Шымкентті не үшін су басып қалғаны белгілі болды
OINET.KZ - Кеше Шымкент қаласында жаңбыр қатты жауып, көшелерді су басты. Көптеген автокөліктер жаңбырдан пайда болған көлшіктерден жүре алмай, көшеде көлік кептелісі пайда болды. Бұл қала тұрғындарына орасан зор кедергі келтірді.
Бүгін осы жағдайға байланысты қала әкімінің баспасөз хатшысы Бекен Қоныс Facebook парақшасында түсініктеме берді. Оның жазуынша, Шымкентке бір айдың жаңбыры бір-ақ күнде жауған.
"Шымкент қаласында 2022 жылғы 9 наурыздың екінші жартысында және түнде жауған жаңбырдың мөлшері 1 айлық нормадан асып, 28 мм құрады. Айлық көрсеткіш 26 мм.
Су басу қаупі бар аумақтардағы жаңбыр суын сору жұмыстарын үйлестіру үшін әкімдік, төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық қызметтердің мамандары енген жедел штаб құрылды. Сонымен бірге, әр ауданнан арнайы кезекші бригадалар ұйымдастырылды.
Мөлшерден тыс жауған жауынның салдарынан қаладағы бірқатар көшелерді су басты. Дер кезінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңбыр суын сору жұмыстары 44 мекен жайда жүргізіліп, қауіптің алды алынды.
Ауа райына байланысты туындаған қолайсыздықтарды жою үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов түнде жұмысшы топпен қаланы аралап тиісті тапсырмалар берді" - деп жазды баспасөз хатшысы.