Назарбаев туралы мақала жазған журналист сотталуы мүмкін
Нұр-Сұлтаннан ұшып келген тергеуші сұрақ-жауап кезінде Инга Иманбайдың мақалаға қосқан үлесі туралы да түрлі сұрақтар қойыпты. Құқық қорғау органдары "Жас Алаш" газетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы мақала жарияланғаннан кейін Қылмыстық кодекстің 174-бап - "әлеуметтік араздық қоздыру" бабы бойынша, қылмыстық іс қозғап, авторын полицияға шақырды, деп хабарлайды zakon.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz.
Газеттің бұрынғы тілшісі, мақала авторы Асхат Асанның айтуынша, қылмыстық іс газеттің 20 ақпан күнгі санында жарияланған "Экс-президентті іздеп, Интерполға жүгінетін күн туса..." атты мақалаға байланысты қозғалған. Полиция журналисті куәгер ретінде тергеп үлгерген.
- "Бұл мақала газетке аз уақыт Инга Иманбай бас редактор болған кезде жарияланды. Асхат Асанның айтуынша, астанадан іссапармен келген тергеуші сұрақ - жауап кезінде Инга Иманбайдың мақалаға қосқан үлесі туралы да түрлі сұрақтар қойған" , - деп жазды іс туралы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы 6 наурызда.
Азаттық тілшісі әзірге бас прокуратурадан жауап ала алмады. Бас прокуратураның баспасөз қызметінің өкілі 6 наурызда түстен кейін "қызметкерлердің бәрі мерекелік шарада екенін, өзінің сұрақтарға жауап бере алмайтынын" айтты.
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының хабарлауынша, 24 ақпанда "құрылтайшылардың қысымына" байланысты "Жас Алаштың" бас редакторы Инга Иманбай қызметінен кеткен. Ізінше газеттен тағы үш журналист Ырысбек Дәбей, Асхат Асан және Есдәулет Қызырбекұлы жұмыстан кеткен.
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының жазуынша, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шамамен отыз жылға созылған режимі тұсында президент туралы сыни мақалалар жарияланғаннан кейін "ар-намысқа тию және қорлау" бабы бойынша бірнеше адамның үстінен іс қозғалған, олардың арасында журналистер де бар. Бірнеше адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айрылған.
Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сұрайды.
20 желтоқсанда Ұлттық кеңестің жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру" бабын ізгілендірілетінін мәлімдеді. Бірақ Тоқаев бұл баптың Қылмыстық кодекстен алынатыны жайлы айтпады.