Әл-Фараби бойындағы жол апатына қатысты жаңа дерек айтылды
Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына байланысты қозғалған қылмыстық істердің бірі тоқтатылғаны белгілі болды.

Мейірман Шекеев айыпталушымен трагедия алдында бірге болғандарға қатысты жеке іс қозғалғанын айтты.
"Айыпталушының қасында болған төрт адамға қатысты көрінеу жалған айғақ бергені үшін Қылмыстық кодекстің 420-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол ішімдік ішкенде бірге болғандар туралы сөз болып отыр", - деді ол.
Заңгердің пікірінше, Zeekr жүргізушісінің таныстары тергеуді шатастырмақ болып, күдікті мас болғанын жоққа шығарған.
"Бастапқыда бұл төртеуі күдікті А.П. мүлдем ішімдік ішпегенін айтқан. Алайда кейін медициналық сараптама қорытындысы шығып, басқа да дәлелдер табылды. Осыдан кейін тергеуші бұл эпизодты жеке өндіріске бөліп, материалдарды тергеуге жолдады", – деді ол.
Анықтама. 420-баптың 1-бөлігі "Соталды тергеп-тексеру барысында куәнің көрінеу жалған айғақтар беруі" бойынша 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ескерту: Айта кетейік, заңгер Мейірман Шекеев қаза тапқан 22 жастағы К.-ның отбасының мүддесін бұдан былай қорғамайды. 1 маусымда сотта қыздың анасы айыпталушыны кешіргенін және өз өкілдерінің қызметінен бас тартатынын мәлімдеді.
Кейінірек қалалық прокуратура әл-Фарабидегі жол апатын тергеу аясында көрінеу жалған айғақ беру дерегі бойынша полицияның қылмыстық іс қозғағанын растады.
Анықтама: ҚР Қылмыстық кодексінің 420-бабы 1-бөлігі: "Куәнің, жәбірленушінің көрінеу жалған айғақтары не сарапшының, маманның сотта не соталды тергеп-тексеру барысындағы көрінеу жалған қорытындысы, сол сияқты аудармашының дәл осындай жағдайларда, сондай-ақ атқарушылық құжаттарды орындау кезінде жасаған көрінеу қате аудармасы", жазасы – алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру.
Дегенмен, ведомство істің кімге қатысты қозғалғаны және оған қанша адамның қатысы бар екені туралы мәліметтерді қоса алғанда, өзге ақпаратты жарияламады.
5 маусым кешке қарай жалған айғақ берді деп күдікке ілінген куәгерлерге қатысты қылмыстық істің тоқтатылғанын анықтадық.
Ішкі істер министрлігі полиция олардың әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық құрамын таппағанын хабарлады.
"Сауалда көрсетілген дерек бойынша Алматы қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 420-бабы 1-бөлігімен тергеу жүргізді. Тергеу қорытындысы бойынша 2024 жылғы 28 мамырда қылмыстық іс бойынша өндіріс қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", – деп хабарлады ІІМ редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Бұл ретте министрлік қабылданған шешімнің заңдылығын прокуратура тексеретінін нақтылады.


