Путин Назарбаевтың идеясын ұрлады
Бұрын ғой, «елден оздық» десең, жұрт күлетін. Өйткені даңғыл жолға түскен Қазақстанның дамып бара жатқанына сенбейтіндер көп еді. Күтсең көзің жетеді екен ғой, күні кеше осы таласты тақырыпқа әдемі бір дәлел табылды. Тауып берген – Ресей басшысы.
Елбасының Жарлығымен Қазақстанда сонау 1995 жылы жұмысын бастап кеткен Ассамблеяны В.Путин енді құрғалы жүр. Ширек ғасыр бұрын шиырлап тастаған қазақы сүрлеуге көршілеріміз енді аяқ артады, бұйырса.
Ресей президенті «Ресей халқы ассамблеясы» атты бүкілресейлік қоғамдық-мемлекеттік ұйым құру туралы Жарлыққа 13 қараша күні қол қойды.
Мұндағы мақсат – 2025 жылға дейінгі ұлттық саясаттың стратегиясын іске асыруға атсалысу және Ресей Федерациясы халықтарының этномәдени алуан түрлілігін сақтау.
Путиннің осы жобаны алғаш рет «Жаңа кезеңдегі жасамыс идеялар» форумының пленарлық отырысында айтқанын ескерсеңіз, идеяның иесі басқарған елде тұрғандықтан, ішіңіз қыз-қыз қайнайды. Бірақ онда тұрған не бар?! «Көрші ақысы – Тәңір ақысы». Елбасының баяғыда сызып берген жолына Екатеринаның ұрпағы енді ұмтылып жатса, оған бола өкпелеудің не жөні бар?!Бірақ орыс ағайындар осы жобаны орнына келтіре ала ма, келтіре алмай ма? Міне, осы жағы күмәнді болып тұр. Ал айтайық, Қазақстанда Ассамблея не үшін құрылды? Қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін, этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін! Арттырды ма? Тұрақтылықты қамтамасыз етті ме? Осы сауалдардың соңына түскендер Ассамблеяны жерден алып, жерге салып жүр. Негізі бұл дұрыс емес. Түсінген адамға Ассамблеяның атқарған шаруасы шаш-етектен. Біздің Ассамблея арзымайтын мәселеге «аузын былғамайды». Ылғи келелі мәселелерді қозғайды.
Кезінде Парламентті шұғыл тарату, президент сайлауын жедел өткізу қажеттігі туралы тосын ұсыныстарды Ассамблея өкілдері көтеретін. «Елбасы» мәртебесін Ата заңда бекіту жөніндегі «жұрттың тілегін» де жамағатқа Сенаттағы Ассамблея өкілі жеткізген.
Осының бәрі «Қазақстан халқы ассамблеясына» жарасып тұрады. Неге екенін білесіз бе? Себебі қазақ жеріне табан тіреген ұлт пен ұлыстар өз ықтиярымен келген жоқ. Аумалы-төкпелі заманда ықтасын іздеп келді. Бұл туралы «Қазақфильм» түсірген «Балалық шағымның аспаны» деген керемет кино бар. Фильм аспан туралы емес, бірақ қазақ аспаны астындағы этностардың қалай бас құрағанын әдемі суреттейді. Содан да шығар, Қазақстанда «Алғыс айту күні» дейтін ғаламат мереке қалыптасқан.
Енді ойлап көріңізші, Ресей ассамблеясы дәл Қазақстандағыдай қауқарлы қызмет жасай ала ма? «Мосфильм» «Балалық шағымның аспаны» секілді фильм түсірсе, Путин қандай кейіпкердің орнында жүрер еді?! Иә, бізге күлкілі. Күлкінің көкесі, Қазақстан 25 жыл бұрын бастаған жобаны Ресейдің 2025-ке дейінгі ұлттық стратегияға айналдырғаны.
Дегенмен бізден де біршама қателіктер кеткен негізі. «Қазақстанда 130 ұлт бар» деп шіренгенде бүкіл әлем аузымызға қарайтындай көрінетін. Бірақ сол 130 ұлттың тізімін басқа тұрмақ, Ассамблеяның өзі көрсеткен жоқ.
Ақыры көрсетпейтін болған соң, Қазақстанда 130 емес, 250 ұлт бар деп ұра салсақ та, болғандай екен. Неге дейсіз ғой, себебі Ресей ұлт саны жағынан бізден озды. Рас болса, солтүстіктегі көршімізде 190 ұлт бар көрінеді. Әнеки, мәселе!
2010 жылғы есепке қарағанда, орыстан кейінгі алғашқы үштікке татарлар, укараиндер және башқұрттар енген. Қазақтар – 10-орында, Ресей халқының 0,45 пайызына тең. Орта азиялық 49 сыған мен 45 свань, 24 чамалал мен 4 керекит те этностар санын толықтырып тұр. Бар болғаны 1 ғана адамнан тұратын юги дейтін ұлтты да осы Ресейден табасыз.
Бір қызығы, «Ресей халқы ассамблеясы» деген қоғамдық ұйым бұл елде 1998 жылы құрылған. Қазақстан ассамблеясынан 6 жыл кейін құрылса да, 2018 жылы 20 жылдығын атап өтті. Демек әжептәуір тарихы бар. Ендеше, бар дүниені қайта құру қандай қажеттіліктен туындады? Путин қол қойған Ассамблеяның аты дардай. Бұрынғысы «Бүкірлесейлік қоғамдық ұйым» деп аталса, қазіргісі «Бүкілресейлік қоғамдық-мемлекеттік ұйым» деп аталады. Соған қарағанда, ассамблеяның ресейлік нұсқасы бұрын ылғи «кәкір-шүкірмен» айналысып келген сияқты. Путин оны жаңа форматта дамытып, саясатқа пайдаланғысы келетіндей.
Бұлай деуімізге бір себеп, Ресей халықтары ассамблеясы жұмысының ендігі бір бағыты – шетелдегі отандастарға қолдау көрсету болмақ. Яғни, болашақта шетелдегі орыстілділердің құқын Жириновский секілді «тізесі шыққан» жырындылар емес, Ресей халықтары ассамблеясындағы сығандар мен сваньдар көтеруі мүмкін.
Идея біздікі болғанымен, көршілеріміз құрған ассамблеяның артықшылығы да осында-ау деп болжауға мәжбүрміз.
дереккөз: nege.kz