«Сүйерханымды сағынғанда Астанадағы «Бәйтерекке» барамын»

Oinet.kz 04-03-2008 1970

0_1_IMG_2657-min.JPG

Арман қала атанған Астананың ажарлы болуына  жапондық Курокава,  ағылшын Норман Фостер сияқты аты әлемге әйгілі сәулетшілер атсалысты. Нәтижесінде «Ақорда»,  «Думан» ойын-сауық орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы сынды  талайды тамсандырған көрікті кешендер бой көтерді.  Әсіресе бақыт пен бейбітшіліктің, үміт пен сенімнің белгісі  іспеттес  «Бәйтерек» биігінің орны бөлек екені талас тудырмайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен тұрғызылған ғажайып монумент бүгінде тұтас мемлекеттің  символына айналса, бұл жобаны жүзеге асырған бір топ талантты сәулетшілердің арасында оңтүстікқазақстандық Сүйерхан Базарбаев та бар еді. 

«Туған жеріміз Бәйдібек ауданы Сарыбұлақ ауылындағы орта мектепте ұзақ жылдар бойы басшылық қызметті абыроймен атқарған әкесі марқұм Оспанбек Базарбаев ердің жасы 50-ден енді асқан шағында жүрек талмасынан көз жұмған болатын. Әйтеуір елге сіңірген еңбегі ескеріліп, оған ауылдағы бір көшенің аты берілді. Үйдегі 2 ұл, 3 қыздың ішіндегі үлкені Сүйерханым болса қылшылдаған қырық жастың бел ортасына барғанда дәл әкесі секілді жүрек талмасына ұшырап, ойда-жоқта одан да айырылып қалдық. Жарық дүниедегі талқаны таусылғанына алдағы 9 желтоқсанда 5 жыл толады. Бәйдібек ауданында кіндік қаны тамғанымен балалық шағы, мектептен алған тәлім-тәрбиесі көршілес Сайрам ауданының жылнамасына жазылғандықтан осы аудандағы Титов атындағы орта мектепті келешекте оның есімімен атау лайықты екендігін айтып, ұжымдағылар бірауыздан ұсыныс жасап жүргеніне біраз уақыт болды. Мектепте Сүйерханның туындылары қойылған мұражай ашылған. Ономастикалық комиссиядағылардан түсінгенім заңдылыққа сәйкес атауға ұсынылған адамның қайтыс болғанына  5 жыл толуы керек екен. Осыны алға тартқан жауапты азаматтар сын сағаты туғанда созбалаңға салмай уәделерін орындайтынына сенеміз». Аяулы ана, асыл жар, 40 жыл ұлағатты ұстаз ретінде жемісті еңбек еткен Гүлсім Үсіпбаева екеуміздің тілдесуіміз осылай өрбіп, әрі қарай әңгімесін жалғастырды. 

 -  Перзентіңізді аңсағанда Астанаға ат басын бұрып «Бәйтерекке» бара алып жүрсіз бе?   

 - Сүйерхан өзі жобалаған нысандар жайлы жиі әңгімелеп отыратын. Ұлымның жеткен жетістіктері мен бағындырған биіктерін көріп, қуанышым қойныма сыймайтын. Талай жарыстарда озып шығып, жеңімпаз атанды. Алматыдағы метро, зоосаябақ секілді маңызды нысандарда қолтаңбасын қалдырды. Еліміздің мемлекеттік наградаларының эскиздерін жасаған. Ал Астанаға жыл сайын барып тұрамын. «Бәйтеректің» жанында өмірден ерте кеткен ұлымды еске аламын. Са5ынышымды басамын. «Аз ғұмыр сүрсең де, ғасырдан ғасырға жететін іс қалдырдың» деп  іштей тілдесемін Сүйерханмен.   Астанада «Бәйтеректен» де басқа қаншама ірі жобаларға қатысты. «Мен жаңа астанамыздың символына айналған осы ғажайып жобаны  жүзеге асырған барлық азаматтарға рахметімді айтқым келеді. Бірінші кезекте «Астана-Бәйтерек» кешенін жобасын жасауға  қатысқан  топты басқарған   талантты сәулетші, Қазақстан сәулетшілер одағының президенті,  Ақмырза Рүстембековті атап өткім келеді. Астана символын жасаған  топқа сәулетшілер С. Базарбаев пен Ж. Айтбалаев, инженер-конструктор М. Вайнштейн,  интерьер дизайнері А. Оспанов  сынды білікті мамандар кірді. Осы азаматтар болмағанда Астананың құрылысы мұншалықты қарқынды әрі таңдандырарлықтай дәрежеде жүрмес еді» деп  ұлымның аты-жөнін, еңбегін Елбасымыздың өзі  «Еуразия жүрегінде» атты кітабында ерекше атап өткен. Осы жоба ТМД мемлекеттері арасында ұйымдастырылған халықаралық байқауда топ жарды. Дүниежүзілік сәулетшілер көрмесінде тағы да үздік деп танылды. «Астана-Бәйтерек» жобасын жасағаны үшін Қазақстан Республикасының  өнер табысы  патенті мен  авторлық патенті  берілді. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды.  Мұның барлығы – талай ұйқысыз түндердің, күлкісіз күндердің жемісі. Маңдайыма сыймай кетті ғой құлыным. Ұлым өмірден қайтқан соң келінім Ғалия да дүние салды. Ол қайғы да оңай тиген жоқ.

- Жуырда  немереңіз Динара Елбасының қабылдауында болды деп естідік. 

- Иә, Сүйерхан марқұм тым ерте өмірден өткенімен отын өшірмейтін, атақ-абыройына кір келтірмей керісінше мақтан тұтатын немерелерімнің өсіп келе жатқанына шүкіршілік етемін. Тұңғышы  Динара Алматыдағы консерваторияда оқиды. Оқу озаты ретінде Елбасының қабылдауында болып қайтты. Ортаншысы  Нұртөлеген Астанадағы музыкалық академияның студенті, кенже ұлы Нұрболат та музыкалық академияның колледжінде тәлім алады. Дарынды немерелерімнің жарқын болашағына кәміл сенемін.    

- Сүйерханның  кіндік қаны тамған өлкемен қарым-қатынасыңыз қандай? Елде не жаңалық бар? 

- Қазір Сайрам ауданынан қоныс тепкен кенжем Мүсірханның шаңырағында тіршілік көшіне ілесіп келе жатқаныммен туған жерге барып тұруды әсте ұмытқан емеспін. Таяуда қызым Гүлдария облыстық деңгейде «Үлгілі сынып жетекшісі» номинациясы бойынша бас жүлдені иеленіп, республикалық байқауда да өнері мен білімі жоғары бағаланды. Ол жұмыс істейтін Шаяндағы лицей-гимназияға «Қазатомпром» ұлттық компаниясы қомақты қаражат бөліп,  мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Балаларға заман талабына сай компьютерлер мен жиһаздарды сыйға тартып, көрнекі құралдарға дейін толыққанды жабдықтап бергені қаншалықты тамаша тарту-таралғы екенін байырғы ұстаз ретінде өз басым жақсы түсінемін. Еліміздің болашағын ойлайтын абзал азаматтар көп болса деймін.                                                                

Раушан Баударбек,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Ауылдағы бала бақшалар 6 пайыздан аспай тұр
Перудің Жапон ұлтынан шыққан президенті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу