«AMANAT»: Кәсіби мереке иелері партияның марапатына ие болды
Маусым айының әр үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі боп бекітілген. Осыған орай, бүгін бір топ денсаулық саласының өкілдері «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың арнайы алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиынға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев қатысып, марапатты табыстады. Ол өз құттықтауында медицина - әлеуметтік маңызы және өзіндік орны бар сала екенін атап, партияның ұстанымдарын қолдағандары үшін алғысын білдірді.
- Тәннің саулығы мен жағдайы тікелей сіздерге байланысты болғандықтан, әрқашан құрметке лайықсыздар. Антқа бекем боп, азаматтардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, еңбек етіп келесіздер. Бүгінге дейін партиялық шараларда да бой көрсетіп, өз істеріңізбен қатар белсенділік танытқандарыңызды ерекше атап өткен жөн. Әсіресе жаңа реформаларды қабылдауда өз үлестеріңізді қосып, «Жаңа Қазақстанды» құру жолында бірлесе атсалыстыңыздар. Медицина өкілдері әркез партияға кез келген мәселемен жүгіне алады. Ұсыныстар немесе бастамаларды қолдауға дайынбыз. Өңір бойынша 9300-ге жуық медицина өкілі партия мүшесінің қатарында. Мерекемен құттықтай отырып, адал еңбектің жемісін көруге шын жүректен тілектеспін, - деді атқаруы хатшы.
Марапатталғандардың қатарында медицина ардагері Қ.Мергенбаева, Түркістан қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары С.Исахова, облыстық қоғамдық даму басқармасының бас маманы Х.Қырғызбаева, Сайрам аудандық “Ақсукент” ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Т.Құралбаев, Ордабасы орталық аудандық ауруханасының ульртадыбыстық диагностика дәрігері А.Сахова болды.
Облыста 20 мыңнан астам медицина қызметкері болса, оның ішінде 12 мыңнан астамы ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Ал, қалалық деңгейдегілер саны – 6940. Марапаттау рәсімі партияның аудандық, қалалық филиалдарында да жалғасады. Облыс бойынша аталған марапат 30 медицина қызметкеріне табысталды.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі