Бақытжан Қасымов: «Мырзатай Жолдасбековтың дауысын салып, талай проблемамды шештім»

Oinet.kz 10-08-2019 1474

Screenshot_8.jpg

Бақытжан Қасымов, пародист

Алтын ұямен қоштасқан әрбір түлектің арманы жоғары оқу орнына түсіп, студент атану. Мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне құжат тапсырдым. Журналистика мамандығына емтихан арқылы қабылданып,  оңтүстік астананың студенті атандым. Әрине, алғашқыда «оқуға түсе алмай қаламын ба?» деген қорқыныш болды. Оның үстіне шпаргалканы қажет етпесе де қабілетті қажет ететін журналистика факультетіне түсу тіптен қиын.  Егер оқуға түсе алмай қалсам әскерге барамын деген жоспарым болды. Қойшы, әйтеуір, осылай студенттік кезеңді бастап кеттім. 

Шаңға аунап, әженің қолынан ағарған ішіп, құрт жеп өскен ауылдың қара домалақ баласына алғашқыда шаһардың қарбаласқа толы, у-шу өміріне үйренісіп кету қиын. Университтеттің алғашқы жылы ауыл жаққа қарай аңсарым қайта-қайта ауып, жақындарымды сағынумен өтті. Әке-шешеге арқа сүйеп кеткен маған кір-қоңымды өзім жуып, тамағымды өзім әзірлеуге тура келді. Тамақ демекші, студенттің әр күні қалай өтетіні белгілі ғой. Бірде жатақханада жігіттермен жатырмыз. Қарын деген аш. Шкафты ашып қарасақ, жылан жалағандай бос. Содан амал жоқ, ұрлыққа көштік. Асханада сегіз көзді плитка болатын. Бәріміз аш қасқырдай асханаға жәймен келдік. Қарасақ ешкім жоқ екен. Есесіне сегіз қазанда сегіз түрлі ас пісіп жатыр. «Құдай берді деген осы» деп ыдысымызға барлық тамақтан салып алып, бөлмемізге тайып тұрдық. Келіп, жайғасып, қазанға үңілсек, бір қазан тамақ «олжалаппыз». Ыстық тамақты рахаттанып жеп, қарнымызды сипап алдық. Жыланның басы қайтқан соң «біз осы не жедік?» деген ой келді. Сөйтсек біраз түліктің етін жеп тастаппыз.  Оның ішінде доңыз еті да бар болып шықты. Себебі Настяның қазанына да қол салыппыз ғой.

Мен үшін ең оңай пән алғашқы әскери дайындық болатын. Әр сейсенбі сайын өтетін. Сол күні алаңсыз түске дейін ұйықтаймын. Өйткені ол сабақты оқу үшін норматив тапсырдық. Ал мен нормативтен өтпей қалған болатынмын. Маған  дәріс берген, лекция оқыған ұстаздарым өміріме үлкен өзгеріс алып келді.  «Журфактың» абызы болған, белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбек ағаммен бірге бильярд ойнап, сол кісінің шақшасынан насыбай атқанбыз. Мен университетте оқыған жылдары профессор Мырзатай Жолдасбеков ректор болған. Сол кісінің дауысын айнытпай салатыным бар еді. Кейбір проблемаларымды ректордың дауысымен деканатқа телефон соғып, оп-оңай шешіп алған күндерім болған.  

Оқуды аяқтаған соң 90 жылдық тарихы бар «Қазақ радиосында» 5-6 жыл редактор болдым. Одан соң «Асыл арна» телеаранасында бір жыл көлемінде редакторлық қызмет атқардым. 2010 жылдан бастап «Әзіл әлемі» театрының әлемінде жүрмін.

Студенттік кезең мен үшін өте қымбат. Егер қайта студент бол десе сөзсіз келісер едім. Себебі жастықтың оты лаулаған, көздерінде бақыттың ұшқыны саят құрған жалынды шақ қой. Оқығым келеді. Бірақ отыздан асып қалдым.  

Жазып алған А.Асанқызы,

Мұрағаттан, 2016 ж

Ит төбелестіру де қызық болып па?
«Жарты адам»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу