәселен, елдегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі Шымкентте  орналасқан. Қазақстан әлемдік уран өндірісінің көшбасшысы болып есептелсе,  уранның негізгі қоры Созақ ауданында шоғырланған. Бұған Сарыағаш пен Манкенттің шипажайларын, Түркістан қаласының туристік әлеуетін, Сайрам, Ордабасы аудандары, Кентау қаласындағы көптеген кәсіпорындарды қосыңыз.  Әкімдердің есеп берулерінен «дағдарысқа қарамастан бизнестi өркендетiп жатырмыз», «инвестиция тарту жағынан көш бастап тұрмыз» деген ұрандарды жиі естиміз. 

Сөйте тұра, ұят болса да айтайық, Оңтүстік – еліміздегі ең масыл өңір екен. Тіршілігі қыз-қыз қайнаған, халқының саны мол облыстың осындай «атаққа» қалай ғана тап болғанына біздің де таңымыз бар. Алайда, ресми көрсеткіштер осыны растап отыр. Бүгінгі таңда облыстық бюджеттің тек бестен бір бөлігі жергілікті түсімдерден құралып отыр. Аудандық бюджеттердің жағдайы бұдан да нашар. Облысқа, Астанаға қарай аузын ашып, алақан жайып отырған атқамінерлердің есіл-дерті - орталықтан қаржы бөлдіру де оны 100 пайыз игеру. Өкінішке қарай,  бүгінгі таңда әкімнің жұмысын қаржы игерумен бағалау басты көрсеткішке айналды. Есесіне,   жергілікті түсімдердің үлесін арттыру, өңірдің экономикасын дамытып, республикалық бюджетке деген тәуелділікті жоюға деген ұмтылыс аудан, қала басшыларынан әзірше айқалмайды. 

Республикалық бюджеттен бір ғана Оңтүстікке аударылатын трансферттер көлемі өзге 4-5 облысқа бөлінетін қаржыға тең келеді.   Рас, Оңтүстіктің халқы 3 миллионға жуықтайтындықтан әлеуметтік шығындардың көлемі де көп. Дей тұрғанмен,   республикалық бюджетке мұншалықты тәуелді болудың жөні бар ма? Есептеп көрейік. 2016 жылғы облыстық бюджеттің жалпы көлемі 549 миллиард 253,7 миллион теңгені құраса, соның 447,8 миллиард теңгесі республикадан келген трансферттік түсімдер екен. Бұл 81 пайыздан асады. Сонда өңірдің өз күшімен тапқан қаржысы, атап айтқанда салық, салықтан тыс және негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бар болғаны 19 пайызбен шектеліп отыр. 2012-2013 жылдарда облыстық бюджеттегі трансферттердің үлесі тіпті 83 пайызға жеткен болатын. Былтыр Оңтүстікке берілген трансферттер Қарағанды облысына республикалық бюджеттен бөлінген қаржыдан үш есе, Батыс Қазақстан облысына аударылған ақшадан төрт есе артық болған.  

Бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен ақпан айындағы кездесуінде қозғалды.  

- Халқы ең көп облыс бола тұра, ең көп дотацияны алатын - Оңтүстік Қазақстан. Ондай екінші облыс жоқ. 80 пайыз дотация аласыңдар. Салық жинауларың бұрынғыдан төмен. Жұмыссыздық мәселесі - Оңтүстікте ең басты мәселелер қатарында. Оңтүстік Қазақстан облысында шағын және орта бизнес төмендеп жатыр немесе бір орында тұр. Осы жағын қараңдар, - деп шегелеп тапсырған болатын Мемлекет басшысы.  Дәл осындай ескертуді мемлекет басшысы сәуірдің аяғында Оңтүсткке келген сапарында тағы қайталады.  

Жалпы, облыс әкімі қызметіне тағайындалған кезден-ақ Жансейіт Түймебаев жергілікті бюджеттердің шектен тыс дотациялық екеніне айрықша назар аударғанын атап өткен жөн. Өңірге жасаған әр сапарында осы мәселені қозғап отырды. Айталық, былтыр қараша айында Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында осыған баса назар аударып: 

– Түркістан қаласы – дотациялық өңір. Себебі, қала бюджетінің тек 7,8 пайызы немесе 2,1 млрд теңгесі – өзіндік кірістер, ал қалған 24,7 млрд теңгесі облыстан және республикадан берілетін субвенция мен трансферттерден тұрады. Алайда мұнда 10 айға қаралған бюджет қаражатының 249,3 млн теңгесі игеріл¬мепті. Бұл жергілікті бюджеттік бағ¬дарлама әкімшілерінің жұмысына немқұрайдылығының салдары, – деген болатын Жансейіт Қансейітұлы. Сонда жылына бір миллионнан астам турист келетін, өндірісі айтарлықтай дамыған Түркістан қаласы өз қажеттілігінің тек 8 пайызын өтейтінін қалай түсінсек екен? Әлде миллион туристен Түркістанға түк те қалмай отыр ма? Осында жұмыс істеп жатқан зауыт-фабрикаларды былай қойғанда, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өзі ірі кәсіпорынға татитындай мекеме емес пе?  14 мыңнан астам студент тәлім алатын бұл оқу орнында 900-ға жуық оқытушы-профессор жұмыс істейді. Олардың жалақысынан төленетін салықтың өзі қомақты қаражат түсіруі тиіс. 

Масылдыққа қатысты сынды Түймебаевтан Арыс қаласының басшысы да естіді. Осы өңірге жұмыс сапары барысында облыс әкімі  жергілікті бюджеттің траснферттерге  тәуелділік мәселесін және бір қозғап өтті.    

- Арыс қаласы әлі де дотацияның арқасында күн көріп отыр. Қалалық бюджеттің 33  пайызы жергілікті кірістен құралады, қалған 7 миллиард теңге облыстан және республикадан беріледі. 33 пайыз дегеніміз шамамен 4 миллиард теңге. Бұл қаржының  жартысына жуығын осында өз фирмасын тіркеген ірі бизнесмен төлеп отыр. Сонда 2,5 миллиард теңгені сіздерге жалғыз ғана фирма төлейді де,  қалғандарының барлығы жабылып тек 1,5 миллиард теңгені бере ме? Бұл көрсеткіш емес, - деп мәлімдеген еді облыс басшысы.   

Бұл тек Түркістан мен Арысқа емес, Оңтүстіктегі кез-келген ауданға қатысты айтылатын сын. «Тоғыз ұлым бір төбе, Ер төстігім бір төбе» дегендей, өз қажеттіліктерінің жартысына жуығын өтеп отырған Шымкент қаласы мен Созақ ауданы ғана. Облыс орталығы бюджетінің  49 пайызын өзіндік кірістер  құрайды. Ал Созақта бұл көрсеткіш тіпті 71 пайыздан асады. Әрине, Шымкент – ірі өндірістік орталық, ал Созақ – уран өндірудің әлемдік деңгейдегі көшбасшы екенін ескеру қажет. Әйткенмен, солай екен деп өзге аудандардың масылдық шырмауынан шыға алмай, республика мен облысқа алақан жайып отырғанына ақталатын жөні жоқ сияқты. Себебін айтайық. 

Жергілікті кірістердің дені салық түсімдерінен құралады. Оның ішінде мүлік салығы мен кәсіпкерлік нысандарының қызметінен төленетін қаражаттың үлесі мол. Бұл тұрғыда Оңтүстікте бірнеше жыл бұрын индустриалдық аймақтарды құру науқанының жүзеге асып жатқанын, республика көлемінде шағын және орта бизнеске бөлінетін несиелердің қомақты бөлігін нақ осы оңтүстіктегі кәсіпкерлердің алатыны белгілі. Әйткенмен, соның қайтарымы әзірше байқалмай тұр. 

Аудан,қала  басшысының негізгі міндеті не? Бір қарағанда оп-оңай сұрақ. Алайда, бұған әкімдердің өздері  дұрыс жауап бере алатынына күмәніміз бар.  Үкімет бөлдірген ақшаға мектеп пен аурухана салғызып, демеушінің күшімен тұрғызылған мешіттің  лентасын қиғанына, бюджеттік мекемелердің ашылу салтанатында төбе көрсетіп, сөз сөйлегеніне мәз шенеуніктер аз емес.  Турасын айтқанда, папкі ұстаған атқамінерлер бюджеттен бөлінген дайын ақшаны жаратуда  ғана шеберлік танытып келеді. Ал “мемлекетке  масыл болдық, осымыз ұят екен-ау. Ауданның бюджетін  қалай көбейтсем, қосымша қаражат тауып, жаңа жұмыс орындарын қалай ашсам» деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей ізденген әкім жоқтың қасы. Бар болса да, некен саяқ. Әкімдерді  түсінуге де  болады. Жаңа  кәсіпорындар ашу, жұмыс орындарын көбейту оңай шаруа емес. Әсіресе, ауылда. Инвестор өздігінен келіп, ақшасын бере салмайды. Ол үшін аянбай тер төгіп, батыл қадамға бару қажет. Жаңа жобаларды әзірлеп, инвестициялық климатты жақсартуға барын салу керек. Бұған қарағанда бюджеттің  дайын ақшасын жұмсап, тыныш қана ұпай жиған әлдеқайда оңай әрі тиімді.  Оңтүстікте бюджетінің 80-90 пайызына дейін трансферт пен субвенция арқылы толтырып, мемлекеттің  мойнына масылдықпен мініп алған  аудандардың азаймай тұруының себебі осы болса керек.  

Жұмыс орындарына қатысты бір парадоксты атап өту керек.  Кез-келген аудан басшысының есебіне құлақ түрсеңіз, жаңа жұмыс орындарымен халықты қарық қылып жатқанына еріксіз таңқаласың. Мәселен, Ордабасы аудандық әкімдігі берген мәліметке сенсек, 2015 жылы 1348 адамға, былтыр 1802 адамға тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдем беріліпті. Бәйдібек ауданында соңғы екі жыл қорытындысы бойынша 2883 адамға тұрақты жұмыс табылыпты.  Бүйтіп кете берсе, Оңтүстікте жұмыссыз деген атымен жойылуы керек қой. Алайда, халықты жаппай жұмыспен қамтудың әсері тіптен байқалмайды.  Оның үстіне, жұмыспен қамтылғандар санының күрт көбеюі бірінші кезекте салық түсімдеріне оң әсер етуі тиіс. Алайда, салықтың жиналу көрсеткіштері мәз емес. Соған қарағанда, шенеуніктердің әдепкі рапорт берумен ғана шектеліп отырған секілді.  

Көп жағдайда әкімдердің өзі басшылық ететін аумақта кәсіпкерлікті дамытуға деген ұмтылысы байқала бермейді. Тіпті кейбіреулерінің ойына бұл мүлдем кіріп те шықпайтын сияқты, тек амалсыздан  жұмыс істегенсіп, көзбояушылықпен шектеледі. Үш жылдан бері Бәйдібек, Сарыағаш пен Отырар аудандарында мемлекеттік бағдарламалар аясында бірде-бір жаңа кәсіпорын ашылмапты. Үш аудан тұрғындарының жалпы саны жарты миллионға жуықтайтынын ескерсек, кәсіпкерлікті дамытуға деген мұндай «ынтадан» не үміт, не қайыр дерсіз? Бұған былтыр Арыс қаласында, Түлкібас, Төлеби, Созақ, Мақтарал аудандарында ешқандай жаңа жобаның жүзеге асырылмағанын қосыңыз.  Ал әкімдіктердің биылғы жоспарларын зерделеп, 2017 жылы 10 ауданда кәсіпорын ашу көзделмегенін анықтадық. Сонда Оңтүстікте кәсіпкерлік саласы тек Шымкентте дамуы тиіс пе?

Осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстікте индустриалдық аймақтар құру науқаны басталды. «Науқан» деп бекер айтып отырғанымыз жоқ.  Жоғарыдан түскен тапсырма болған соң, аудан басшылары индустиралдық аймаққа арнайы жер бөліп, жаңа жобалар бойынша шұғыл жоспар әзірлеуге мәжбүр болды. Осы науқан аясында қағазда бар, өмірде жоқ талай жобаны көрдік. Бірқатар индустриалдық аймақта әлі күнге дейін мал жайылып жүр. Жаңа кәсіпорын атымен жоқ. Кейбір аудандар қулыққа барудан да тайынбады. «Кірпіш шығаратын зауыт» деген атағы дардай «жоба» іс жүзінде күйдірілмеген қам кірпіш жасайтын орын болып шықты. Мұндай «кірпішті» кез-келген ауылдан-ақ табасыз. Иленген балшық салатын қалыптан басқа  түгі жоқ жерді  жаңа жоба деп атаудың өзі ұят.  Сонда мемлекеттің инфрақұрылымды дамытып, инженерлік жүйелерді тартуға қыруар қаражат жұмсағаны бос тірлік болып қалғаны ма? Қазіргі таңда индустриалдық аймақтар Шымкент қаласын қоспағанда 9 ауданда бар. Олардың дені әзірше жоспармен шектелуде. Әйтеуір, әупіріммен жүріп жатқан жұмыстың болашақта нәтижелі болуын тілейік.  

Негізі, салық түсімдерін молайтудың тәсілдері көп қой. Мамандар қаржылық ресурстардың өз деңгейінде игерілмей жатқанын алға тартады. Бір ғана мысал. «Шымкент – той бизнесінің отаны» деп бекер айтылмаса керек. Тек Шымкенттегі тойханалар саны бүкіл елдегіден асып кететін шығар. Аудандарда да салтанатты жиындарды өткізуге арналған сарайларды ашу сәнге айналды. Қалталы азаматтар қаржысын зауыт, фабрика ашуға емес, тойхана құрылысына жұмсағанды тәуір көреді. Себебі, зауыттың тірлігі жүру-жүрмеуі екіталай, ал тойханадан табыстың түсетініне 100-пайыздық кепілдік бар. Қайбір жылы өткен алқалы жиында осындай нысандардың мәселесі қаралып, кемі 300, орта есеппен 500, ең үлкендері 1000 адамға арналған тойханалардан салық түсіру ісі талқыға түскен болатын. Сонда қонақтарға зыр жүгіріп қызмет ететін даяшыларының өзі 30-шақты адамға жететін зәулім тойханалар көбінесе 20-30 адамды тамақтандыруға арналған, құрамында 1-2 ғана қызметкері бар дәмханалар ретінде тіркелетіні жайлы айтылды. Мақсат - салық төлеуден  жалтару.  Қомақты салық төлеудің орнына тиын-тебен аударып отырған тойханалар ондап, тіпті жүздеп саналып жатса, қазынаның қанша қаржыдан қағылып отырғанын есептей беріңіз. Бұл бір ғана тойханаға қатысты мысал. Бұдан басқа қаржы айналымы, ауқымы ескерілмей жатқан түрлі сауда нүктелері қаншама. 

Өзіндік кіріс мәселесін тереңірек зерттеу оймен өзге облыстарға қарасты аудандарда жиналатын салық түсімдерін сараладық. Мәселен, Ақмола облысындағы Зеренді ауданын алайық. Негізінен ауыл шаруашылығы дамыған өлкеде  бар—жоғы 40 мың адам тұрады. Оңтүстіктегі Ордабасы ауданында 100 мыңға тарта халық бар. Логика бойынша жиналатын салық көлемі де шамамен екі-екі жарым есе артық болуға тиіс. Алайда, Зеренді ауданы былтыр салықтан 2 миллиард 130 миллион теңге түсіріпті. Оның негізгі бөлігін мүлік салығы (910 миллион теңге) мен әлеуметтік салық (914 миллион теңге) құраған екен. Ал   2 миллиард 330 миллион теңге көлемінде бөлінген трансферт аудандық бюджеттің 54 пайызын құраған. Енді Ордабасы ауданын алайық. Салық түсімдері Зерендіге қарағанда екі есе аз – 1 миллиард 96 миллион теңге. Оның ішінде мүлік және әлеуметтік салықтары жалпы алғанда 530 миллион теңгеге әрең жетіп отыр. Зерендідегі 40 мың адамның мал-мүлкі Ордабасыдағы 100 мыңға жуық халықтың мүлкінен екі есе артық дегенге сенесіз бе? Есесіне Ордабасы ауданына жоғарыдан бөлінген трансферттердің көлемі көңіліңді марқайтады – 13 миллиард теңге. Соған қарағанда, шенеуніктер «трансферттің дайын ақшасы барда салық жинап, бас ауыртып қайтеміз» деген ойға ерік беріп алған секілді.  Әйтпесе, Шымкенттің іргесінде орналасқан ірі ауданда өндіріс саласы әжептеуір-ақ дамыған. Оңтүстікте кірпіш шығаратын ең үлкен зауыттар осыда шоғырланған. Бүкіл республикаға танылған зауыт-фабрикалар да жоқ емес. Күркетауық етін өндіретін «Ордабасы Құс» ЖШС-нің өзі неге тұрады?  Былтыр аудан басшылығы «Ордабасыда трактор шығарылатын болды» деп, жер-жаһанға жар салғаны тағы бар. Соңынан трактор шығару көзбояушылық екені әшкереленіп көпшліктің күлкісіне қалды. 

Осындай әлеуметтік-экономикалық әлеуетке ие Ордабасы ауданында өз қажеттіліктерінің 9 пайызын емес, тым құрығанда 19 пайызын  өтеуге толық мүмкіндігі бар деп ойлаймыз.  Біздіңше, бұған кедергі келтіріп тұрған жалғыз-ақ себеп – масылдық психология. Содан арылмайынша, бюджеттің мойнына түсетін күн алыстай бермек. 

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев  Ордабасы ауданының да дотациялық өңір екенін, бюджеттің 91 пайызы трансферт пен субвенциялардан құралатынын жергілікті әкімнің есіне салды. Қаңтар айында аудан басшысының есебін тыңдаған Жансейіт Қансейітұлы әсіресе кәсіпкерлікті дамытудағы жайбасарлықты сынға алған болатын: «Шұбар индустриалды аймағында бірде бір жоба жұмыс істеп тұрған жоқ. 93 гектар жер 3 жылдан бері бос тұр. Сондай-ақ  аталған  окрукте  «Индустрияландыру картасы» мен  «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламалары бойынша ешқандай жоба іске асырылмаған. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін бірде бір шағын цехтар ашылмапты»,- деді облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы. Бұдан Ордабасы ауданының басшылығы қандай қорытынды шығарарын төреші уақыт көрсете жатар. 

Соңғы үш жылдағы Оңтүстіктегі жергілікті бюджеттің жай-күйін  зерттегенімізде әкімдердің бюджет мәселесіне бас қатырғысы келмейтіні, «дайын асқа тік қасық» қағидатынан оңайлықпен арыла қоймайтынын түсіндік.  Атқамінерлер  мына бір тәсілді жақсылап тұрып меңгеріп алыпты. Барлық аудандарда салық жинау бойынша жоспар артығымен орындалады екен. Халыққа есеп беру жиындарында осы жетістігін мақтанышпен атап тұрып айтқанында сүйсініп те қаласыз. Ал шын мәнінде әу бастағы жоспардың өзі төмен болғанымен ешкімнің шаруасы жоқ. Айталық, жүйелі жұмыс жүргізіп, салықтан 200 миллион теңге жинауға мүмкіндік бола тұра 150 миллион теңге жоспарланады да, ол межені қиналмастан-ақ орындайды.  «Жоспарды артығымен орындаудың» құпиясы осында.  

Оңтүстіктегі бюджеттік кірістерге қатысты тағы бір түсінбегеніміз – жылдан-жылға кейбір аудандарда өзіндік кірістер бойынша жоспар көбеюдің орнына керісінше, азайып барады. 2017-2019 жылдарға арналған бюджет жоспарына көз жүгірткенімізде  осыған көз жеткіздік. Мәселен, 2015 жылы өзіндік кірісі 2,97 миллиард теңгеге жеткен Мақтарал ауданының 2018 жылғы жоспары неге 2,11 миллиард, ал 2019 жылы 2,14 миллиард теңге болады? Отырар ауданы да осындай тәсілге ұрынды – былтыр өзіндік кіріс көлемін 1,5 миллиард теңгеге жеткізген өңірдің 2018 жылғы жоспары бұдан екі есе төмен – 880 миллион теңге болса, 2019 жылы 916 миллион түсіру көзделіп отыр. Арыс қаласының болашаққа деген көзқарасы тіптен түсініксіз. Былтырдың өзінде  бюджетке 3,8 миллиард түсіре білген өңір алдағы үш жылғы жоспарын 1,5-1,6 миллиард теңгемен шектеуді жөн көріпті. Кентау қаласы да «көштен қалмапты»: соңғы үш жыл бойына өз күшімен 1-1,3 миллиард тауып келген қаланың алдағы үш жылғы межесі 812-880 миллион теңге көлемінде бекітіліп отыр.  Сонда бұл не, даму жоспары ма, әлде кері кету жоспары ма?  Шенеуніктердің «көрсеткішті орындай алмай қалсақ таяқ жеп қалармыз» деген үрейден туындаған  бұл қадамының кесірі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін тигізетінін дәлелдеп жатудың өзі артық. 

Негізінде, бюджеттің өзіндік кірісін арттыру  - әкімнің жұмысын бағалаудың негізгі факторларының біріне айналуы тиіс екені  анық. Әсіресе Оңтүстікте. Әлбетте, аграрлық аудандар дотациясыз өмір сүре алмайды.  Мұндай өңірлер үшін трансферттердің маңызы зор. Өз күшімен шеше алмайтын тірліктерді жүзеге асыруда республикалық бюджеттің қол ұшын созуы елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ықпал етуі заңдылық. Орталықтан қаржы бөлінбесе ауылдағы көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілмей қалатын түрі бар. Әйткенмен, масылдықтың да шегі бар емес пе?  

Оңтүстіктегі масылдық - бүгін ғана бола салған жайт емес. Он жыл бұрынғы жағдай да осындай еді.  Мәселен, 2008 жылғы облыс қазынасының шығыстары  180 миллиард теңгеге жетсе, түскен қаржының басым бөлігі республикадан келген трансферттерден жинақталды.  Сонда Оңтүстіктің өз күшімен тапқан қаржысы  40 миллиардтан аспаған еді.  Трансферттердің үлесі сол баяғы 80 пайызды құраған. Арада он жыл өтсе де өзгерген дәнеңе де жоқ, «баяғы жартас сол жартас». Сірескен сеңді бұзып, Оңтүстікті масылдықтан шығарар жолды облыстың оныншы әкімі Жансейіт  Түймебаев таба алар ма екен? 

Әзірше өңір басшысының қадамдары көпшіліктің қолдауын табуда. Өңірге инвестиция тарту мақсатында Түймебаевтың бастамасымен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» республикалық акциясын ұйымдастырылып, өңірімізден шыққан атақты меценаттармен облыстың ерекше жобаларын қаржыларындыруға келісім жасалды.  Бизнес жобаны жүзеге асырып, кәсіпорын ашуға бел буған іскер азаматтарға жер беру бойынша 14 қаулыға қол қоюды тездетіп, бір аптада шешім шығару үрдісі енгізілді.

Сондай-ақ, Оңтүстіктегі аудан-қалалардың жекелей Даму концепцияларын жасау ісі қолға алынды. Оған сәйкес әр өлкенің ерекшеліктерін пайдалануға баса мән беріледі. Облыс әкімінің арнайы тапсырмасымен эксперттік топ алғашқы жоба ретінде Төле би ауданының бір жылдық даму концепциясын жасап,  туризм кластерін өркендетудің ауқымды жоспары әзірленді. Таулы аймақтағы туризм саласын дамыту арқылы бюджетке түсетін салық көлемін арттыруға мүмкіндік туады.  Осы секілді Түркістан қаласы,  Сарыағаш пен Шардара аудандарының да даму стратегиялары да қарастырылды.   Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстан арасындағы шекара аймағында сауда аймағын құру  қолға алынды. Тауар айналымын ретке келтіру бойынша келіссөздер жүргізіліп, ортақ келісімге қол жеткізілді.  Былтыр Шымкентте ұйымдастырылған «Ontustik Invest» халықаралық бизнес форумы биыл жалғасын таппақ. Бұл іс-шараның аймақты дамытуда, шетелдік инвестицияларды тартудағы маңызы зор болмақ.  Әлеуетті инвесторларды арнайы шақырып, өңірдің  өндірістік, логистикалық мүмкіндіктерін паш ету көп кешікпей өз жемісін беруі тиіс деген ойдамыз. 

Бекбол Қалдыбек 

Еліміздің үш өңірінде екінші ауысымда білім алатын оқушылар үшін сабақтар тоқтатылды
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу