Нұрлан Сейітжаппаров: "Бірбеткей мінезімнен көп қиындық көрдім, пайдасы да болды"

Screenshot_8.jpg

Нұрлан Сейітжаппаров, облыстық мәслихаттың депутаты:

- Нұрлан Сейітқұлұлы, бүгінгі мінезіңізді бәрі біледі, бала кездегі мінезіңіз қандай еді?

- Мінез – қанмен келетін қасиет. Оны түбегейлі өзгерту мүмкін емес. Әке-шешемнің тәрбиесі бойынша білімге ерекше ден қойдым. Әсіресе, әдебиетке, тарихқа қатты қызықтым. Француз тіліне деген қызығушылығым алабөтен еді. Математика, биология пәндерін де жақсы оқыдым. Әліге дейін мұғалімдердің берген дәрістері көз алдымда. Бұл пәндерді мен өз еркіммен, қызығушылықпен оқыдым. Ешкім зорлап, күштеген жоқ. Бала кездегі бұзықшылықтар да болмай қалған жоқ. Ол кезде Шымқала Карл Маркс, Ескі қала, Дср болып үшке бөлінетін. Үш жақтың жігіттері төбелестік те, жарыстық та, доп та тептік. Ол кезде спортқа ерекше көңіл бөлінетін. Алдымен қала бойынша, онан кейін облыс, республика бойынша үнемі жарыс ұйымдастырылатын. Мен оқыған Мәншүк Мәметова атындағы №35 мектеп футболдан қала бойынша бірінші, екінші орындарда жүретін. Мен мектеп командасының капитаны болдым. Ең үлкен №20 мектептің командасында Құралбек Ордабаев,  Баймұхамедов, Сергей Максимов секілді кейін үлкен футболда өнер көрсеткен жігіттер ойнайтын. Солармен жасыл алаңда талай кездестік. Үнемі финалда кездесіп жүрдік. Көбінше олар бірінші, біз екінші орын алатынбыз. Мен команданың шабуылшысы едім. Кейін облыстың намысын осы жігіттермен бірге қорғап, талай жер, ел көрдік. Бірақ, футболға қанша қызықсам да әкемнің ақылын тыңдап, білім жолына түстім. Ол кісінің айтқаны маған заң болатын. 

Жас болған соң кешқұрым биге де барып тұрдық. Қалада төрт жерде би кеші өтетін. Қыстың күндері көбінше «Металлургтар» мәдениет сарайына жаяулатып баратынбыз. Қайтар кезде қыздарды үйлеріне шығарып саламыз. Жергілікті жігіттердің қызғанатыны заңды. Содан төбелес басталады. Олар көп, жабыла кетеді. Бірақ, ол кездің бір ерекшелігі құлағанды ешкім ұрмайтын. Суық қару ұстамаушы еді. Бірде таяқ жеп, бірде керісінше дегендей, балалық шақ осылай өтті ғой. Бірақ, ол кезде спортта жүрген жігіттер бір-біріне құрметпен қарайтын. Футболдың арқасында талай жерден төбелессіз қайтқанмын. 

- Биге ебіңіз қандай еді?

- Ол кезде жаңадан рокен-рол, твист деген билер шығып жатқан. Денеңді қыздыратын, ширақ қимылдауды талап ететін би. Денеңнің барлығы қимылға түседі. Бармақтарға дейін. Бір биге барғанда бірталай салмақ тастап қайтатынбыз. 

- Шындықты бетке айтатын мінезіңізден жиі қиындық көрдіңіз бе, әлде пайдасы көп болды ма?      

- Әрине, қиыншылық көп көрдім. Адамның табиғатының өзі сондай – шындықты ешкім жақсы көрмейді. Жоқтың есебі. Сынды амал жоқтан қабылдайды. Кім болса да, патшадан құлға дейін өзіне жағатын сөз естісем дейді. Кішкентай нәрестенің өзін сен жақсы деп басынан сипап қойсаң, мәз болады. Бір нәрсені бүлдіріп, ескерту айтатын болсаң, жаман көріп қалады. Дегенмен, бала кезден шындықты бетке айтқанды дұрыс көрдім. Мектептің өзінде мұғалімдермен келіспейтін тұстарым жиі болып тұратын. Әсіресе, биология пәнінен дәріс беретін мұғаліммен талай айтысып, ақырында пионерден шығарып жіберген. Институтта дәріс алып жүргенде де оқытушылармен бір тақырып төңірегінде таласып қаламыз. Институтта оқып жүргенде бір оқытушыға «Пәленше жолдас, айтыңызшы, құрылыста «слуховой окно» деген бар, сол не себептен шыққан» деймін ғой. Ол «революция кезінде қызылдар пулеметпен атқанда...» деп мүлдем басқа жаққа ауып кетті. «Кешіріңіз, мен бір жерден оқыған едім, ертеректе Ресейде Слухов деген ағаш ұстасы болған, үйдің шатырына ауа кіріп тұру үшін соның ойлап тапқан әдісі болғаннан кейін осылай аталып кеткен екен, сол рас па» дегенімде, әлгі ағай ұялғаннан қызарып кетті.  Оқу біткенше сол ағай маған қырын қарап, дұрыс баға қоймай, біраз әурелеген болатын. Сол жерде бұғып отыра берсем де болар еді ғой. Қайта оқытушыны өзіме қарсы қойып алмас едім. Бірақ, мен олай ете алмаймын. Табиғатыма тән емес. Әрине, біреудің намысына тиейін деген ой жоқ, тек шындықтың, әділдіктің жоғары тұрғанын қалағандықтан осындай әрекеттерге барамын.  

Шындықты бірінші орынға қоятын мінезімнің арқасында айналамда мені түсінетін, шындықты, әділдікті бағалайтын, ең сенімді адамдар қалды. Қалғандары жоқ болып кетті. Жағымпаздар да жоламайды. Бірбеткей мінезімнен көрген пайдамның ең үлкені осы. 

- Бозбала болып көп қыдырдыңыз ба?

- Шынымды айтсам, көп қыдыруға уақытым да болмады. Аптасына бір-екі сағат биге барғанымыз болмаса, негізгі уақытым спорт пен оқуға кететін. Әкем өмірден ерте кетті. Немере көремін деп қоймастан, мені ертерек үйлендірді. Тұңғыш немересін көргеннен кейін бір аптадан соң бақилық болды. Үйдегі тоғыз ұл-қыздың үлкені мен болғасын, бар салмақ менің мойныма жүктелді. Анам өмір бойы үйде, бала тәрбиесімен отырған адам. Техникумда да, институтта да стипендиядан айырылып қалмас үшін жақсы оқуға ұмтылдық. Ол кезде пәре беріп, болмаса көкеңе айтқызып, жақсы бағалар қойғызу деген мүлдем болмайтын. Міне, мені өмірдің өзі осылайша ерте есейтті. 

Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: