Министрдің әкесі немесе ел танитын Біртанов еді

Oinet.kz 19-11-2017 1441

еЛЖАН бІРТАНОВ.jpg

«Сен өмірден өтер күн туар. Жасаған жақ­сы­лықтарың мен жамандықтарың таразы басына салынар. Сонда сенің рухыңа Алладан рақым, Пайғамбардан шапағат сұрап, жалба­рынатын жан бар ма? Қай балаң, қай немерең Құдайдың ризалығы үшін сенің рухыңа Құран бағыш­тап, қол жая алады? Бар ма?  Артыңа қандай ұрпақ қалдырып бара жатырсың? Не үйреттің? Қалай тәрбиеледің? Жеті атасын білетін, жүрегінде имандылық бар ұрпақ па?». Басшы, дәрігер, депутат ретінде жастарды тәрбиелеу ісінде, ардагерлерге және мұқтаж жандарға жәрдем беруге, қолдан келген көмегін аямаған Амантай Біртанов «Ұрпағыма хат» кітабында осылай депті.

Ұрпағының парасаттылығы мен біліміне, адалдығы мен адамгершілігіне, имандылығы мен жауапкершілігіне және де басқа жақсы адами қасиеттеріне сенімді болған жан ғана өзгелерге жоғарыдағыдай сұрақтарды қоя алса керек. Осы арада айта кетелік, ұлдарының бірі – Елжан Біртанов әке жолын жалғастырды, бүгінде Денсаулық сақтау министрі. Амантай Біртанов. Бұл есім аталған тұста, әсіресе Алматы қаласының, Жамбыл облысы жұрты­ның елең ете қалары сөзсіз. Өйткені, жалпы денсаулық сақтау  саласының дамуына үлкен үлес қосқан азаматтың, сол ортаға еңбегі ерекше сіңді және дәрігерлік маман­дығымен  адамгершілік, кішіпейілділік, адамдарға деген шынайы ықыласы,  ұлт­жан­дылық, парасаттылық қасиеттері қатар дарыған  Біртанұлының шапа­ғаты тимеген отбасы кемде-кем шығар.  Негізі  Аман­тай Біртановты Қазақстанның түкпір-түкпі­рінде тұратын жұрттың көбі біледі десек, артық айтпаспыз.  Елінің амандығын,  қазағының өсіп-өнуін тілеп жүретін  дәрі­гер  алдына келген адамды қала, дала деп бөл­мей, сырқаты­ның сырын тауып,  қолұшын беріп, көмектесіп  жүретінін айтушылар көп. Дәрігер туралы, оның еңбегі мен адами болмысы туралы «Абзал азамат» атты деректі  фильмде де, сол сияқты елге танымал азаматтардың еске алу жазбаларында да  жан-жақты айтылып, баяндалған. Мысалы, академик,   Мемле­кеттік сый­лықтың лауреаты, медицина ғылымдарының докторы, профессор Камал Ормантаев мыңдаған шәкірттерінің арасынан Біртанов Амантайды айрықша жақсы көргенін айтады.   «Менің шәкіртім деген сөзді мақта­ныш­пен айтып жүре­тін­мін.  Амантай  дәрі­гер ретінде де, адамгершілігі мен қайыры­мы мол азамат ретінде де сол мақтанышқа лайықты азамат. Ұстаздарын ерекше қадірлейтін. «Жедел жәрдем»  деген – өмір мен ажал сәт сайын тайталасып жататын ауруханалардың бірі ғой, сол ауруханаға түскен әрбір науқас аяғынан жүріп кеткенше солардың жанынан табылып, қызметкер­лерінен  науқастарға жақсы қарауды талап етіп жүретін.  Жақсылықты көп жасаған адамның ғұмыры ұзақ болады деген пікір кейде қате айтылған ба деп те қаласың, бірақ, адамның ғұмырлы болуын жарық дүниеде қанша жыл өмір сүргенімен емес, соңында қалдырған жақсылықта­рымен көп жасайтынын меңзесе керек. Мен Амантайды халқының, туған-туысы, балала­рының арасында мың жасайтын адам деп бағалаймын. Алпыс бес жас деген не тәйірі, арамыздан тым ерте кетті.  Тағдырдың ісіне не шара,  артында айтыла жүретін өсиет, елі мақтаныш көретін ұрпақ қалдырып кеткен Амантай  екі дүниеде де рақымшылыққа бөленген адам», - дейді К.Ормантаев. Ал академик,  Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов Амантайды есіне алған сайын оның балалары  көз алдына келетінін айтыпты.  «Әркім де өмірге ұрпақ әкеледі, деген­мен, көп ата-ана сол ұрпағының болашағын дұрыс болжай білмейді. Бұл ретке келгенде, Амантайды көреген, ұрпағының болашағын болжай білген әке деуімізге болады. Ол үш ұлын да еліне жарамды, елі мақтан көретін  тұлға етіп тәрбиелей білді. Ал әкенің сол тілегіне орай ұлдары  Ержан, Елжан, Есжан  әкелерінің атына кір кел­тір­мей, халқына  адал қызмет атқарып жүр. Министрлікке барғанда, болмаса, олар жұмыспен Алматыға келген кезде Елжан «Төрегелді аға» деп  жылы жымиып алдымнан шыққан кезде тура Амантайдың өзін көргендей болып қаламын. Мінезі, бойы, адамға деген ілти­паты әкесінен аумай қалған», - дейді академик.

Амантай Біртанов.jpg

«Өмірден көргендерім де, білгендерім де, көңілге түйгендерім де аз емес екен. Кісіге әлім келгенше жақсылық жасаған екенмін. Әлім келгеше адамның да, қоғамның да сауы­ғуына қызмет етіппін. Өмірден көрген қиын­дықтарым мен жақсылықтарымды, көңілге түйген­дерімді, білгендерім мен ұққандарым­ды ақылға салып, қағазға жаздым. Кейін­гілер өткенді білсін, қате жері болса, қайталамасын. Уақыт таразы, уақыт – сот. Бірақ өткенді, тарихты білу парыз. Естеріңде болсын, өнерсіз жан – өнегісіз. Оның ешкімге де пайдасы тимейді. Ұлы дәре­желі болу шыққан тегіңе емес, ақыл-біліміңе байла­нысты. Барлық өнерден сөз өнері жақсы екенін білген жөн. Сөзді өз орнымен сөйле. Орынсыз сөйлеген сөз жақсы болса да жаман көрінеді. Егер сөйлеген сөзіңнен бір пайдалы исі сезіліп тұрмаса, ондай сөздің айтылмағаны жақсы».

«Әр адам өз тағдырына өзі еге болуы керек. Дос таңдай білуі қажет. Аналарыңнан ешнәрсе жасыр­маңдар. Ол өмірдегі ең жақын адамдарың. Жақсы тамақ – көптеген аурулардың емі. Тамақ үшін өмір сүрмеу керек, керісінше, өмір сүру үшін тамақ ішу керек. Тамақты көп ішу көп ауруды тудырады, «Көзің ауырса қолыңды тый, ішің ауырса қолыңды тый». Мұны да сенің дана бабаларың айтқан. «Ауы­рып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде».

«Бала кезімдегі өз апам  тәрізді көңілінде ақ тілек, басында ақ орамалы, ақ кимешек, жаны таза, ары кіршіксіз әз аналар көбейсін, солар өссін, солар өркендесін! Әз анасы, әз әжесі бар Отанның да, отбасының да қасиеті артады. Сонда ғана қазағым көбейіп, айбыны асқақтайды», - деп жазыпты Амантай Біртанов «Ұрпағыма хат» кітабындағы хаттарында. Ал, жоғарыда аталған фильмде «Өмір туралы ойлар» атты еңбегі негізге алынған. Бұл орайда, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, медицина ғылымдарының докторы, профессоры Есетай Тәжиев А.Біртановтың кітаптарын оқыған сайын, жазуға қалай уақыт тапты екен деп ойлайтынын айтыпты. «Ауы­рып жүріп кітап жазу, көзі тірісінде ұрпағына қоштасу сөз жазып кету нағыз  батыр, қайсар жандардың ғана қолынан келетін шығар.  «Жақсыдан жақсы туады жарқылдаған» демекші, ұлдары да  өмірден өздеріне лайықты орнын тапқан  азаматтар. Көп әкенің баласына деген махаббаты мұндай баянды бола бермейді, ұрпағына деген әкелік махаббаты баянды, ақ батасы қабыл болған  Амантайдың ұлағатты өмірі бүгінгі жастарға өнеге болуы тиіс», - дейді Е.Тәжиев. Амантай Біртановпен Алматы медицина универси­тетіне бір жылда түсіп, бір бөлмеде жатып, бірге оқу бітірген адамдар­дың бірі Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақ­станның еңбек сіңірген қызметкері, курстас досы Сайлаубек Таукеев сөзге шешен, ойға жүйрік болғанын айтады. Өте еңбекқор және бастама көтеріп, бір іс-шаралар ұйымдастыр­маса, жаңа­лық тапса жаны жәй таппайтынын еске алады. «Ол осы қасиетінен өмірінің соңғы сәтіне дейін жоғалтқан жоқ. Қайда қызмет­ке барса да бар­ған жерін жарқыра­тып, жайнатып жіберетін. Өте ұлтжанды болатын. Батыл пікір айта білетін. Адамға өте қамқор, қайырымды  еді, - дейді С.Таукейұлы. 

- Ұлтжанды­лық қасиеті өз алдына бөлек әңгіме болар еді.   Досқа адалдығы да алабөтен болатын. Отбасын, бала-шағасын  өте жақсы көрді. Тіпті, олардың әрқайсысына ат қоюдың өзіне үлкен мән беретіндігін білеміз. Ұлдары Ержан, Елжан, Есжан бүгінде атта­ры­на сай халқына еңбек етіп жүр.  Еліне елеулі еңбек сіңіріп, енді соның зейнетін көріп, елдің өзіне деген құрметіне бөленіп, ақса­қалдық жасқа жетемін бе деп жүрген шағында бейдауа дерттің салда­рына өмірден озды. Амантайдың бұл аурумен қалай күресіп,  ұрпағына ғана емес, ұлтына ұлағатты сөз қалдырып кеткен кітаптары­нан  оқып-білуге болады».

1945 жылы 7 наурызда Жамбыл облысының, Талас ауданы, Ойық совхозында дүниеге келген Амантай Біртанов 1963 жылы он бір жылдық орта мектепті бітіріп, бір жыл туған совхозында механизатор болып жұмыс істеді. 1970 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін 5 жыл бойы облыстық балалар ауруханасында балалар хирург-дәрігері қызметін атқарды. 1975 жылдан бастап 2006 жылға дейін Жамбыл қаласында №2 қалалық  балалар емханасының, Алматы облысында «Көктем» шипажайының, Алматыдағы №10, №4 емханаларының, қалалық жедел жәрдем клиникалық ауруханасының және Алмалы ауданының бас дәрігері қызметін атқарды. 2006 жылы қалалық №2 емхананың бас дәрігері болып тағайындалды. Жоғары білікті дәрігерге,  ҚР Президентінің Жарлығымен 1996 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағы берілді. 1998 жылы Ойық ауылының, 2002 жылы Талас ауданының құрметті азаматы, 2004 жылы Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағы берілді. «КСРО денсаулық сақтау үздігі» белгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Азамат» орденімен, «Парасат» орденімен марапатталды.

Әріптестері еске алуда жаңашыл дәрігердің ең басты қасиеті – Гиппократ антына адал болғанын айтады. Әрі көп жыл бойы қалалық мәслихаттың депутаттығына сайланып, халқына адал қызмет етудің үздік үлгісін көрсеткен. «Асыл азамат, біртуар ұл Амантай Біртанов өз ұлтын, туған жерін жанынан артық сүйді. Жанына дәру тілеген жамбылдықтар Алматыға, Амантайға баратын. Заңға «томпақ» келсе де Амантай оларды ауруханаға қабылдап, сауығуын өзі бақылайтын», - деп еске алады Талас ауданының Құрметті азаматы, сыныптасы Балтабай Бекежанов. Қазақта «әке көрген оқ жонар» деген мақал бар. Көзінің тірісінде «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп тәрбиелеп кеткен, әке өсиетіне адал ұлы бүгінде оның жолын жалғап, елге қызмет етіп келеді.

Мұрағаттан, 2017 ж

Имам мен полицей жайлы
​Даусынан «айырылған» әншілер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу