Қазақстан және Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы Мақтаарал тұрғындарына көмек көрсетті

Oinet.kz 17-06-2020 973

17 маусым, сәрсенбі күні Түркістан облысының Мақтаарал ауданына ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин және Өзбекстан Республикасы Жизақ облысы кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Нусуратулла Пардаев барды. Делегация құрамына Федерацияның мүшелік ұйымдары басшылары - Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері республикалық салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева,  Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы төрағасы Сұлтан Қалиев, Химия, мұнай-химия және өндірістің тектес салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Керім Пірімқұлұлы, Шымкент қалалық кәсіподақтар орталығы басшысы Берік Бекжанов және қоғам қайраткері Көпен Әмірбек кірді.

image.png

Бүгін  екі тараптың келісімімен Қазақстан Республикасы  Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) және Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы (ӨКФ) тарапынан мамыр айының басында  Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан болған су тасқынынан зардап шеккен елді мекен  тұрғындарына қайырымдылық көмек көрсетілді.

Қазақстан және Өзбекстан делегациясы «Өргебас» және Фердоуси ауылдарына барып, су апаты зардаптарын жою барысындағы атқарылған жұмыстардың барысымен және «Достық», «Жеңіс», «Жаңа-тұрмыс» елді мекендеріндегі су тасқыны кесірінен баспанасыз қалған азаматтарға салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.  

  Мырзакент кентінде ҚРКФ мен ӨКФ көшбасшыларының жергілікті тұрғындармен және су апатынан зардап шеккен елді мекендердегі Аманжолов атындағы, Мүсірепов атындағы, Фердоуси атындағы, «Нұрлы жол» жалпы орта мектептерінің басшыларымен кездесті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Мақтаарал ауданының тұрғындарына арнаған сөзінде Сардоба су қоймасында болған апаттың алғашқы күнінен бастап барлық Қазақстан халқы су тасқынынан зардап шеккен елді мекен тұрғындарына қол ұшын созып, көмек бергендерін жеткізді.

«Мақтаарал – ұлылардың табаны тиіп, рухы жайқалған киелі жер. Мақтаарал ауданының тұрғындары берекені көктен емес, қажырлы еңбектен тілеген тынымсыз еңбекқор жандар екенін біз жақсы білеміз. Қазақ халқы адам өмірінде алты апат кездеседі дейді (жұт, қуаңшылық, зілзала, індет, тасқын су – сел, өрт). Соның бірі – сіздер зардап шегіп отырған су тасқыны екен. Осындай кезенде дүйім жұрт болып, барша Қазақстан халқы қолындағы барымен бөлісіп, көмек көрсетіп жатқаны – жылу дәстүрі деп аталады екен. 

 Мұқтаж жанмен өз жылуымен бөлісу дәстүрі қазақ халқының қанында бар. Сондықтан да, біз осындамыз. Кәсіподақтар елмен бірге, тағдыр тоңдырған мақтааралдықтарға жылумен келдік. Осындай қажетті іс-шараларды жедел түрде қарастырып, жүзеге асырған  Президент пен Үкіметке өз ризашылығымды білдіргім келеді. Өз кезегінде, әріптесіміз - Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясымен  ортақ келісім бойынша Мақтаарал ауданы елді мекендері тұрғындарын қолдау мақсатында бірлесіп 66 миллион теңгенің көмегін көрсету туралы шешім қабылдадық. Біз төрт орта білім беретін мектептерге интерактивті компьютерлік сыныптардың толық жабдығын тапсырамыз», - деді С.Дәулеталин.

Оның айтуынша, бұл апат барлығына үлкен сынақ болды, бірақ бауырлас халықтардың өршіл рухын жасыта алмады, қайта одан әрі жақындастыра түсті. 

«Халқымыз: «Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас», - деген. Біздің күшіміз - бірлікте. Әрбір қазақстандық зардап шеккен бауырларына қолын созып, көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді, бізді бауырлас өзбек халқы да қолдады», - деп атап өтті Кәсіподақтар федерациясы басшысы.

ҚРКФ басшысы Аманжолов, Мүсірепов, Фердоуси атындағы орта білім беретін және «Нұрлы жол» елді мекеніндегі мектептердің директорларына 25 ноутбук, 25 парта мен 50 орындық, 2 принтер, бір-бірден мультимедиалық тақта табыс етті.

Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің 100 тұрғынына ҚРКФ қарасты «Көктем», «Меркі», «Манкент», «Жаңақорған», «Щучинск» 5 шипажайға жолдама беріліп, денсаулықтарын нығайтып, сауықтыру ем-шараларын қабылдауға мүмкіндік алды. Тегін жолдамалар зейнеткерлерге, мұғалімдерге, сондай-ақ, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға да берілді.

Апаттан зардап шеккен ауданның мұғалімдеріне Республикалық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы тарапынан да елеулі қолдау көрсетіліп, 365 білім саласы кәсіподақ мүшесіне материалдық көмек ретінде 35 мың теңгеден берілді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының мүшелік үйымдары 50 млн.теңгенің көмегін көрсетті.

Өз кезегінде Өзбекстаннан «Достық керуенін» бастап келген, Жизақ облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Өзбекстан Сенат депутаты Нусуратулла Пардаев бауырластық әрі көршілік қарым-қатынастар қазақ және өзбек халқының  қатынастарының негізі болатынын атап өтті.

«Бүгін таңертең Қазақстан-Өзбекстан шекарасынан біздің «Достық керуені» өтті. Біз де Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы сияқты бауырлас халықтың басына түскен осы қиындықта бейтарап қала алмадық және біздің қазақстандық әріптестердің зардап шеккендерге қайырымдылық көмек көрсету акциясына қосылдық», - деп атап өтті өзбекстандық делегацияның басшысы.

 Өзбекстан кәсіподақтары жалпы сомасы 16 миллион теңге көлемінде гуманитарлық көмек алып келді, соның ішінде алғашқы қажеттілік тауарлары – құрылыс материалдары, төсек-орын жабдықтары мен азық-түліктер бар.  

Қоғам қайраткері Көпен Әмірбек өз кезегінде Қазақстан және Өзбекстанның екі ірі кәсіподақ бірлестіктеріне өз ризашылығын білдірді.

«Өзгенің қайғысы деген болмайды», - дейді дана қазақ халқы. Кәсіподақтар федерациясы бірлік, ынтымақтастық пен ортақтастық атты кәсіподақтар қағидаларына беріктігін тағы бір дәлелдеді. Өз жерлестерімнің атынан Қазақстан және Өзбекстан кәсіподақтарына зор алғысымды білдіремін. Өзбек халқында тамаша бір мәтел бар. «Егер сіздің досыңыз қазақ болса, сіз жолдан адаспайсыз», - деді К.Әмірбек.

Мақтаарал ауданының тұрғындары Өзбекстан және Қазақстан кәсіподақтарына осы бастамалары мен ауданның өмірін қалпына келтіруге сіңірген елеулі үлестері үшін өз алғыстарын білдірді.

№2 Абылайхан атындағы мектептің директоры, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Абилов екі елдің кәсіподақтарына балаларға көрсеткен көмектері мен қамқорлықтары үшін алғыс айтты.

 «Еліміздің болашағы болып табылатын балаларға айрықша көңіл бөлгендеріңіз үшін рақмет. Мультимедиялық қондырғылармен жабдықталған жаңа компьютер сыныптары біздің мектептеріміздің мақтанышы мен білім алу жолында жақсы көмекші болады», - деді ол.

Бұл іс-шарадан бұрын ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеевпен кездесті. Кездесу барысында аймақ басшысы ҚР Кәсіподақтар федерациясына қиын да күрделі жағдайға тап болған адамдарға қамқорлық танытып, қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

Тараптар өткен жылғы қазанда қол қойылған Меморандум аясында әлеуметтік әріптестердің өзара байланысының алдағы жоспарларын талқылады. ҚРКФ төрағасының ақпараты бойынша өкінішке қарай республика бойынша өндірістік жарақат фактілерінің өсімі байқалуда. Осылайша, жылдың басынан бес ай ішіндегі мәліметтер бойынша Қазақстан кәсіпорындарындағы жұмыс орындарында алынған жарақаттар нәтижесінде 552 адам зардап шексе, 65 адам қаза болды. Соның ішінде, Түркістан облысында өндірісте 29 жазатайым жағдай орын алды, 34 адам зардап шекті, 5 адам қаза болды. Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, көп жағдайда бұл жазатайым оқиғалар өндірістік кеңестер мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жоқ кәсіпорындарда орын алған.  

Кездесу барысында COVID-19 пандемиясы кезеңінде білім беру саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мәселесіне жіті көңіл бөлінді. Соның ішінде, ҚРКФ төрағасы атап өткендей, Шардара ауданының білім беру саласы қызметкерлеріне жергілікті бюджеттен коммуналды қызметтер үшін төлем жасалмайды, Қазығұрт, Түлкібас және Шардара аудандарында тегін медициналық тексерулер өткізілмейді. 

Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі көрсетілген мәселелердің ерекше өзектілігін атап өтті. Тараптар жуық арада әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия қарауына еңбек саласына қатысты барлық өзекті мәселелерді шығаруға келісті. 

Кездесу соңында Өмірзақ Шүкеев еліміздегі кәсіподақтардың жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғаудағы рөлінің маңыздылығын атап өтті.

18 маусымда ҚРКФ төрағасының жұмыс сапары аймақтың еңбек ұжымдарымен және Түркістан облысының кәсіподақ активімен кездесумен жалғасады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтандағы эпидемиологиялық жағдай тым нашарлап кетті
«Енді тойханаларды казинолар сияқты құрту керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу