Жігітке жеті өнер де аз. Сегіз қырлы, бір сырлы нағыз талант иесі деп тануға болатын санаулы азаматтардың бірі, бірегейі Темірғали КӨПБАЕВ. Таяуда ғана Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанған ол ақын, публицист, баспагер, ұстаз, ғалым, ең бастысы азаматтық ұстанымы берік, пайым-парасаты биік, үлкен жүректі азамат. Ердің жасы елуге толған Темкеңнің, Темірғали Көпбаевтың бүгін—24 мамырда туған жеріндегі білім ошағында, яғни Төле би ауданы Аққұм елді мекеніндегі Құрасбек Тыныбеков атындағы орта мектепте шығармашылық кездесуінің түңлігі түріледі. Одан әрі аудан орталығындағы Мәдениет үйінде әсерлі кездесу әдемі жалғасын таппақ. Ал ертең--25 мамырда Шымкентте Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филормонияда «Саған айтам сырымды...» атты әдеби кеш өтеді. Келсеңіздер өкінбейтін, көңіліңізге шуақ, бойыңызға қуат сыйлайтын әдеби кеш қарсаңында мерейтой иесіне жолығып ой-пікір бөліскен болатынбыз.
Темірғали Көпбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
«Поэзияны ұялшақ қыз сияқты елестеттім»
- Ердің жасы елуге келгеніңіз құтты болсын! Елудің салмағы қандай екен, сезіне алып жүрсіз бе? Ел алдында есеп беру өз алдына, өткен өміріңіз жайлы өзіңізге, өзіңіздің ішкі жан дүниеңізге есеп бере алдыңыз ба? Осы жасқа дейін не тындырдым деп ойлайсыз?
- Жалпы бұл өмірде мән-мағынасыз ештеңе жоқ. Ұлы данышпан Абай хакімнің «күнді уақыт итеріп, көкжиектен асырса, көлеңке басын көтеріп, алысты көзден жасырса» деген әдемі өлең жолдары бар. Ол не деген сөз? Яғни, күн батамын деп батпайды, таң атамын деп атпайды екен, оны уақыт батырады, уақыт атырады. Сол сияқты адам да елуге келемін деп келмейді, оған да уақыт жеткізетінін сезіндім. Алла жазып, елу жасқа толдық. Елу – ердің жасы. Елуге толғаннан кейін өткеніміз бен бітіргенімізді бағамдап жатырмыз. Елу жас адамның ақыл-ойын жүйелеп, айтар ойын анықтайтын, өзіңнен кейінгі інілерге де, өзіңнің алдыңдағы ағаларға да сөзің өтетін нағыз ердің жасы екен. Ең әуелі осыған көзім жетті. Ал енді осы жасқа келіп не бітіре алдық, шығармашыл тұлға болып қалыптасқанда не тындыра алдық дегенге келсек, осы жасқа дейінгі қызметімді, іс-әрекеттерімнің барлығын төрт салаға бөліп қараймын. Оның ең әуелгісі, әрине, менің әдеби шығармашылық қызметім.
- Елге пайдала не бере алдық дейсіз ғой?
- Әрине. Рас, азды-көпті дүниелерді дүниеге әкелдік. Мен әу бастан әдебиет, поэзия дегенді ұялшақ қыз сияқты елестеттім. Сезім атаулы ұяң болған сайын құны арта түседі деген ұстанымда болдым. Сол себепті де жүректен шыққан алғашқы жырларды әр баспасөзге орынды-орынсыз тықпалап, радиодан, теледидардан оқытып, жылт еткен нәрсені қайтсем көрсетіп қаламын деген ойдан аулақ тұрдым. Жасымнан жасындай жарқылдай алмауымның бір себебі осында жатқан болар. Бірақ, бұған өкінбеймін.
«Эгоизм болмаса шынайы өнерге келу қиын»
- Әдеби ортаны қалай бағалайсыз?
- Әдеби ортамен байланысым Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен 1984 жылдан басталды деп айта аламын. Осы жылы Жұматай Жақыпбаевпен таныстым. Онымен таныстығым менің әдебиетке деген түсінік-пайымымды түбегейлі өзгертті, поэзияға деген жауапкершілігімді онан сайын арттырды. Мен Алматыға алғаш барғанымда қазақ журналистикасындағы атақты ұстаз Темірбек Қожекеевтің сөзімен айтсақ, «болмаған Белинский, толмаған Толстойдай» жастық эгоизмнің құрсауына шырмалғанымды мойындаймын. Ауылда өз қазанымда өзім қайнап жүретін кезде мен үшін Мұхтар Шахановтан артық ақын жоқ секілді көрінді. Өзімді де сол Шахановқа пара-пар деп теңедім. Кейін ойласам, дәл осындай эгоизм, фанатизм болмаса шынайы өнерге келу де қиын екен. Ал Алматыға барып, Жұматайдың қағанатына қосылған соң оның барлығының әдебиетке келе жатқан жолдағы алғашқы сан қатпар соқпақтар, бұралаң жолдар екенін түсіндім.
- Ұлы ақындардың көбі қиын тағдарлы болып келеді. Сіз өзіңізді қиын тағдырдың иесі деп есептейсіз бе?
- Оныңыз рас. Қиындық көрмеген, бір сыдырғы ғұмыр кешкен адамнан ұлылық күту қиын. Біздің де бала күніміз қиындау болды. Әке де, шеше де аурушаң еді. Туған жерден жырақтап, Түркістандағы мектеп-интернатта оқуға тура келді. Жоқшылық пен күйбең тірліктің азабы көлеңкедей соңымыздан қалмай қойды. Алғаш Алматыға келген жылдары қатты қиналдық. Көп ақындар сияқты пәтер азабын бір кісідей тарттық. Бірақ, рухымыз сынбады, жігеріміз мойымады. Алматыда «ұлы ақындардың барлығы Татаркадан шығады» деген сөз тіркесі бар. Татарка деген Алматының шетіндегі, Көктебенің бауырындағы ауыл. Ол жердің пәтерлерін жалға алу арзан. Барлығымыз да маскүнем орыстың кемпірлерінің үйін жағаладық. Өмір соған мәжбүрледі. Шыны керек, сол күндер бізді шыңдады.
Әдеби ортаға араласқан соң-ақ бойымдағы бірқатар кемшіліктерді байқадым. Әдебиеттің мәңгілік, мұхиттай кең дүние екенін ұғындым. Сол себепті де Алматыға барған алғашқы жарты жылымда өлең жаза алмай қалған кезім болды. Бұрынғы өлеңдерімнің бір қайнауы ішінде екенін білдім де ендігі жерде дәл сондай деңгейде өлең жазғым келмеді. Бірден жақсы өлең жазып кету де қолдан келмеді. Шығармашылық тоқырауға тап болдым. Бір күні себелеп жауып өткен жаңбырмен бірге көкейге әдемі өлең шумақтары құйыла берді.
«Зілмауыр салмақ шыдатпай,
Көбесі көктің сөгіліп,
Ақша бұлт аппақ сынаптай,
Жаңбыр боп кетті төгіліп.
Кеттім мен кешіп белшемнен,
Төгіліп жатқан маржанды,
Мөлдірлік деген өлшеммен,
Бағалау үшін бар жанды...».
Осы өлеңді Жұматайға оқып бергенімде, керемет риза болды. «Мынауың басқаша дүние, сен көп өскенсің» деген сөзі шабытыма шабыт қосты. Осы өлең менің Алматыдағы, жалпы ақындық жолымды ашқан алғашқы өлең деп айтуыма болады. Қаламыма қайта жан бітті.
- Орта өсіреді деген пікірмен қосыласыз ба?
- Ортаның көңіл көжиегін кеңейтуге әсері көп, әрине. Бірақ, адамның бүкіл жан-дүниесі мен болмыс-бітімінің оң қалыптасуына бірінші кезекте тынбай, жүйелі оқу көп әсер ететініне көзім жетті. Адамның қиялы оқумен ғана өседі. Аманхан Әлім деген ағам бар, сол кісі «ортада жүрген де жақсы, бірақ, ортада жүрген көп ақындар оқымай кетеді, сен көркем әдебиетті, әлем әдебиетін ерінбей оқы, оқыған адам ғана түбі озып шығады» деп, осы жолға бағыттап жіберді. Арада екі жыл өткенде өлеңдерім мүлдем басқа деңгейде жазыла бастады. Оны ел байқады. Иран Ғайып «Қазақ әдебиеті» газетіне бастырды. Оралхан Бөкеев қазақ әдебиетінің жыл қорытындысында менің өлеңдеріме арнайы тоқталып, мақтауын келтірді. Бұл менің мәртебемді өсіріп, мерейімді тасытты.
«Алматыға келгендегі алғашқы тапқан ақыным – Жұмекен»
- Сіздің өлеңдеріңіздің негізгі тақырыбы не?
- Тақырып таңдауға ұзақ уақытым кетті. Физули, Шамси, Жәми, Рудаки, һафиздер, одан бертіндегі Махамбеттер, Абайлар, Шәкәрімдер неге мәңгілік болып қалды? Бұл сауалдың жауабын іздей келе бір нәрсеге тоқтадым: ақын үшін ең үлкен тақырып – ол адамның өзі екен, яғни адам. Адамның сезімдері, болмыс-бітімі, ішкі жан дүниесі, ой-пиғылы, мақсат-мұраты, тіпті, сезіну қабілетіне дейін барлығы тұнып жатқан тақырып. Тіпті, табиғатты жырлағанның өзінде оны адамша сөйлетіп, игеру шеберлік екен деп, осы тұрғыдан іздендім. Кез-келген адам сенің өлеңіңнен өзінің бір бөлшегін таба алатындай деңгейге көтерілгеннен асқан шың жоқ.
- Арман қуып, Алматыға келгендегі алғашқы тапқан ақыныңыз кім болды?
- Алматыға келгендегі тапқан ақыным - Жұмекен Нәжімеденов. Оның өлеңдерінің тереңдігіне бойлау мүмкін емес. Бір ойды жеткізу үшін он шумақ өлең жазатын ақындар болады, ал бір шумақта он ой айту екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние. Жұмекеннің биіктікті, тереңдікті, кеңдікті бір мезгілде қамти алатындығы – оның ойшылдығы. Мен Қадыр Мырзалиевтің қасында көп жүрдім. Сонда байқадым, Қадыр ағамыз соңғы демі таусылғанша Жұмекенді мойындап өтті. «Жұмекендей жаза алмадым, оның айтқан ойларын айта алмадым, ол күрделі ақын, «жеңілдігі көбіктей, ауырлығы табыттай», «сынып түссе бір бұтақ, қабырғама қараймын» деген тіркестерді мен мүлдем айта алмадым» дегенді жасырмай, жиі айтатын. Мен де өз поэзиямда Жұмекеннің тереңдігіне ұмтылғым келді.
- Алғашқы кітабыңыз қай жылы шықты?
- 1998 жылы 36 жасымда алғашқы «Көзмоншақ» атты кітабым шықты. Кештеу шығардым. Кейіннен бірінен кейін бірі шықты. «Жаңғырық», «Кие», «Оңтүстік», «Аңсар», «Қарапайым пайымдар»...«Кие» атты кітабыма халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді.
- Жаңа бір сөзіңізде шығармашылық мен қамтыған саланың бірі ғана деп қалдыңыз. Басқа қандай салада бақ сынадыңыз?
- Қызметімнің екінші саласы – журналистік публицистік қызметім. Бұл жолда аудандық газеттен бастап бірнеше республикалық басылымдардың мектебінен өттім. Ауылға барып, Алматыға қайта оралғаннан кейін Қазақ Мемлекеттік университетінің «Университет» баспасында редактор болдым. Ол жерде де біраз тәжірибе жинақтадым. Кейін Ұлықбек Есдәулет «Жас қазақ» газетіне жұмысқа шақырды. Одан кейінгі жылдары ғылымға ойыстым.
Үшінші қырым, яғни ғылыми педагогикалық, ұстаздық қызметім осы тұстан бастау алады. 1994 жылы Намазалы Омашұлы ҚазМҰУ-ға оқытушылыққа шақырды. Журналистка факультетінде журналист мамандығын дайындауға атсалыстым. Сол жерде жүріп ғылыми еңбектерге көп мән бердім. Түрлі халықаралық деңгейдегі конференцияларда баяндама жасадым. Шыңдалдым. «Қазақ радиодраматургиясы» деген тақырыпта кандидаттық қорғадым. Қазақ радиосымен қатарлас тарихы бар қазақ радиодраматургиясы тың жатқан тақырып екен. Пікір айтқан адам некен-сақ. Олардың өзі үстірт, шағын ғана тоқталып өткен. Бұл сала орыс журналистикасында үлкен ғылым болып саналғанымен, бізде саусақпен санарлықтай ғана ғалымдар бар. Сол ғылымды әрі қарай кеңейту мақсатында бұл саланы да тереңінен зерттеп, ғылыми айналымға ендіруде шама-шарқымша еңбек еттім. Зейнолла Қабдолов «ұстаздық деген өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау» деп айтқан. Ұстаздық деген лекция немесе кітаптағы тақырыпты оқып кету емес, ол баланың ішкі жан-дүниесіндегі қазығының тура тұруына, оның өмірге деген көзқарасының дұрыс қалыптасуына еңбек ету деген сөз. Осындай ұлы мамандықта қызмет еткеніме қуанамын.
Баспа ашуыма Қадыр Мырза Әлі тікелей түрткі болды
- Баспагерлік қырыңызға да тоқталып өтсеңіз...
- Мен үшін ең басты сала – баспагерлік қызметім. Бұл қызметтің негізі университетте қаланған. Оқу орнының баспасында қызмет етіп жүріп, 30-ға жуық ғылыми монографияларға редакторлық еттім. Сөйтіп жүріп баспа ісінің не екендігін және қалай басталып, қалай аяқталатынын толықтай меңгердім. Жеке баспа ашқан кезде осы тәжірибем үлкен көмек болды.
2000 жылы Қадыр Мырзалиевпен таныстым. 12 томдық жинағы баспаға әзір тұр екен. Кітап шығару ісіне бұрылғаным сол тұстар болды да Қадыр ағаның жинақтарын шығаруға кірістім. Ол кезде өзімде баспа болған жоқ. Ана баспаға, мына баспаға жүгірумен болдым. Ақыры баспалардан қайыр болмағаннан кейін «неге мен әркімге жалынуым керек, өзім баспа ашып, өзім неге шығармаймын, осы кітапты» деген ой келді. Сөйтіп, менің баспа ашуыма Қадыр Мырза Әлінің 12 томдығы тікелей түрткі болды. Үлкен тәуекелге баруыма тура келді. Қазір «Қазығұрт» баспасынан көптомдықтар, ғылыми монографиялар көптеп шығуда. Жыл сайын бір көптомдық жобалаймыз.
- Өзіңізді тәуекелшіл санайсыз ба?
- Мен негізі шығыс күнтізбесі бойынша Барыс жылы дүниеге келгенмін. Оған сенетін болсақ, барыстардың барлығы тәуекелшіл болуы керек. Барыс тәуекел деп жүгіргенде оның артынан ұмтылудың өзі қауіпті. Өйткені, ол алды-артын ойламай жүгіруі мүмкін. Дәл сондай тәуекелшілдік менде де бар. Бірақ, көзсіз, орынсыз тәуекелге бару адамға жақсылық әкеле қоймайды. Рас, менің бүкіл өмірім тәуекелмен келе жатыр. Бірақ, шама-шарқыммен санасуды да ұмытпаймын. Ешқашан ешбір дүние маған оңайшылықпен келген емес. Абырой да, дүние де. Жолым ұдайы ауыр болып тұрады. Соңғы нәтижесінде ғана жақсы болып кетеді. «Қазығұрт» баспасын ашқандағы тәуекелшілдікті көрген Иманғали Тасмағамбетов мұнымды ерлікке пара-пар деп бағалады. Өйткені, өз отбасым отырған жалғыз пәтерді, туыстарымның үйлерін кепілдікке қойып, бір жобаны іске асыруға 47 мың доллар қарыз алу деген өте қауіпті әрекет. Бір жерден мүлт кетсеңіз, әлдекімдерге өмір бойы қарыз болып кетуің мүмкін. Алайда, менде түбі жақсы болады деген ішкі сенім басым болды. Көзім жетті десем де болады. «Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің, уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің» деген осы болса керек. Әрине, тәуекел деп таяқ жеген кездерім де, қатты күйінген кездерім де аз емес, бірақ, мені мұратыма жетелеген де осы тәуекел.
Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы
Мұрағаттан, 24.05.2012 ж