Жетісу облысында қызды өлтіріп, кейін денесін өртеп жіберген педофилге сот үкімі шықты
Жетісу облысында сот адам өлтірген педофилді өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотталушы 15 жасар қызды зорлап, кейін қыздың кеуде тұсынан екі рет пышақ сұққан, қыз пышақ жарақатынан қайтыс болған деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Сот отырысы барысында сотталушы Рустам Ахметовтің 15 жасар қыз К.-ны зорлағаны, одан кейін жәбірленушіні алдап Шолақай ауылының шетіндегі қаңырап бос жатқан ескі нысанға алып барғаны анықталды.
Жетісу облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, Ахметов оны сөйлесу үшін сыртқа алып шықпақ болған, алайда оның орнына қыздың кеудесінің сол жағына екі рет пышақ сұғып, кеудесінің артқы жағынан тағы бір соққы жасаған. Жәбірленуші алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Қылмысты және кез келген айғақты жасыруға тырысқан сотталушы фазенданың жанынан шұңқыр қазып, мәйітті өртеп жіберген. Ал өзі оқиға орнынан бой тасалаған.
Жетісу облысында 15 жастағы жасөспірімді өлтірген күдіктіге қатысты тың дерек белгілі болды
Сот Ахметовті 15 жасар К.-ны өлтіріп, зорлағаны үшін кінәлі деп тауып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Еске салайық, 15 жастағы мектеп оқушысы Құралай Қисабекова 21 шілде күні кешке із-түзсіз жоғалып кетіп, кейін өлі денесі табылғаннан кейін тараған ақпарат халық наразылығын туғызған.
Шолақай ауылының 15 жасар оқушысы Құралай Қисабекова шілденің 21-і күні кешкісін жоғалып кеткен. Құрбысына кеткен қыз қайта оралмаған. Жетісу өңірінің полицейлері із-түзсіз жоғалған қызды келесі күні іздеуге кірісіп, оларға ауыл тұрғындары да қосылған. Соңғы сәтке дейін қыздың табылатынына үлкен үміт болған. Тағы бір айта кетерлігі, сотталушы да Шолақай ауылының тұрғыны.
Осы оқиғадан кейін халық арасында үлкен толқу туып, Шолақай ауылына құқық қорғау органдарының арнайы жасақтары кіргізілген.