Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы халыққа есеп берді
Шымкент қаласы ПД-нің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков 2021 жылғы жұмыс қорытындылары бойынша халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Жиынға шаһар тұрғындары, ардагерлер мен қоғам белсендері қатысып, өздерін толғандырған сауалдар мен ұсыныстарды жолдады. Кездесу барысында, өткен жылы қала аумағында атқарылған жұмыстар мен ІІМ нұсқауымен жаңадан қолданысқа енгізілген «Қорғау» бағдарламасы жайында фильм көрсетілді. Сондай-ақ, полиция генерал-майоры үшінші мегаполистегі жалпы криминалдық жағдай мен ағымдағы жылдың жедел-қызметтік жұмыс нәтижелері туралы баяндады.
Өз кезегінде, Президент Қ.Тоқаевтың қылмысқа қарсы күресте бірқатар индикаторларды тапсырғанын атап өтті. Яғни мал ұрлығы, есірткі бизнесіне қарсы күрес, жол-көлік оқиғалары мен ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейіне тоқталды. 2021 жылы Шымкент қаласы бойынша 10 611 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгенін, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға аз екендігін мәлімдеді.
Атап айтқанда, қала аумағында тіркелген ұрлықтардың жалпы саны 12,0 пайызға төмендеп, ашылымы 15,8 пайызға артты. Оның ішінде, пәтер ұрлығы қылмыстарының саны 6,3 пайызға азайды. Интернет алаяқтық бойынша 281 қылмыстық іс тіркеліп, оның 34-і сотқа жолданған, 181 іс тергеуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, полиция қызметкерлері интернет алаяқтықпен айналысқан 5 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтады.
Қоғам дертіне айналған есірткі қылмысы бойынша өткен жылы 350 құқық бұзушылық жайты анықталып, жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 24 күдіктіден құралған 5 қылмыстық топ құрықталды. Осыған байланысты 2021 жылы заңсыз айналымнан 90 келіге жуық есірткі заттары тәркіленгенін атап өтті.
Бұдан өзге, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен енгізілген сервистік полиция моделінің міндеттеріне тоқталды. «Біріншіден, сервистік полиция халыққа қолайлы қызмет пен қылмыстың алдын алу жұмыстарын жандандыруға арналған, екіншіден тәртіп сақшыларын халыққа жақындатады, үшіншіден полицияның сапалы қызмет жасауын қамтамасыз етеді, төртіншіден естуші мемлекет пен жұртқа жақын полиция қағидатын одан әрі дамытады. Қала әкімінің өкімімен «сервистік полиция» бойынша ведомстволық топтың құрамы мен мүшелері бекітіліп, қазіргі таңда тұрақты жұмыстар атқарылуда»,- деді мегаполистің бас полицейі.
Сондай-ақ, өткен жылдың өзінде қала аумағында 435 жөл-көлік оқиғасы тіркеліп,салдарынан 76 адам қаза тапты. 400-ге жуық азамат ауыр дене жарақатымен емханаға жеткізілген. Жалпы жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуына жүргізушілердің жылдамдықты шаман тыс арттырып, қарсы жолаққа шығуы , қауіпсіздік белдеуін тақпай, мас күйінде тізгінге отыруы себеп.
Осы орайда, ІІМ-нің нұсқауымен 20-сәуірден бастап мегаполис аумағында «Қорғау» арнайы бағдарламасы іске қосылды. Қазіргі таңда, аталған қосымша департаменттің Жедел басқару орталығына және Патрульдік полиция қызметкерлерінің планшеттеріне қосылған. Яғни, планшет арқылы полиция қызметкері 8 шақырым аумақтағы жол ережесін үнемі бұзатын жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік алғанын айтты.
Генералдың есебінен соң, азаматтардың сұрақтары мен өтініштеріне кезек берілді. Қала тұрғындары мен қоғам белсенділері ашық микрофон алдында өзекті мәселелерін жеткізіп, шешімін тыңдады. Оның ішінде, мегаполис көшелеріндегі жол қауіпсіздігі, учаскелік полиция қызметі, интернет алаяқтар мен есірткі жарнамасына қатысты бірқатар сауалдарға жауап берілді. Атап айтқанда, Қаратау ауданының тұрғындары мектеп көшелеріне жол белгілері мен «Сергек» жүйесіне қосылған бейнекамераларды орнатуды сұрады.Себебі, балалардың жол-жүру қауіпсіздігі ата-аналарды алаңдатып отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде, Қайрат Дәлбеков ІІМ -нің тапсырмасымен алдағы уақытта қала аумағына тағы 800 жаңа бейнекамера орнатыланын, аталған аудан тұрғындарының өтініші ескерілетінін айтты. Сондай-ақ, «Нұрсат», «Күн шығыс» шағын ауданының азаматшалары автотұрақ мәселесі жайында сауалдарына жауап алды. Және жеке сұрақпен келген азаматтардың өтініштері қанағаттандырылып, бірқатар мәселелер басты назарға алынды.
Жиын соңында, қала ардагерлері полиция қызметкерлеріне алғыс білдіріп, олармен бірлесіп жұмыс істесек ғана қылмыссыз қоғам қалыптастырамыз деді. Және ақсақалдардың ақ бастасымен есеп беру кездесуі аяқталды.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі