«Түк көрмегендей»: Алтынай Жорабаева халыққа ашуланды
Қазақ эстрадасының жұлдызы Алтынай Жорабаева Көбейтұз көлінің тұзын ұрлап, оны халыққа жаппай сатып жатқан отандастарына шүйлікті. Өнер иесі ерекше қызғылт түсті көлдің бүгінде жанашырлық күйге түскенін алға тартты. Әнші бұл жағдайды көлге жасалған нағыз қастандыққа теңеді.
Алтынай Жорабаева Көбейтұз көліне зиян келтіргендер жайлы бар ойын Instagram парақшасында еш бүкпесіз, ашық түрде жеткізген. Көпбалалы әнші мынадай қиын кезеңде дәл осындай жолмен пайда таппақ болғандарды аяусыз сынап тастады. Оған қоса, өнер иесі аталмыш көлге өзі барған кезден бірнеше фотомен бөлісті.
"Қарап отырсақ көркем жерлер көп-ақ екен ғой. Елорда маңындағы Көбейтұздың кереметін айтсаңызшы.
Әлемде бұндай көл 8 ғана елде бар екен. Көл тұздың деңгейіне қарай бірнеше жылда бір рет қана қызғылт түске боялады екен.
Ғажап иә? Көріп, көз қуанып, Алланың шеберлігіне таң қалып, осындай кереметті біздің елге бергеніне шүкір етіп қайттым. Алланың шеберлігіне шек жоқ қой шіркін.
Бәрін қойып, енді Көбейтұздың тұзын қазып сатып жатқандарын көріп қарным ашты. Бұл деген көлге жасалған қастандық. Көлдің тұзын алу, балдырлардың өсуіне кедергі, яғни түсі қызғылт болуын, судың құрамын өзгертеді. Бұзылған көлдің микрофлорасы қалпына келуі үшін 15 жыл қажет екен. Ойлаңызшы. Екіншіден, адамдарға жасалған қиянат.
Айналайын-ау, ауырған халықтың осы ем десе соңғы тиынына алатынын біліп не болса соны сатамыз ба? Жәй ғана әдемілікке тамсанып қарап, миды демалтып, суретке түсіп қана қайтуға болмайды ма сонда ? Жоқ соны түк көрмегендей қазып алып келіп сату керек пе?
Не болса да пейілімізден тауып жатырмыз ғой. Пейілі тарылған, әр нәрседен пайда іздейтін, алдауға, арбауға бейім халықтан дәл сондай хан шығады ғой. Сосын кімге өкпелейміз? Өз қолымызды өзіміз кесеміз бе? Қауым қандай, сондай басшы берем дейді Алла" , - деп жазды Жорабаева.
Посмотреть эту публикацию в Instagram