«Әкем мас болып келгенде төсектің астына тығылатынбыз» - Жұлдыз Өмірғали
Жұлдыз Өмірғали балалық шағы, әкесінің ішкілікке салынуы, анасына деген өкпе-реніші жайлы баяндады. Ол "Жұлдыздың жары" бағдарламасына ашық сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Жұлдыз бала кезінде отбасының дұрыс моделін көре алмағанын айтады. Оған себеп әкесінің үнемі ішімдік ішіп, үйде жанжал шығаруы, анасының таяқ жеуі.
"Ауылдық жерде адамдар ішімдікке құмар болады. Әкемнің сондай әрекеттерінен жөнді отбасылық үлгіні көрмедім. Ол немен аяқталды? Отбасы сынып, бәрі жан-жақта қалды. Біз ата мен апаның қолында, анам басқа жақта, әкем өмірден озды", – дейді Жұлдыз.
Өмірғалидің айтуынша, әкесі анасына үнемі қол көтеріп отырған. Тіпті:
"Өлтіріп қоятындай жағдайға да жеткен болатын. Бірақ Құдайға шүкір анам тірі қазір, өзінің отбасы, жолдасы бар. Есімді білгелі, әкем мас келе жатыр дегенді тарс жабылған темір қақпадан білетінбіз. "Төсектің астына барып тығылыңдар" деген белгі болатын бізге.
Қорқынышпен өмір сүрдік. Қазір Айқынмен қатты ренжісіп, дауыс көтеретіндей жағдайға жетсек, бірден сондай күй кешемін. Төсектің астына барып тығылып қалғым келеді", – деп ақтарылды өнер жұлдызы.
Жұлдыздың анасы балаларымен бірге бірнеше рет қашпақ болыпты. Алайда сүйген адамына деген сезімі мен отбасына деген адалдығы оны әрі аттатпаған ұқсайды.
"Кішкентай кезімде анама: "Кетіп қалайықшы, өтінемін" деп айтатын едім. Мен есімде қараңғы, ай жарқырап тұр, біз пападан қашып барамыз. Анам 1-2 рет кетуге тырысты, бірақ кете алмады. Сүйген шығар?! Ешкімді кінәламаймын, ол – тағдыр.
Әке-шешеме алғыс білдіремін. Денім сау, аяқ-қолым бар, әдемі деп айтатындай келбетіме рақмет айтамын. Өткен іс өтті. Қазір әкемді жамандауға да аузым бармайды, себебі әкем ол – әкем.
Әкем бізге жаман сөз айтып немесе ұрған кезі болған емес. 13 жасыма дейін әкемнің жанында өстім", – дейді Өмірғали.