Жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді

Oinet.kz 10-08-2022

Screenshot_5.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев урбанизация және демографиялық өсімге байланысты 2025 жылы мектептерде қосымша 1 млн орын қажет болатынын айтып, бұл бағытта 1 мың жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма берген болатын. Сондай-ақ мектеп салуға инвесторларды көптеп тарту керектігін айтқан-ды. Осы орайда Шымкентте 2021-2025 жылдар аралығында 86 079 орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. 

Былтыр 11 764 орынға арналған 25 білім ордасы пайдалануға берілген болатын. Биыл жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. 

Еліміздегі барлық қалалық мектептер 2020 жылдан бастап жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Аталған жүйе Шымкент қаласында өз нәтижесін беруде. Яғни үшінші мегаполисте жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Биыл қолданысқа берілетін 24 мектептің 20-сы жеке инвестор есебінен.  Сондай-ақ 20 мектеп жеке инвесторлар есебінен бой көтеріп жатыр. Жоспарлы жұмыстардың орындалу барысын, жаңадан салынып  жатқан білім мекемелерінің құрылысын қадағалау, жаңа оқу жылына дайындығын пысықтау мақсатында жуырда қала әкімі М.Әйтенов бірқатар жекеменшік мектептерді аралады. 

Биыл балалар игілігіне берілетін мектептердің бірі – Қайтпас-1 шағын ауданында орналасқан 228 орындық Әлихан Бөкейхан атындағы бастауыш мектеп. Екі қабатты ғимаратта 12 оқу бөлмесі, оқушылар асханасы, медициналық кабинет, спортзал қарастырылған. Белгіленген мерзімде пайдалануға беріледі деп күтілуде. Шаһар басшысы аялдаған келесі нысан –  Әл-Фараби ауданы Қонаев даңғылында орналасқан «OSCAR» лингвистикалық элиталы 480 орындық жекеменшік бастауыш мектебі. Оқу ордасы 3 қабатты, 30 оқу бөлмесінен тұрады. Асхана, спорт, мәжіліс залдары, медициналық кабинет те қарастырылған.  Мектеп жаңа оқу жылына 95 пайыз дайын. Бүгінде мұнда жиһаздар қойылуда. Акт, спорт залға жұмсақ төсеніштер қойылып, асханаға қажетті заттарды да орналастыруда. Ал Әл-Фараби ауданы, Ә.Жангелдин көшесі №13 ғимаратта орналасқан «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебі 1200 орындық, 5 қабаттан тұрады. Жобаға сәйкес 60 оқу бөлмесі, 48 кабинет, асхана, спорт, мәжіліс залдары, медициналық кабинет бар. Аталмыш мектеп оқу жылына балаларды қабылдауға толығымен дайын. 

Сонымен қатар Мұрат Дүйсенбекұлы  құрылысы жүріп жатқан  «Жас-Дарын-3» мектебін аралады.  300 орынға лайықталған мектеп 3 қабаттан, 12 оқу бөлмесі, 8 кабинет, асхана, спорт, мәжіліс залы, медициналық кабинеттен тұрады.  Нысан Абай ауданы Темірлан тасжолы көшесі, 19/2 ғимаратта орналасқан.  Білім мекемесі оқу жылына 98% дайын. Қазіргі таңда "брусчатка" төсеу, қоршалуы мен абаттандыру жұмыстары жүруде. «Мектеп – балалардың сапалы әрі қауіпсіз білім алатын ордасы болу керек, бұл талап барлық мектепте орындалуы шарт», – деген шаһар басшысы құрылыстың сапасын арттыру мен уақытылы аяқталуын тапсырды. Мұнан бөлек үшінші мегаполисте тағы бірнеше жекеменшік мектеп бой көтергелі тұр. Атап айтар болсақ, Нұрсат шағын ауданы, Нұр-Сұлтан даңғылында орналасқан 300 орындық «Жас-Дарын-5» жекеменшік мектебі. Өткен жылы құрылысы басталған мектеп биыл пайдалануға беріледі. Үш қабатты, 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, мәжіліс, спорт зал, медициналық кабинет қарастырылған. 

Ал Қаратау ауданы, Бозарық шағын ауданындағы 240 орындық «Жас-Қанат» жекеменшік мектебінде  жоспарға сай 12 оқу бөлмесі, кітапхана, асхана, мәжіліс залы, спорт зал, медициналық кабинет болады. Достық шағын ауданында да 300 орындық «Жан-Нұр» жекеменшік мектебі салынып жатыр. Сонымен бірге, Асар шағын ауданындағы 500 орындық «Keremet-City», 240 орындық «Нұртас» интеллектуалды жалпы орта мектебі және Ақжайық шағын ауданындағы «PARASAT AJ» мектептері бой көтеруде.  Барлық мектептің жаңа дизайнда, сапалы элементтерден жасалуы қала әкімінің жіті бақылауында.

АӘК алатын отбасылардың балалары мектеп формасымен қамтамасыз етіледі
Этномедиаторлар - ішкі тұрақтылықтың тетігі


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×