«Рубалкабаны жеңетініме ешкім сенген жоқ» - Мұхтархан Ділдәбеков
Олимп шыңы. Шаңның арасынан көзі ғана жарқ етіп ауыл көшесінде ойнап өскен баланы ешкім ол шыңнан көремін деп ойламаса керек. Балалығым өткен ауданда ол есімді көп естідім. Мәдениет үйінің «Біздің мақтаныштарымыз» деген бұрышында рәсімі тұратын. Арманымызды жоққа шығарған мұғалімдерге булықсам, оның есімін айтатынмын. Тағдырында өз кетігін тауып қалана алмаған, дарынын өлтіріп алған есімдерді көп кездестірдім. Арманын өлтірмей, тіршілігін «тірі» хәлде сүргендер тым аз. Қай биікке шықса да, көптен биік боп көрмеген. Қарапайымдылығын сақтап, лауазымды қызмет деп қабылдаған тұлға. Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдабековпен сұхбат құрған едік.
Мұхтархан Ділдәбеков, Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры
– Мұхтархан аға, спорттағы карьераңызда тәуелсіздігін жариялағанына көп болмаған, іргесін енді тіктеп жатқан елден екендігіңіз қаншалықты әсер етті?
–Жоға, аса бір әсер еткен жоқ. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында балалығым өтті. Аттың құлағында ойнап, көкпарға деген қызығушылығым жоғары болып бой түзедім. Мектепті тәмамдап, Шымкент қаласына келдім. Алдыма қойған биік мақсат, жетік жоспарым болмады. Ерхан ағам спортқа тартып, бойымдағы бұла күшті ақылмен басқаруға баулыды. Көкпардан басқа спорт түріне қызықпаймын деп ойлағам. Бокспен шұғылдануды ұсынғанда, бас тартпадым. Тұңғыш бапкерім Нұрғали Сафиуллин болды. Балалар, жасөспірімдер сапында додаға қатыспай ересектер арасына топ ете қалғаннан болар, саясат туралы ойланбадым. Тактика, әдіс-тәсіл меңгеруге күшімді, ақылымды арнадым.
Бірде жарық, бірде жылу жоқ кезең еді. Қызығы мен қиындығы қатар жылдарда барлығын еңсемізді тік көтеріп өткердік. Студенттік жылдарым сондай кезеңге тұс келді. Тағдырдың берген несібесіне разы едім. Жас мемлекет болғандықтан өтпелі қиындықтар өкпек желдей өтті де кетті. Қаншама адамның төккен терімен экономикамыз тұрақтанып, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарды. Шынында, барлығы еңбекпен келеді ғой. Неге қол жеткізіп, қай биіктен көрінсем де әуелі жоқтан бар етіп жаратқан Алла, кейін еңбегімнің арқасы деп білемін. Олимпиададан күміс жүлде, әлем біріншілігінен күміс жүлде бұйырды. Азия чемпионатының алтыны бұйырды. Менің спорттық карьерамда бұл жағдаят кедергі келтірген жоқ. Менен де мықты, аузын айға білеген елдің спортшылары додада топ жара алмады. Спортқа кеш келгенмен жақсы нәтижеге жеттім деп ойлаймын.
– Аға, сізден кейін ауыр салмақта Оңтүстікте тұғырға шыққан мықты болмады. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Сараптап қарасам, аса ауыр салмақта мықты спортшылар болды. Бірақ жаттықтыратын бапкерлер жоқ. Жеңіл салмақтағы спортшы мен ауыр салмақтағы спортшыны баптау – екі ауқымда. Менің кезімде аса ауыр салмақта баптайтын жақсы жаттықтырушылар болды. Қазір марқұм болып кеткен Александр Апачинский (Василий Жировтың бапкері), Қазақстан ұлттық құрамасының тұңғыш жаттықтырушысы Әбдісалам Нұрмаханов ауыр салмақтағы боксшылардың бабын білетін еді. Он екі жылын менің спорттағы жолыма арнаған Нұрғали Сафиуллин де мықты маман. Ондай адамдарды сыртқа жіберіп алмай, потенциалын бағамдай білу керекпіз. Қазір жақсы бапкерлеріміз шет мемлекеттермен келісімшарт жасап жатыр. Мықты спортшының артында қайратты бапкер сүйеу болатынын ұмытпауымыз керек.
– 1999 жылғы әлем чемпионатының финалында Синан Самил Самның жеңуіне Түркияда алапат жер сілкінісі болғаны ықпал етті ме, қалай ойлайсыз?
– Әсер етті, әрине! 1999 жылы АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы дода еді. Сайдың тасындай іріктелген спортшылар арасында қара үзген едім деп сеніммен айта аламын. Әлем чемпионатының жартылай финалында италиялық Паоло Видозбен шаршы алаңға шықтым. Видоз сол кездегі ең шебер боксшы еді. Төрешілер менің басым түскенімді мойындады. Қатар сында түрік боксшысы Синан Самил Сам ұлыбританиялық Одли Харрисонды жеңді. Бір күннен кейін, финал қарсаңында таңғы тоғыз шамасында Сам екеуміз салмақ өлшеуге бардық. Қатты дауыстар шығып, жайсыздық сезілді. Түркияда алапат жер сілкінісі болғандықтан, түрік спортшылары абдырап қалған екен. Түріктер қаралы күн жариялады. Әлем чемпионатында 57 келі салмақтағы Рамазан Палиани Түркия құрамасының басты үміті еді. Бірақ ол жеңіліп қалды. Финалға шыққан жалғыз түрік боксшысы Синан Самил Сам болды. Шаршы алаңда жүрген адамбыз ғой, екеуміздің финалдық жекпе-жегімізде өзімнің басым болғанымды сездім...
Қалауымша ұрдым демесем де, жылдамдық жағынан да, шеберлік жағынан да алда болғанымды бәрі көріп тұрды. Бірақ есеп 4:4, яғни тең делініп, қосымша көрсеткіштер бойынша Сам жеңімпаз болып танылды. Қатты таң қалдым. Спортта әділетсіздік көрдім дейтін кезім сол сәт болған шығар. «Әуесқой бокста әділет жоқ екен» деп ренжідім. Сол жерде Нұржан Сманов ағалық ақылын айтты. «Мұхтархан, мен 14-15 жылдан бері мойныма әлем чемпионатының қола жүлдесін іле алмай жүрмін. Сен үш жылда вице-чемпион атандың. Алдыңда – Сидней олимпиадасы. Орта жолдан бұрылма», деп тоқтатты Нұрекең. Елге келген соң да мамандардың барлығы финалда менің жеңгенімді айтып, арқамнан қағып қойды.
– Сидней олимпиадасының алдында Тунисте дайындалдыңыз. Кубалықтар мысыңызды басып, рухыңызды әлсіретпек болғанын айтқан екенсіз. Олимпиада кезінде де «кубалықпен жұдырықтасса, сұлап түседі» деп сенгендердің қарасы қалың еді. Қандай күш сізді «сындырмады»?
– Әр спортшының арманы – Олимпиадаға қатысу. Залға кірген сәттен мақсатың болады. Мені сындырмаған – арманымның орындалып жатқаны еді. Олимпиада жолдамасын алғаннан, құрамада аса ауыр салмақта жаттығатын ешкім болмады. Бапкеріммен бірінші Мәскеуге, кейіннен Туннисте аса ауыр салмақтағы боксшылармен сппаринг өткізіп, дайындалдық. Алексис Рубалкабадан сол кезге дейін екі рет жеңілген едім. Сппаринг кезінде мен оны ұра алатынымды түсініп, соққы жұмсадым. Бапкерім ол соққымды көзір боларын сезіп, енді олай соққы жұмсамауымды ескертті.
Сиднейде алғашқы кездесу поляк Гжегож Киелсамен өтті. Мен 16:5 есебімен еркін жеңдім. Алексис Рубалкаба германиялық түрік Шыңғыс Қочты бірінші раундта-ақ ұрып жықты. Қоч кескен теректей сұлап түсті, дәрігерлер оны шаршы алаңнан зембілмен алып кетті.
Менің Рубалкабамен жұдырықтасуыма Аманша Ақбаев бастаған еліміздің спорт саласының басшыларының бәрі қарсы болды. «Олимпиадаға келіп алып, анау неміс сияқты құлап жатқаның бізге керек емес» дейді», - деп бапкерім тұжырды. Міне, осы кезде мен қатты ашуландым. Ондай кезде сөз де, іс те қазақы намыспен кетеді ғой. «Аға, Құдай берген жанды Құдай алады. Олимпиадаға келіп тұрып, Рубалкабадан қорқып қашуым керек пе?» деп табандап отырып алдым. Оңтүстік Қазақстан облыстық бокс мектебінің директоры, облыстық спорт басқармасының басшысы, тағы бірнеше адам бар, үстімізге кіріп келді. Бұрынғыдай емес, бәрінің көзқарасы өзгеріп қалыпты. Бәрі менің құлап қалатыныма сенімді сияқты. Жекпе-жекке бір күн қалғанда, ел спортының басшылары маған ашықтан-ашық тыйым салды. «Болды, шаршы алаңға шығам деп дәмеленбей-ақ қойсын. Ұмытсын!» депті. Одан сайын ашуым қозды. «Ел алдында өлсем өліп кетейін! Мені ешкім тоқтата алмайды» деп қасарыстым. Спорт саласы басшыларының бұл әрекетін де түсінуге болар еді. Олимпиада басталғалы он күннен асты, біздің қоржынымызға әлі бір де бір жүлде түспеді. Жығылған үстіне жұдырық болып, енді Ділдәбеков ринг төрінде омпысынан түсіп жатса, оларға қандай абырой болмақ? Сөйтіп, олар менің Рубалкабамен жекпе-жегімді бағдарламадан сызып тастауға ұмтылды. Аманша ағаның: «Болды, осымен тоқта. Бұл сенің олимпиадаң емес. Біз сені келесі олимпиадаға дайындаймыз», - дегенін де ұмыта қойғаным жоқ. Менің ойым басқаша еді. Рубалкабаны жеңсем, кемі қола жүлдеге ілінемін. Ел күткен медаль сол емес пе? Онда несіне қорқам? Таңертең салмақ өлшеу рәсіміне өзім тарттым. Сафиуллин ағай ықылассыз болса да ерді. Егер мен салмақ өлшеуге бармай қалсам, «келмеді» деп жазады да, мені жарыстан алып тастайды. Шын мәнінде, біздің делегацияның көздегені де сол. Мен ширек финалға шығып бара жатқанымда ешкім шығарып салмады. «Мәссаған, мыналар мені мүлде жоққа шығарып тастапты ғой!» деп одан сайын ширықтым. Көрермендер рингке көтеріле бергенімде халық «Нөу! Нөу!» деп даурығып кетті. Жер тепкілейді. «Шықпа, өлтіреді анау сені!» деп жатқанын шамалаймын. Ішім қызып тұр. Бүкіл халықтың мені кісі көрмей тұрғанына ашуландым. Көрермендер қатарында елімізден ешкім жоқ. Тек екінші раунда ғана көрермендер жиналып, жанкүйерлік танытты. Бір Аллаға сыйынып, еңбегіммен арманымды орындадым. Жеңіске жеттім. Мен тағдырыма өкімді елге оқытпадым, өзім әрекет еттім. Нәтижеге жеттім. Ешкім сенбесе де, өзімнің жүрек және білек күшімді бағамдай білдім. Күміс алсам да, Елбасы «алтынмен тең жүлде» деп бағалады.
– Назым Қызайбайдың жылап қалғаны, ашынғаны елдің назарын аударды. Бәсеке тек рингте ме, әлде оның сыртында да көрермен білмейтін бәсеке бар ма?
– Біріншіден, спортшыны таза жеңіске дайындау керек. Ең таза жеңіс – раунд аяқталғанша қарсыласын сұлатып түсіру. Екіншіден, спортшы рухын қарсыласын жеңуге дайындайды. Есеңгіретіп соққы жұмсай алмаса, өзінің өткізіп алған соққыларын ойламайды. «Мен көп соққы жұмсадым, жеңдім» деп ішкі шешімін шығарып қояды. Бұл – қате шешім. Рингтің 4 бұрышындағы төрешілер бақылап отыр. Бұрынғыдай емес, қазір әр қазы электронды түрде тетікті басып, ұпайды жылдам есептеуге мүмкіндік бар.
Мен 10 жылдық спорттық карьерамда 1999 жылғы әлем чемпионатында ғана бұра тарту болды деп айта аламын. Онда да бір елге «жұбаныш болсын» деген ниет болар. Менің ризығым күміс боп бұйырған шығар. Таспалары әлі де бар ғой. Тарихты алдау мүмкін емес. Назым Қызайбайдың рухы жеңісті қатты қалағаны, дайындығының жақсылығы ашындырған болар. Барлық әділдік бас төрешенің арымен байланысты. Төреші әділ болса, ешкім жыламайды. Бәрі де көрерменнің көз алдында болып тұр, қазының әділдігіне төреші – халық.
– Жақсы ойлау үшін жақсы тұрмыс керек. Ой өзі өмірге транс жасайтын дүние ғой. Әділдік жоқ деп немесе әлеуметтік тұрмысын реттеу үшін кәсіпқой боксқа ауысатын спортшылар көбейді. Қазір спортшылардың күйі қалай осы?
– Бұл тақырыптың айтылар шағы келгендей... Спорттың ең құзар шыңы – олимпиада. Спортшы аймақ, облыс, республика, Азия, әлем, содан кейін ғана Олимпиада шыңына жетеді. Барлық жүлде саф әрі сап боп келуі керек. Ұлттық құрамаға енгеннен спортшының әлеуметтік қамтылуы назарда ұсталады. Тіпті боксшының Азия чемпионатында топ жарғаны ескерусіз қалмайды.
Кәсіпқой бокс – спорттағы шоу. Ол жерде сіз иығыңызға ел туын ілмесеңіз, қай елден екеніңіз маңызды емес. Кәсіпқой бокс букмекерлік кеңселердің жұмысымен тығыз байланыста. Маған шетелдік промоутерлерден ұсыныс түсті кезінде. Келісімшарт болды. Мен кейіннен оны бұздым. Спортта жетістікке жеткен қай адамның күйі келмей тұр? Қолғабымды шегеге ілген соң, «жұмыс беремін» деген кісілер 1 жыл үнсіз болды. Тек 2008 жылдан соң қызметке тағайындалдым. Ізбасарлар дайындадым. Қазір олимпиаданың жолдамасын алып отырған Закир Сафиуллин - мен директор болған спорт мектебінен түлеген. Спортта бөлек саясат, бөлек философия бар. Елдің туы екі жағдайда шет мемлекетте желбірейді. Бірінші – Президент іссапармен барғанда. Екіншісі – спортшы жеңіске жетіп, топ жарса. Атланта олимпиадасында 197 ел бақ сынады. Сонша спортшының арасынан қара үзген адамның ғана елінің туы желбірейді. Сонда желбіреген ту кімдікі екеніне көрермен қызығып, Қазақстан атауымен таныс болды. Кейінгі олимпиадаларда біздің елдің жігіттерін танып, жылы шыраймен қарсы алатын деңгейге жетті. Спорт – айна, сен қалай еңбектенсең жетістік тұлғаңда көрініс табады.
– Ережесіз жекпе-жекте де ереже бар ғой. Сіздің өмірлік қағидаларыңыз қандай?
– Не нәрсеге болмасын адалдық таныта білу. Өзгені алдамау, өзімді алдамау. Барлық адам «ертеңге» сеніп, маңызды шаруасын ысырады. Мен олай жасамаймын. Осы сәтте бар болып өмір сүремін.
– Мұхтар Шаханов айтпақшы, «жоғалтудан, iздеуден және табудан тұратын» мына өмiрде не жоғалттыңыз, не таптыңыз, не iздеп жүрсiз?
– Өмір келіп-кетер мекен ғой. Жоғалтудан Құдай сақтасын. Арманыма бастар жол іздедім, жеттім. Халқымның ықыласын таптым.
– Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН