Бірден көпбалалы атанды: Павлодарда үшем дүниеге келді
Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғыны екі ұл және бір қызды дүниеге әкелді. Қазір жас босанған ана мен сәбилер павлодарлық дәрігерлердің бақылауында деп хабарлайды Oinet.kz облыстық перинаталдық орталыққа сілтеме жасап.
Ақ халаттылардың мәліметінше, келіншек мерзімінен бұрын босанған. Салмағы екі келіден сәл асатын екі ұл және салмағы бір келі 600 грамм болған бір қыз дүниеге келген. Қазір екі бала шала туған деген диагнозбен патология бөлімінде жатыр. Ал қыз баланың жағдайы жақсы.
"Бұл жоспарланған жүктілік, олар баланы көптен күткен. Босану табиғи жолмен өтті. Жүктілік кезінде де қиындықтар болмады. 36 аптаның ішінде үш керемет сәби дүниеге келді", - дейді Павлодар облыстық перинаталдық орталықтың жаңа туған сәбилер патологиясы бөлімінің меңгерушісі Шолпан Құрманова.
Перинаталдық орталықтың хабарлауынша, әйел адам қазір палатада тек бір баласымен жатыр. Дәрігерлер қалған екі ұлды толық тексергеннен кейін анасына бермек.