ҚР мемлекеттік хатшысы Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Шымкент қаласының Нұрсәт шағынауданындағы №104, 105 көп қабатты тұрғын үйлердің кілттерін табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Қалада тұрғын үй кезегінде тұрған 112 отбасы жаңа пәтерлердің кілтіне ие болды. Олардың барлығы – көп балалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы отбасылар.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев пен қала әкімі М.Әйтенов шымкенттіктерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, отбасыларға көптен күткен пәтер кілттерін табыстады.
«Қаланың жаңа даму бағдары айқындалды. Оның болашағынан үлкен үміт күтеміз. Шымкентті жайлы қалаға айналдыруда үлкен жұмыстар атқарылуда. Биыл 1 млн. шаршы метр алаңы бар тұрғын үй пайдалануға берілуде. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Халқымыздың саны артып келеді. Тұрғындар саны еселеп өсе берсін», - деді шараға қатысқан Қырымбек Көшербаев.
Қала әкімі халықты тұрғын үймен қамту саласында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. Биыл 676 азамат сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар, ағымдағы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында 20 көп қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті.
Нұрсәт шағынауданында орналасқан 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысын мердігер «Корпорация Ақ ордасы» ЖШС жүргізді. 2019 жылы басталған құрылыс жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталды. Пәтерлердің жалпы ауданы – 6 230 шаршы метр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту жұмысы да жалғасуда. Биыл осындай 300 жасқа 5 жылға арендалық пәтер табыс етілді. Алдағы уақытта тағы 900 пәтермен қамту жоспарланып отыр.
Осыдан 3 жыл бұрын Шымкентте 430 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 1 миллион шаршы метрге жетті. 2023 жылдың соңына дейін қалада тағы 3 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі