Әділдікке үндеген Қ.А.Ясауидың даналық ойлары әлі де өз маңызын жоғалтпады

Oinet.kz 09-09-2020 701

Screenshot_2.jpg

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін енгізу қажеттігін алға тартып,  халқымыздың үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерге ие болуы – ел ертеңі үшін айрықша маңызға ие екендігін және ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін  асыл қасиеттерді  ұлт бойында  қалыптастыруымыз қажеттігін тілге тиек еткен еді. Осы орайда, Ел Президенті: «Әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік -  әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет» және «Бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз» дей келе, әділдік пен адалдық сынды құны биік қасиеттердің қазіргі қазақ  қоғамында  аса қажет екенін ел азаматтарының назарына жеткізген болатын.            

Осы орайда, ХІІ ғасырда өз замандастарын   "Әділ сөйлеп, адал жүр" деп ізгілікке баулыған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың орамды ойлары еріксіз ойға оралады.  Ол өзінің  шағатай тіліне негізделіп жазылған құны қымбат туындысы -  "Диуани хикмет" кітабында ар тазалығы мен адалдық, ізеттілік пен парасаттылық сынды құндылықтардың  адам бойындағы ең арда  қасиет болып табылатынын жеткізген.    

Сондықтан да,  Ұлы Тұран даласында дүниеге келген дана ойшыл бабамыздың  елеулі еңбектері арада қанша ғасыр өтсе де, уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өз мазмұны мен маңыздылығын күні бүгінге дейін  жоғалтпай келеді.     

Бабамыздың асыл мұрасына терең үңілсек, адалдық пен адамгершілікке айрықша көңіл бөліп, оқырман қауымды пайым-парасаттың биігінен көрінуге  үндегенін анық байқауға болады.  

Сол үшін де, бүгінгі күні  Агенттіктің Түркістан облыстық департаментінің қызметкерлері киелі мекенде тұрақтап,  өз замандастарын ізгі жолға бағыттаған Ясауидың озық ойлы шығармашылығынан азық алуға айрықша ден қоюда.    

Адамдық болмыстың озық үлгісі болуға шақыратын Ясауидың даналық ойларынан дән іздеп қана қоймай, олар жаһандану дәуіріне аяқ басқан жас ұрпақтың санасына сілкініс жасауға және сол арқылы парасатты қоғамды қалыптастыруға ықылас танытып отыр.  

Сондықтан да, жас буынды жемқорлықсыз жарқын болашаққа бағыттау үшін "1 қыркүйек - Білім күнінде» өткізілген  жалпыреспубликалық  "Адалдық сағаты"  дәрісінде Ясауидың адалдық құндылықтарына негізделген даналық ойлары жастардың назарына жол тартып,  ел ертеңінің іргетасын қалыптастырушы жастардың жаңа оқу жылында адалдық идеологиясын қалыптастыруларына және тұнық, таза білім арқылы өрісін кеңейтулеріне ықпал етті. 

 Ясауи бабамыздың мемлекет алдындағы маңыздылығын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың   «Түркістаннан тараған аса қуатты рухани сәулемен нұрланған Қожа Ахмет Ясауи Орталық Азиядағы оның ішінде Қазақстанда да, барлық түркі халықтарының ұлттық рухани ілім жүйесін өрнектеп берді» және «Біз Қожа Ахмет Ясауи ілімін алып жүруіміз қажет» деген айшықты пікірлерінен байқауға болады.       

Жалпы Түркістандық ғұламаның еңбектеріне терең бойлай түссек, "Арыңды сақта,  болсаң да малға кедей" деген тіркесті сөздерінен  дүниеде жиған-тергенің  аз болса да,   ар өлшемің биік болуы тиіс екендігін шебер жеткізген.  Және "Жалтақтардан жөн сұрама, жолдан қалған,  Жаны АДАЛДЫ әр уақытта қолдайды Аллам", - деген шумақтарынан теріс мінезділердің жолымен емес, адал ризықпен күн кешіп жүргендердің ізімен жүру қажеттігін және сол арқылы  мол сауапқа кенелуге болатынын атап өткен.    

Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: 

"... Ақылды алсаң, жараңдарға қызмет қылғын, 

АДАЛ жолды тұтқандарға ізет қылғын",- деген өлең жолдары арқылы  замандастарын парасатты болуға үндеп,  бұқара халыққа таза ниетпен, адал еңбекпен қызмет қылу қажеттігін ерекше атап көрсетсе, 

 "Пара алған әкімдер - арамдықпен жүргендер, 

Өз бармағын өзі шайнап өкінішпен қалады",- 

деген Ахмет Ясауи қоғамның күрделі мәселесін ашық көрсетіп, пара алған би-болыс пен  шенді-шекпендінің және әкім-қараның ертеңгі күні өкінішпен өтетінін жеткізеді. Сондықтан да, ол "Диуани хикмет" еңбегінде  оқырман қауымды  қара бастың қамын ойлауға емес, халықтың  алғысына кенелуді мақсат етуге шақырады. 

Бұдан бөлек, әділдікті сүйген Ясауи бабамыз өзінің 60-хикметінде:

"Арың таза болса, әр кез жеңіс сенде" деп өнегелі өсиет сөз қалдырған. Бұдан біздер, жеңіс жалауы - тек ары биік азаматтардың ғана қолында желбірейтінін және 102-хикметінде: 

"Қазы болған ғалымнан ПАРА істеп жегендер,   

Ондай ғалым жайын мен тар азаптан көрдім мен", -   

деп көлеңкелі қылмыс түріне жақын болған  азаматтардың болашағы тас түнек қараңғы болатынын ашық баяндаған.    

Түп-тамырымыз бен ұлттық тарихымызға терең үңілсек, қазақ халқымыз сонау ықылым замандардан-ақ,  Қ.А.Ясауи сынды дана ойшыл бабаларымыздың асыл мұрасымен жіті танысып, қай дәуірде болмасын адалдық деген асыл қасиетпен азықтанып келгендігін  анық байқаймыз.  

Ата-бабаларымыздан бері келе жатқан ар тазалығының биік өлшемін әрі қарай да  сақтап қалу үшін, біз  тәрбиеге тұнық туындыларымызды бүгінгі күні  қайта жаңғыртуға айрықша басымдық берудеміз.  

Сол себепті, біздер жаңа оқу жылында өскелең жас ұрпақты қазыналы еңбектері түркі мәдениетінің төрінде сақталған Қожа Ахмет Ясауидың  өнегеге толы өсиет сөздерімен танысу арқылы қоғамның парасатты тұлғасы болып қалыптасуға шақырамыз!  Жаңа оқу маусымында бабамыздың даналық ойларымен кемелденген ел жастары -  білім бәсекесінде адал білімді арқау ететініне сеніміміз мол!  

Хаким КӨШҚАЛИЕВ, 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы   

Сенаттың бұрынғы депутаты жаңа қызметке тағайындалды
Праймериздің мақсаттары мен оны өткізудің кезеңдері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу