Назира Дәрімбет: «Мұхамеджан Тазабек ақымақ емес»
Жақында «Асыл арна» директоры Мұхамеджан Тазабектің «Тәлім Trend» атты бағдарламасы көрерменге жол тартты. Бірақ ол тәлім-тәрбиені әдеттегідей You tube немесе өз арнасынан емес, Ұлттық арнадан көрсетіп жатыр. Әрине, Мұхамеджан десе, дау-дамай да қоса жүретінін жасыру мүмкін емес. Бұл жолы халықтың да, қоғам белсенділерінің де пікірі екіге жарылды. Бірі бұл бағдарлама концепциясынан үміт көрсе, екіншілері тәлімнің орнына өзге дүние бере ме деген күдікте.
Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, даттап жатқандар да, ақтап жатқандар да табылады. Осы тұста белгілі журналист, медиасыншы Назира Дәрімбет «Тәлім Trend» бағдарламасы туралы пікірін білдірген еді.
Жүргізушінің тұлғасына, ұстанымдарына, әрекеттеріне көңіл бөлеміз. Бірақ бұл жерде бағдарламаның қалай шығатынына назар аударуымыз қажет. Мен бірінші бағдарламасын ғана қарадым. Онда діни танымға қатысты сөздер, терминдер айтылған жоқ. Бағдарлама полиция тақырыбына арналды. Медиасыншы ретінде байқағаным, тәртіп сақшыларын жақсы етіп көрсетуді мақсат етіп қойған сияқты. Өзіңіз білесіз, полицейлерге деген халықтың көпшілігі теріс көзқараста. Бірақ бағдарламаларда оларды тек батыр етіп көрсетіп, мақтау тіркестерін қолданады. Оң жақты имидж көрсетуге тырысқан. Иә, олардың арасында адал қызметкерлер бар. Бірақ халықтың полицейге деген теріс көзқарасы неліктен қалыптасты? Неге тәртіп сақшысын көрсе, адамдар айдаладан айналып өтеді? «Күнімізді салмасын» деп жүреді ғой. Оның себебін, тамыр-түбін, жалпы тақырыпты аша алмаған. Тек бір жақты көзқарасты мақсат тұтқан.
Мәселен, қайтыс болған полицейдің баласын сөйлетті. Әкесі туралы жалпылама, жаттанды түрде айтып берді. Шынайы емес көрінді. Бәрімізде әке бар, пафос сөздер айтпаймыз ғой. Оны көрген халық «шындыққа жанаспайтын нәрселер айтып жатыр деп бірден айтады.
Мен бағдарлама көрген кезде тоқтатып, үзінділерін жазып отырамын. Арасында мынадай сәттер байқалды. «Егер де бүгінгі полиция саласында жұмыс істеп жүрген қазақ жігіттері жұмыс барысында қызметін адал атқармаса, жағымсыз пікір тудырса, олар үйінде дұрыс тәрбие алмағандар» дейді. Тақырыппен арасында қандай байланыс бар? Жүргізуші «Қазақи дәстүрлі тәрбиеден жұрдай қалғандар» деп айтып қалды. Мүмкін сол бағдарламаның атауына сәйкестендіруге тырысты ма? Тағы бір көзге басылғаны коррупция туралы бір ауыз сөз айтылмағаны. Істі жабу үшін де, қылмысты жасыру үшін де, ГАИ-да алатынын барлығымыз білеміз ғой. Полиция жүйесінде мұндай нәрсе жоқ сияқты көрсеткен. Шынайы емес бағдарлама болып шықты. Келесі шығарылымдарын көре жатырмыз.
Мұхамеджан Тазабектің тұлғасына орай халықтың ойында үрей болуы мұмкін. Бірақ «Асыл арнаны» қарасаңыздар, екі үш жылдан бергі бағдарламалары өте абай, сақ жасалған. Мұхамеджан Тазабек ақымақ адам емес қой. Асыл арнадан «мыналар сәлафизмді үгіттеп жатыр» деп айтатындай бірде-бір іліп аларлық дәлел таппайсыз. Ал Ұлттық арна мынадай халықтың реакциясынан кейін басшылықпен көп нәрсе келісіледі. Қорқудың қажеті жоқ, бірақ біз қоғам болып қадағалауымыз керек. Халық шулап қоя салады. Ал сарапшылар қаламмен түртіп отырып, көруі керек. Бір нәрсе байқаса, одан кейін барып дабыл қағу қажет. Бұл каналдың рейтингін көтеру үшін жасалып жатқан бағдарлама емес секілді.