Түркістан облысында әйел 5 баласын тастап, 10 жыл бойы отбасынан тығылып өмір сүруге мәжбүр болған

Oinet.kz 15-03-2024 4604

Түркістан облысы, Арыс қаласында күйеуінің соққысынан мезі болған әйел 5 баласын тастап, үйден із-түссіз қашуға мәжбүр болған. Содан бері оны 10 жыл бойы ешкім таппапты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап.

Screenshot_1.jpg

Жасөспірім егіз Елнұр мен Балнұр әкелерінен қорқып, екі күн бойы адам аяғы баспаған ескі лашықта түнеген. Қарындары ашып, азып-тозған олар ақырында сыныптастарының анасына барып, пана сұрапты. Сол кезде бауырлар өз аналарын іздеуге шешім қабылдапты. 10 жыл бойы жақындарымен байланысын үзген әйелдің Жетісу облысы Ақсу ауданы Жансүгір ауылында тұратыны анықталды. Кәрима Өмірзақова күйеуінің озбырлығына шыдамай, басқа жерде бас сауғалапты. 

“5 жасымнан есте қалғаны әкем анамды қатты ұратын, тепкілейтін. Басын жарып, жағын сындырған еді”, – деді егіздің сыңары Елнұр. 

Анасы кеткен соң ер адам озбырлығын тоқтатпаған көрінеді. Себебі егіз баланы да ұрып, пышақ тақап, бопсалаған. Содан балалар үйден қашып, тастанды үйде түнеген, Арыс өзенінің маңын сауғалаған.

Өткен өмірі азапқа толы Кәрима Өмірзақова балаларының өмірін тек әлеуметтік желіден бақылап, өзі тасада жүрген. Олардың тұрмыс құрғанын, басқа да жаңалықтарын интернет арқылы біліпті.

“2014 жылы 29 желтоқсанда ішіп келіп, жанжал шығарды. Шыдамай, әпкемнің үйіне кетіп қалдым. Қайтып келгенімде соққыға жыққасын шыдай алмадым. Түбі өлтіріп тынады деп ойладым. Содан үйден кетіп, Ақтөбеде 2 ай, одан кейін Астанада өмір сүрдім. Өзімнің қайда кеткенімді айтпаған себебім – жақындарым арқылы тауып алады деп қорықтым. Себебі ол төркінімді, балаларды қорқытып, ештеңе жасыртқызбайды”, – деді әйел.

Жүрегін үрей билеген әйел құжаттарын да алмай, қашқан. Әлі күнге дейін құжатсыз, тіркеусіз жүр. 

“Нұрлан екеуміз 1994 жылы отау құрдық, содан бері жиі қол көтереді. Біз бұрылыста өмір сүрдік, көліктер жиі өтеді. Ал ол көліктердің ізіне ашуланып, “көзіме шөп салдың” деп ойран салады, жұмыстан күтіп алмасам ұрысады. Болмашы нәрседен қызғанатын. Тіпті қабырғам сынды. 1 рет полицияға шағымданғанымда, жалынып, қайталамайтынын айтып сендірген еді, бірақ қайталанды. “Мүгедек етпей қоймаймын” деп айтқан”. Балаларды тізіп қойып, “қайсысы қай еркектен?” деген сұрақ қояды”, – дейді ол.

Сорақысы, өз ұлдарына да Кәриманы сабатқан екен. Сөзінше, олар анасын ұрмаса, оларды әкесі ұрады. Тіпті анасына түкірсін деп бұйрық берген.

Нұрлан болса, мұндай жағдайға Кәриманың өзі жеткізеді деп оған қары күйе жақпақ болды. Сөзінше, ол бірнеше рет көзіне шөп салып, жеңіл жүріске, ішімдікке жақын деді. 

Ал Кәрима өз әке-шешесіне шағым айтып, қайтқысы келгенін айтқанда, олар “ұят боладыға” салып, күйеуіне қайт деген екен. Қолдау таппаған әйел 5 баласын тастап, қашқан.

Қазіргі таңда Жансүгірде тұратын әйелдің басқа күйеуі бар. Олардың бірге шаңырақ көтергендеріне 9 жыл болыпты. Балалар іздеу салғаннан кейін оларды өздерімен алып кетуге ниетті. 

«Пышақ тақап, мені қорқытты»: Екі қызға үйленген жігіттің әйелі бар шындықты айтты..
Аяусыз ұрған: Түркістан облысында 11 жастағы қызды зорламақ болған ер адамға үкім шықты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу