Тіл мен Ұлт – егіз ұғым

Oinet.kz 28-11-2021 650

Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Бұл туралы халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының VI құрылтайында айтылды. Бұл жиын­да қазақ тілі мәртебесінің 30 жылда қаншалықты өскені сарап­талып, нақты шешімдер қабылданды. Маңызды жиынға республиканың түкпір-түкпірінен 60-қа жуық делегат шақырылды.

Screenshot_4.jpg

Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәжіліс депутаттары, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары қатысты. Құрылтайда Қ.Көшербаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайға арналған құттықтау хаттарын оқып берді.

– Бұл ел басшыларының ана тілімізге деген көзқарасы мен қамқорлығын көрсетсе керек, – деген Мемлекеттік хатшы:

– Тіл мен Ұлт – егіз ұғым. «Ұлт­тың сақталуына да, жоға­луына да себеп болатын нәр­сенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жо­ғалған жұрттың өзі де жоға­лады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлы реформатор ғалымның бұл сөзі – ешқашан мәнін жоғалтпайтын даналық. Ахаң айтқан сөздің ақиқат екенін ЮНЕСКО-ның аясында өтетін «Халықаралық ана тілі күні» басқосуында лингвист ғалымдар да қуаттады. Ғалымдар әрбір екі апта сайын жер бетінен бір тіл­дің жойылатынын дәлел ре­тінде келтіріп отыр. Осыған қа­рап, әлемдегі 7 мыңға жуық тіл­дің ғасыр соңына қарай жартысы жоғалуға таяу деп болжам айтты, – деді.

Қ.Көшербаев қазақ тілінің маңызына ерекше тоқталып өтті. Мемлекеттік хатшының айтуынша, кей азаматтар жаңсақ түсініктен әлі арыла алмай келеді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­­­­да­рында­ Тұңғыш Прези­ден­т – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың бастамасымен бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған Конс­ти­туцияға сәйкес қазақ тіліне Мем­лекеттік тіл мәртебесі берілді. Алайда бүгінгі қоғамда кейбір азаматтардың Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қа­зақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма бола тұра, келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлемді негізге алып, «бізде екі мемлекеттік тіл бар» деген жаңсақ түсінікте жүргені де бай­қалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселеге нүкте қойды. Қазақстан халқына арналған Жол­дауында айтылғандай: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», деді Қырымбек Елеуұлы. Мем­лекеттік хатшы баяндама­сында нақты статистикалық мәлі­меттер келтіріп, қазақ тілінің даму көрсеткішіне тоқталды.

– Салыстырар болсақ, 1991-1992 жылдары балабақшаның 25 пайызы ғана қазақ тілінде еді. Қазіргі уақытта балдырғандардың 76 пайызы қазақ тіліндегі топтарда тәрбие мен білім алуда. Ал мектептерде қазақ тіліндегі оқушылардың үлесі бар болғаны 33,6 пайыз болса, бұл күнде ол 65,6 пайызға жетті және бұл динамика ілгерілеу жолында. Бір кездері Алматыда бар болғаны екі-ақ қазақ мектебі, қазіргі астанада ана тілімізде білім беретін бір ғана мектеп болғанын ешкім ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Сол сияқты колледждер мен университеттердегі қазақ бөлімдерінің саны едәуір көбейіп, қазір 65,3 пайызға жетті. Яғни білім берудің барлық салаларында қазақ тілі басымдыққа ие болды. Мемлекеттік органдар арасындағы қазақ тіліндегі құжат айналымы 2008 жылы 50 пайыз болса, қазір қазақ ті­лін­дегі шығыс құжаттарының үлесі шамамен 94%-ды құрайды. Әрине, құжаттарды орысша да­йын­дап, соңына қазақша аудар­ма­сын ілестіріп жіберетін көз­бояу­шылықтың барын да ашық айтуымыз керек. Алдағы уақытта іс қағаздарының мемлекеттік тіл­де дайындалуын қадағалауды күшейткен дұрыс. Бұл мәселеге қоғам да атсалысуға тиіс. Ұлттық жоба аясында 23 миллион тіл үйренушісі бар «Лингуалео» (LinguaLeo) білім беру платформасына қазақ тілін оқыту курс­тарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасын құру жұмысы қолға алынып отыр. Бүгінде корпустағы сөз қолданыс саны 14 миллионға жетсе, 2025 жылы 40 миллионға жеткізу жоспарлануда, – деді Қырымбек Көшербаев.

Құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы бойынша Орталық кеңесінің есебі тыңдалды. Сонымен бірге қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Деле­гаттардың ашық дауыс беруі ар­қылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып Мәжіліс депутаты Берік Әбді­ғалиұлы сайланды. Ал вице-прези­дент лауазымдары Максим Ро­жин мен Анар Фазылжановаға тап­сырылды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ

Заман талабына сай жаңғыртуда жаңа жоспарлары бар
Ми инсультін диагностикалайтын жасанды интеллект жүйесі іске қосылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу