«Анам мен сіңлімді қара жерге тапсырғанда олар бізді қорқытты»: Түркістанда апалы-сіңлі көмек сұрады
Түркістан облысында аяусыз өлтірілген әйел адамның екі қызы үндеу жасап, көмек сұрады, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұм әйелдің артында қалған екі қызы күдіктіні өмір бойына бас бостандығынан айыруды талап етті.
"Біріншіден, аудан әкімдігінен бастап түгел басшылықты, ішкі істер басқармасы басшыларының орынбасарларын, білім басқармасын, Талғат Бигельдинов атындағы №13 мектеп директоры және орынбасарларына шара қолдануды сұраймыз. Себебі зорлық-зомбылық, айуандықпен айналысқан адамның мектеп қабырғасына қалай орналасқанын білгіміз келеді.
Көмек сұрау себебіміз – аудан басшылықтары дұрыс жұмыс істегенде мұндай айуандық болмас еді. Мен және сіңлім екеуміз ішкі істер басқармасына шақыру алып, бізді басынбақ болды. Бізді қорқытып, әлеуметтік желіге салғанымыз үшін 600 мың теңге көлемінде айыппұл салып немесе 15 күн қамауға алуды талап етемін деді. Біз құзырлы органдар бізді қорқытқаны үшін жазалауды сұраймыз. Біз іштей жылап, анам мен сіңлімді қара жерге тапсырғанда олар бізді қорқытты", - дейді марқұм әйелдің қыздары.
Еске салайық, 13 қыркүйекте Түркістан облысында жантүршігерлік қылмыс болған еді. Анасы мен қыздың мәйіті табылды. Күдікті ер адам әйелді аяусыз өлтіріп, 16 жастағы қызын зорлап, артынша өлтірген. Полиция Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.