«Тракторшының махаббаты». Әрі көпірме, әрі көшірме дүние
Күн сайын, тіпті жылдап, оны айтасыз ондаған жылдардан бері тоқтаусыз түсірілетін, қашан аяқталатынын ешкім білмейтін, кейіпкерлері көрерменімен бірге қартаятын телесериалдарды батыста «Мыльная опера» деп атау дағдыға айналған. Былтыр «Ел арна», ал жақында «Хабар» арнасынан қайталап көрсетілген «Тракторшының махаббаты» сериалы осы «сабынды операларды» еске түсіреді. Әрине, бар-жоғы 16 сериядан тұратын фильмді «Мыльная операға» жатқызуға болмайды шығар, бірақ мән-мағынасы жағынан оның сабынның көпіршіктеріне ұқсайтыны рас енді. «Тракторшының махаббаты» көпіршік ғана емес, көшірме дүние де.
Сөзіміз жалаң болмасын, көшірме дүние дегенге нақты дәлел келтірейік. Мұны сериалды алғаш көрген кезде-ақ байқағанбыз. Біз ғана емес, сексенінші жылдан бергі аралықта дүниеге келген, есте сақтау қабілеті дұрыс кез-келген адамның байқамауы мүмкін емес шығар. «Тракторшының махаббаты» Голливудтта 1987 жылы түсірілген «За бортом» ( 1987 жылы шыққан бұл фильм қазақ тіліне аударылмаған, сондықтан тек орысша атауын беріп отырмыз, фильмнің тұпнұсқадағы атауы «Overboard») фильмінің сәтсіз көшірмесі. Бар-жоғы 2 сағатқа жетпейтін фильмді қазақ киногерлері араға 26 жыл салып, көпіртіп-көпіртіп 16 бөлімнен тұратын сериялға айналдырған да жіберген. Әрине, бұл үшін бас прдюсер Баян Есентаева мен оның командасын, оның ішінде сценарист Данияр Күмісбаевты, режиссер Асқар Ұзабаевты жазғыруға болмайды. Көшіріп алу бұл бұрыннан келе жатқан кең тараған тәсіл. «Тракторшының махаббатын» түсірушілер де «жаңаның бәрі ұмытылған ескі» екенін жақсы түсінген-ау шамасы.
Адамның ғайыптан тайып бар ақыл-есінен айырылуы, мүлдем басқа ортада өзінің кім екенін білмей тіршілік етуі шынайы өмірде мүмкін бе, жоқ па ол жағын дәрігер-невропатологтардан сұрау қажет шығар. Бірақ өнерде бұл тамаша идея. Көз ашқалы тек сән-салтанатта өмір сүрген адамның кенеттен өткен өмірін ұмытып, қарапайым, проблемасы да, уайым-қайғысы да жетіп артылатын отбасыға тап болуында үлкен философиялық ой жатыр. Мұның астарында дүниеге келген адамның бай отбасыда, не кедей отбасыда өмі сүруді өз еркімен таңдай алмайтындығы, бірақ бақыт байлықта да, кедейлікте де емес, шынайы сүйіспеншілік деген тәмсіл бар. «Зар бортом» фильмі осы тәмсілді комедиялық жанрда жеткізеді. Энни бақытсыз оқиғаның салдарынан ақыл-есін ұмытады. Әйелі өліп, төрт бласымен қалған Дини оны үйіне әкеліп, өзінің әйелі екендігіне сендіріп бағады. Энни қарабайыр тіршілік кешіп жүріп, көп қиындық көреді. Ақырында бәріне көндігеді. Анасыз балаларға деген аяушылық сезімі оянып, оларға бауыр басады. Дини кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады. «Әйелінің» ақылымен оның жолы жүрісіп, жақсы табысқа жете бастайды. Күндердің күнінде өткен өмірі есіне түскен Энни кетіп қалып, бірақ некелі күйеуін тастап Дини мен оның төрт баласына қайта оралады. «Тракторшының махаббаты» да сол салған соқпаққа қайта-қайта түсе береді. Әрине, біз бұл жерде идеялардың ұқсастығын айтып отырмыз.
...Қалың тұманда Дженифердің аударылып, артынша түгі қалмай өртеніп кеткен «Джипін» айтсаңызшы. «Джиптің» өртенбегені анық байқалып қалады. Бұған таңырқауға болмайды. Бұл қанша дегенмен 5-6 секундттық көрініс үшін миллиондаған доллар тұратын мүлікті талқандап тастай салатын Голивуд емес қой. Қазақстандық жағдайда сериалдағы 1-2 минуттық көрініс үшін 100 мың доллар тұратын «Джипті» өртеп жіберу ақылға қонбайтын тірлік. Сериалды түсірушілердің мейілінше шығынды көп қажет етпейтін көріністерді іздегені байқалады. «За бортом» фильмінің аяқ жағында қымбат яхталар бір-бірімен жарысып, оқиға желісі теңізде аяқталады. Ал, мұндай шығынды қалтасы көтере алмайтын Дженифер ауылға өз аяғымен қайта оралады. Сценарийдің осы жері сәтсіздеу шыққан сияқты.
Сәтті деген жерлерін де айтып кету парыз. «КешYOU» тобының әншісі Камшат Жолдыбаева Дженифердің рөлін өте жақсы алып шыға білген. Берік Айтжановтың (Жасұлан), Әлихан Ыдырысованың (анасы) кәсіпқойлығы бірден байқалады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, бұл туынды қазақы көрерменге арналған. Қазір «Тракторшының махаббатын» базардағы 200 теңге тұратын пираттық дискіден тамашалауға да болады. Осының өзі-ақ бұл сериалдың әжептәуір сұранысқа ие болғанын айғақтайды. Шетелде үлкен жүлде алған, бірақ ешбір қазақ көрмеген фильмнен гөрі осындай сериалдар мың есе артық емес пе?!
Әрине, «Тракторшының махаббатынан» көркемдік шешім іздеу артық шығар. Көрерменіне ақыл айтып, миын шағуды сериалды түсірушілердің өздері де мақсат тұтпаған болуы мүмкін. Бұл жәй ғана көрменнің көңілін аулау, өзіне телмірту. Мен оны адамдардың уақытын ұрлау деп атар едім. Бұл жағына келгенде «Тракторшының махаббаты» дегеніне жеткен сияқты.