«Мәңгілік ел» сағат-стеласы ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған «Мәңгілік Ел» сағаты бар стеланың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Бұл нысан Қазақ ұлттық университетінің түлектері қауымдастығының бастамасымен салынған. Ашу салтанаты барысында құттықтау сөзімен ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәми: «Түлектер қауымдастығы университетімізді безендіру, ғылыми жобаларға демеушілік көмегін көрсету, талантты жастарды стипендиямен көтермелеу дәстүрлі тәжірибеге айналғанын мен сіздерге мақтанышпен айта аламыз» - деп лебізін білдірсе, ҚР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасына Ә.Жүкенов "Мәңгілік ел" сағат-стеласын Мәскеу шаһарынан арнайы тапсырыспен жасалып әкелгенін баяндады. Арнайы келген қонақтар арасында О.Сулейменов С.Байқошқарова А.Байтасов сияқты т.б. зиялы қауым түлектері болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев "Мәңгілік ел" сағат-стеласы символының мағынасын айта келіп, келген зиялы қонақтармен жабулы ақ матаны түсірді. Университет ұстаздарының, магистрант пен студенттердің риза болған шапалақтарына түлектер әбден бөленді. Салтанатты шара соңында ұстаздар мен магистранттар, студенттермен бірге "Мәңгілік ел" сағат-стеласының алдына суретке түсіп қуаныштарын жасыра алмай жатты.
Жалғас Иманалиев, Гүлжан Болатова