Нұрғазы Бұхарбаев, «Индустриалды аймақ «Ордабасы» ЖШС директоры, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:
«Индустриалды аймақ Шымкентте кәсіпкерлікті дамыта түседі»
- Сіз тізгінін ұстаған Индустриалды аймақ қай кезден бастап іске кірісті?
- Шымкент қаласының атын шығарып, бір кездері атақ-даңқы дүркіреген «Шина» зауытының аумағында орналасқан «Ордабасы» индустриалды аймағы өз жұмысын 2011 жылдың қаңтар айында бастады. Аймақта бүгінде 30-ға жуық кәсіпорын орналасып, бірнеше жылдан бері қаңырап бос жатқан ғимараттар кәдеге жарауда. 1250-ге жуық адам осы кәсіпорындардан несібесін тауып, тұрақты жұмыспен қамтылды. Болашақта бес мыңға дейін адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Аймақ аумағында 143 гектар жер телімі мен 335 мың шаршы метр өндірістік ғимарат, 33 мың шаршы метр қойма, 5 мың шаршы метр контейнерлік алаң мен 18 мың шаршы метр кеңсе ғимараты бар. Осының барлығы облыс орталығында Елбасы ерекше тапсырған кәсіпкерліктің қарыштап қанат жаюына мол септігін тигізбек. Бұл Шымкент қаласындағы салық түсімін арттырып, бюджеттің бүйірін томпайта түсері даусыз. Ал бюджет қаржысы көбейсе халықтың көкейін мазалаған көптеген мәселелер оңынан шешілетіні түсінікті.
- Индустриалық аймақтар жайлы баспасөзде жиі жазылып жүр. Дегенмен, «Ордабасы» өзгелерден несімен ерешелене алады?
- Ерекшелігі сол, өндірістік жобаның басталуы мен өнім шығаруға дейінгі аралықта кәсіпкер бар болғаны 2-3 ай ғана уақытын шығындайды, яғни өнім шығару процесі жылдам жүреді. Қалайша? Бұл аймақта кәсібін дөңгелеткісі келген кәсіпкерлер үшін жаңадан инфраструктура, өндірістік, кеңсе ғимараттарын, қойма, темір жол тұйығы секілді аса қажет нысандарды салудың қажеті жоқ. Олар дайын. Тек кәсіпорнына қажетті құрал-жабдықтарды орнатса болғаны. Әрі қарай өнім шығару ісіне білек сыбана кірісесіз. Біздің түсінігімізше индустриалды аймақ осындай болуы тиіс. Кәсіпорын ашқың келеді ме, идея бар ма, пайдалан да, кедергісіз іске кірісе бер.
Аймақтың өзіне ғана тән тағы бір ерекшелігіне тоқталар болсам, бізде коммуналдық қызметтердің барлық түрі, мейлі ол су, газ, жарық болсын қаладағы тарифтен 30 пайызға төмен. Өйткені, біз бұл өнімдерді делдалдарсыз, бірінші нүктеден тікелей тасымалдаймыз. Тек осының арқасында аймаққа жақын аумақта қосымша 37 кәсіпорын іске қосылды. Онда да мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмыс жүргізуге тілек білдірушілер біздің ғимараттарды жалға алғаны үшін төлейтін төлемақысының орнын осы коммуналдық төлемдерден үнемдеген қаржымен-ақ жабуларына мүмкіндік бар. Себебі, өндіріс үшін су да, газ да, жарық та көп мөлшерде қажет. Осыдан кейін олардың шығарған өнімдерінің де өзіндік құны төмен. Бұл бәсекеге деген қабілеттілікті арттырады. Оның үстіне бүгінгідей алмағайып заманда пәленбай қаржыға алып зауыт тұрғызып, 3-4 жылдан кейін маңыздылығын жоғалтатын келеңсіздіктің ешкімге де қажеті жоқ. Бұл жұмсалған қаржының құмға сіңуімен бірдей көрініс. Әрі кетсе 5 жылда ескіретін, қажетсіздігі сезілетін зауыттарды соғудың қажеті қанша? Бізде ол зауытты соғуды бастаймыз дегенше, жапондар оны тарихтың еншісіне тапсырып үлгереді. Қазір нанотехнологияның заманы. Кәсіп көзін жылдам өзгерте алатын әдісті мықтап меңгеруіміз керек.
Өзге индустриялық аймақтардың қалай жұмыс істейтініне қысқаша тоқталар болсам, оларда жұмысты бастауға ниет еткен кәсіпорындарға алдымен жер беріледі. Коммуникациясын қамтамасыз етіп береді. Содан кейін әлгі кәсіпорынға үлкен өндірістік, кеңсе ғимараттарын тұрғызуы қажет болады. Бұл үлкен көлемдегі қаржы мен ұзақ уақытты шығын етеді. Бізде барлығы да дайын. Қарауыл бар, өрт сөндіру қызметімен қамтамасыз етілген. Бір мезгілде 600 вагон қабылдай аламыз.
- Шетелдіктермен тәжірибе бөлісу жағы қалай?
- Индустриялық аймақтың жұмысын жүргізу, жандандыру мақсатында бірнеше шет мемлекеттердің тәжірибесімен танысып қайттым. Соның ішінде Түркияның тәсілі көңіліме қонымды болды. Онда да тура біздікіндей әдісті қолданады. Тек олардағы іске асырылып жатқан мегажобалардың көлемі өте үлкен. Жақын болашақта түркиялық OSTIM корпорациясымен бірлескен жобаны, яғни қазақ-түрік аймақтық өндірістік орталығын құру жоспарда бар. Аталған корпорация Түркиямен қатар Египет, Ирак және оңтүстік-шығыс Азия, Солтүстік Африка мемлекеттеріндегі индустриалық аймақтарды мейлінше дамытуға қол жеткізген ірі орталық. Анкара қаласының өзіндегі аймақта ғана 5 мыңнан астам кәсіпорын ондаған мың өнім түрлерін шығарып жатыр.
- Ал сіздерде қазір өнімнің қанша түрі шығарылуда?
- Дәл бүгінде 30-ға жуық өнім түрі шығарылады. Олардың арасында түрлі құрылыс заттары, су мен көгілдір отынға арналған пластикалық құбырлар, электр үнемдегіш лампалар, тұрмыстық сабын, жүк және жеңіл автокөліктердің алдыңғы терезелері, пластикалық терезелер, мотор майы және басқа да өнімдер шығарылуда. Мәселен, алинекс шығаратын «Alina Trade» ЖШС айына 40 вагон өнім шығарып жатыр. Бұдан бөлек 5 гектар жерге жылыжай орналастырылған.
- Биылғы жылы атқарылуы тиіс жоспарларыңыз қандай?
- Дәл қазір уақытша сақтау қоймаларын дайындап жатырмыз. Күз айларында жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайтын 4 жаңа темір жол тұйығын іске қосуымыз керек. Бұл вагон сыйымдылығын қосымша 160-қа дейін арттырады.
- Жергілікті әкімдікпен іскерлік байланыстарыңыз қандай?
- Жоба қатысушыларының бірі облыстық әкімдік болып есептеледі. Жергілікті билік арқылы «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жобаға енгізілген.
Әңгімелескен Ш.Мекенбайұлы.
Сіз не дейсіз?
«Өнімнің өзіндік құны арзан»
Өрісбай Оразбаев, «Айдын Жолы» ЖШС техникалық директоры:
- Біз мұнда көктем мезгілінде келдік. Қазір дайындық жұмыстары бітіп, тұрмыстық сабынның алғашқы өнімін тәжірибеден өткізудеміз. Қытайдан құрал-жабдықтар әкеліп, орнаттық. Коммуналдық қызметтердің арзан болуынан өнімдеріміздің өзіндік құны да төмен. Алдағы уақытта толық қуатта жұмыс істейтін болсақ, 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз.
«Кіші кәсіпкерлер үшін ыңғайлы жоба»
Бегман Ысқақов, «КазТермоПласт» ЖШС инженері:
- Сәуір айында келіп, бірден жабдықтарды орнатуға кірістік. Қазір диаметрі 15 пен 110 миллиметр аралығындағы пластикалық су құбырларын түскен тапсырыстарға қарап шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта екінші жабдықтар партиясын жеткізіп, диаметрі 110 мен 350 миллиметрге дейінгі көлемдегі құбырларға тапсырыс қабылдай бастаймыз. Шикізатты Ресейден жеткіземіз. Өніміміздің сапасына кепіл бере аламыз. Жалға алып отырған жай өте ыңғайлы. Қажетті коммуналдық қызметтердің барлығымен қамтамасыз етілген. Жалға алу бағасы да жоғары емес, кіші кәсіпкерлер үшін ыңғайлы жоба екен.
26.08.2012 ж