Қыз алып қашу: салт па, дерт пе?

Oinet.kz 17-06-2020 1560

Үйде екі қыз болған соң, әпкеме өте жақын болдым. Арамыз біршама жыл болса да сырласатынбыз. Оның сұлулығына тамсанбайтын адам жоқ-тын. Тіпті ауылдың жігіттері есік алдын торуылдаумен жүретін. Бір күні әпкем сыныптастарымен серуендеуге кетті. Әдеттегідей ұйықтамай күтіп жаттым. Түн ортасы. Үй телефонының шырылы естілді. Тұтқаны көтерген анамның аяқ-қолы дірілдеп, дауысы қатты шықты, жылап та жатыр. Бала болған соң ба, қорыққанымнан көрпенің астына бүркеніп алдым. Үй іші абыр-сабыр...

040CD0CD-E8D9-402C-8EA1-FDF02F65939A_w1200_r1.jpg

Әпкемді басып алып қашқан екен. Алыс емес, бір көше әрі тұратын үйдің баласы. Өзінің сыныптасы. Анам мен жеңгем артынан қуып барды. Ал, әкем екеуміз таң атқанша есікке елеңдеумен отырдық. Бірақ, үйге анам жалғыз келді. Шағын ауыл, таныс адамдар болған соң «ұят» деген сөз жібермейді ғой. «Есік көрген», «Қайтып келген қыз жаман», «Бірінші бақ – бақ» дегені тағы бар. Біршама уақыт отбасым өз-өзіне келе алмады. Көнді. Осы оқиғадан соң мен де есейгендей болдым. Реніш болды, әрине. Себебі, әпкемнің арманы әдемі той көйлегімен қара шаңырақтан ұзатылу еді. Хош. Бүгінде әпкем жұбайы екеуі екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты отбасылардың бірі.

Қыз алып қашу қашаннан бар?

Қазекемнің салт-дәстүрі жетіп артылады. Негізінде қыз алып қашу – қазақ халқының үрдісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында жол-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмеген жігіт ұнатқан қызын өзара келісіммен алып қашқан. Яки, қыз алып қашу өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Бірақ, қыздың келісімінсіз басып алып қашатындар қатары да жетіп артылады. Үлкен апалардың табалдырыққа жатып алатыны тағы бар. Сондағысы, «Біз де осылай келгенбіз», «менің үстімнен аттап өтсең бағың ашылмайды, теріс батамды беремін» дейді. Жалпы, қыз алып қашқан дұрыс па? Қазақ халқы қыз балаға қонағым деп құрметпен қараған. Екі жақ келісіп, жастар үлкендердің батасын алған соң, құда түсіп, сырға салып, ұзатылған. Ал, «көрпесіне қарай көсілгендер» қыздың келісімімен алып қашқан. Онда да жеңгелері шығарып салған. Десе де, танымайтын қызды күштеп әкеліп, орамал таққызатындар әлі бар. Елімізде қыз алып қашу статистикасы жүргізілмейді. Себебі, қылмыстың осы түріне арнайы бап жоқ. Арнайы бап болмаса да, қылмыскер жазаланады. Елдегі қыздарды еріксіз алып қашу деректері туралы нақты есеп жоқ. Себебі, бұл – ҚР Қылмыстық кодексінің «Адам ұрлау» бабына жатқызылған.

Дін не дейді?

Имамдар алып қашу шариғатқа қайшы дейді. Жалпы адамның бос­тан­дығы мен құқығына қол сұғуға ша­риғатта қатаң тыйым салынған. Неке мәселесінде қыз өзі шешім қабылдайды. Тіпті, әкесі де еріксіз тұрмысқа бере алмайды екен. Бұл – адамның ар-намысын аяқасты ету, күнә іс.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қоштасу қажылығында Мина жазығында тұрып, құрбандық күні: «Расында, сендердің қандарың, мал дүниелерің және ар-намыстарың бір-біріңе қасиетті (Мекке) қаласы, осы қасиетті (қажылық) айы, осы қасиетті (құрбан айт) күндей қастерлі», – деп адам ар-намысының қаншалықты биік екенін ескерткен.

Ертеректен бері ата-бабамыз ислам дінін ұстанып келеді. Шариғатта қыз алып қашу дұрыс емес болса, бұл дәстүр қайдан шыққан деген сауал туындайды. Дінде некенің келісіммен болуы керегін айтқан. Яки, екі жастың келісімімен болған қыз алып қашу дінге сай келеді деген сөз. Кез келген қыз келін атанып, орамал таққысы келеді. Бірақ зорлықпен емес.

Кәрі қыздар қайтпек керек?

Қыз – қонақ. Қонағын Құдайындай сыйлаған қазекем сол себепті де оларды алақанында аялаған. Өрімділер арқасында екі көпір жалғасып, өріс кеңейді деп білген. Онысы рас. Арулар алысты жақындатады. Күйеуді жүз жылдық, құданы мың жылдыққа жеткізеді. Әр үйдің шолжаң еркесі үйінен өзі құратын отауға ұзатылады. Айтпағымыз егде тартқан қыздарды жазғыру емес, әркім өз өмірінің қожасы. Не істейді, не қояды, өзі біледі. Алайда «айтпаса, сөздің атасы өледі». Сарғайған «сәулімдерді» азайту келелі мәселе болып тұр. Бәлки, отырған қыздармен күресуде алып қашуға «мүмкіндік» берсек. Бұл жай ғана ұсыныс. Ал талай ұсыныс қолдаусыз қалуда. Егер бұл мүмкін болса кәрі қыздарды азайтар ма едік.

Түйін.

«Қыз мұраты – кету» болса да көлденең жүрген көк аттыға ешкімнің тигісі де жоқ. Адам тағдыры, сезім, махаббат, адамгершілікті ескермей, жалғанды жалпағынан басып жүргендер жетерлік. Қыз алып қашу екі жастың сөз байласуымен болатын салт-дәстүр екенін ұмытпаған ләзім.

Айнұр ӘЛИ

​Қала тұрғыны қайтыс болғаннан кейін төрт жыл өткен соң «қайта тірілді»
Жаңаөзенде ерекше той өтті: Егіз жігіттер егіз қыздарға үйленді (фото)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу