Шәкірттерін шыңға бағыттаған ұлағатты ұстаз
Гүлжан Айтжанованың мамандығы тарих пәнінің мұғалімі. Ұстаз қаладағы №58 жалпы орта мектебінде оқушыларға еліміздің төл тарихынан сабақ беріп қана қоймай, шәкірттеріне қазақ жырауларының шығармашылығын да зерттеуді үйретуде. Бүгінде шәкірттері жыраулар туралы ғылыми жоба қорғап, олардың туындыларын кеңінен насихаттап отыр.
Ұстаздың сөзінше, Қазақстан тарихы пәнінде мәдениет, әдебиет және өнер тараулары бар. Жыраулар шығармашылығында да сол заманғы елдің жағдайы, жоңғар шапқыншылығы кезіндегі батырлардың ерлігі, елдің тұрмыс тіршілігі туралы деректер өте көп. Оқушылары жоба қорғауда жыраулар жырындағы мәселелерге қызығушылық білдіріпті.
Гүлжан Шырымбекқызы педогогика саласында 30 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол сабақтарын әртүрлі әдістерді қолданып, көбіне ойын күйінде ұйымдастырады. «Қамал тұрғызу», «шыңға шығу» секілді тәсілдер оқушыларды шапшаң ойлауға, қысқа мерзімде тақырыпты ойша сараптауға үйретеді.
Еңбек жолында 100-ден аса пән олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген. Оның ішінде 12-сі халықаралық, 16 шәкірті республикалық білім бәйгесінде озат шыққан.
Шәкірттерін білімге, шығармашылыққа бағыттаған Г.Айтжанованың есіл еңбектері елеусіз емес. Бүгінге дейін қалалық білім басқармасының алғыс хаттары және «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.
Елдің ертеңі болған жастардың бойындағы тұлғалық қасиетін қалыптастырып, білім нәрімен сусындатқан Гүлжан Шырымбекқызы секілді ұстаздар әрқашан зор құрметке лайық.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі