Шымкенттік жас былғары қолғап шебері Аида Арапбайдың есімі қас пен көздің арасында дүниежүзіне танылды. Түркияның Анталья қаласында өткен әлем біріншілігінде алтыннан алқа таққан боксшы қыздың шеберлігі «мүйізі қарағайдай» мамандарды таңдандырды. Бұл жолы ұлттық құрама сапындағы боксшы қыздардың бірқатары бірінші мәрте мұндай дүбірлі додаға бағын сынауға барғандықтан психологиялық тұрғыдан «пісіп-жетілмегендіктері» салдарынан жеңіліске ұшырап, спорттың тілімен айтқанда «жанып» кетті. Тәжірибе жетіспегендіктен қазақстандық 8 бірдей боксшы қыздың жартылай финалда ұтылып қола медальды қанағат тұтқаны осыдан. Есесіне кеткен есені 70 келі салмақта өнер көрсеткен Аида Арапбай қайтарып, қанжығамыз майланды. Шымкент қалалық №4 олимпиада ізбасарларын даярлайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкіртіне Түркияда тең келетін ешкім болған жоқ. Байрақты бәсекедегі үш жекпе-жегінде де айқын басымдықпен жеңіске жеткен Аида әсіресе ресейлік бапкерлерді қатты састырды. Ресейлік танымал боксшы Ольга Гаврина оны оңай жеңетініне сенімді болғанымен финалдық кездесуде одан оңбай таяқ жегенде бапкерлері көздерімен жер шұқып қалғаны көңілімізді марқайтты.
- Гаврина өзіне тым сенімді екенін жасырған жоқ, - дейді А.Арапбайдың жеке бапкері Алмас Қуатбеков. - Бірақ, Аида бірден шабуылға шығып, бірнеше соққысымен қарсыласын есеңгіретіп тастады. Гаврина жекпе-жектің соңына дейін есін жия алмай, тек қорғанумен болды. Шабуылға шыққысы-ақ келіп еді, бірақ онысынан нәтиже болмады.
Бапкердің ойын Аиданың өзі жалғастырады.
- Ресейліктер жарысқа мықты командамен келді. Әлем чемпионатында көршілес елдің боксшылары 6 алтын медаль жеңіп алды. Әрине, содан болар, финалдағы қарсыласым өзіне тым сенімді еді. Бірақ менде ешқандай қобалжу болған жоқ, - дейді А.Арапбай.
Финалдық жекпе жекті тамашалаған әйгілі боксшы, Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов «Аиданың соққылары тура Мұхтархандікіндей екен. Болашағынан зор үміт күттіретін қыз. Мүмкін, даңқты боксшының жерлесі болғандықтан, жұдырықтасу тәсілі соған тартқан шығар», деп өзіндік пікірін білдіріпті.
Аида Арапбайдың бокспен шұғылданғанына аса көп болған жоқ. 2,5 жыл бұрын бір топ құрбысымен бірге өзара бәтуа байласып, бокс залына жаттығуға келген екен. Көп ұзамай Аидадан өзгесі пікірін өзгертіп бокспен шұғылданудан жалыққандарын жасырмай жаттығудан біржолата бас тартқан. Аида ғана бағытынан таймай, аптаның алты күнінде әр жолы бір жарым сағат бойы спорт залда тер төгіп, шеберлігін шыңдай берді.
- Спортты, оның ішінде әсіресе боксты кішкентайымнан ұнататынмын, дейді Аиданың өзі. - Мектепте дене шынықтыру сабақтарын жақсы көремін. Жүгіруден алдыма жан салмайтынмын, мектепте баскетбол командасының капитаны болдым. Дегенмен, таңдауым боксқа түсті. Ата-анам бұған қарсылық білдірген жоқ, қайта керісінше қолдады.
Жас қыздың шаршы алаңдағы тегеурінді соққыларын көргеннен-ақ оның жаттықтырушысы Алмас Қуатбеков бұл спортшының өзге боксшылардан ерекше екенін бірден байқаған.
- Аиданың бойында Алла берген талант бар. Бұған дейін бокспен шұғылданбаса да соққылары мықты болатын. Бірақ, жасыратыны жоқ, мінезі бұзықтау. Дегенмен, спортшының мінезді болғанының зиянынан гөрі пайдасы молырақ деп есептеймін. Тіпті бұзықтау екеніне қуанамын да. Содан бергі 2,5 жыл ішінде шәкіртім әуелі облыстық, сосын республикалық және жуырда әлемдік додаларға қатысып үлгерді. Тұңғыш халықаралық жарысы болғанына қарамастан қалтырап, өзін-өзі жоғалтқан жоқ. Қашан да өзіне сенімді болды, - деп сабақтады ойын А.Қуатбеков.
Бокс залына алғаш келген кезде Аида 7-сыныпта оқитын. Жарты жылдан соң тұңғыш жарысына қатысты. Онда да бокстан емес, кикбоксингтен. Бапкер осылайша Аиданың психологиялық дайындығын сынағысы келді. Жарыс көрсеткендей, оның жеңіске деген талпынысы спортшы жігіттердікінен де асып түсті. Облыстық деңгейде өткен біріншілікте алдына жан салмаған ол енді республикалық жарыстарға дайындала бастады. Боксшы қыздың техникалық шеберлігі анағұрлым шыңдалды. Көп ұзамай Аида ел чемпионы атанды.
- Спорт залында «Аидамен кім шығады?» десем, қалған боксшы қыздар қос қолдарын төбесіне қойып қаша жөнеледі,- деп күледі Алмас Қуатбеков. – Сондықтан, Аида негізінен ер балалармен бірге жаттығады. Спарринге тек боксшы жігіттерді шығарамын, себебі бірде-бір қыз оның соққыларына шыдамайды. Боксшы балалар әуелі Аидаға аяушылықпен қарайлайды. Бірнеше күшті соққы жіберіп алған соң амалсыздан шабуылға шығады. Дегенмен, Аида ешкімге де жол бермеген. Соққыларының күштілігі мен шыдамдылығы жағынан боксшы жігіттерге есе жібермейді.
Шаршы алаңда Аида бұған дейін жалғыз рет қана жеңіліс тапты. Көкшетауда өткен спартакиадада жартылай финалда шымкенттік талантты спортшы жергілікті былғары қолғап шеберімен кездесті. Төрешілердің бұрмалаушылық жасап, бүйрек бұруының арқасында көкшетаулық спортшы жеңіске жетті. Оның өзінде кездесу барысында бірнеше рет ескерту алып үлгерді. Дегенмен, бұл әділетсіздіктен Аида жасыған жоқ, қайта керісінше намысқа тырысып, жаттығуларға жаңа серпінмен кірісті. Көп ұзамай бұл еңбекқорлық жемісін берді. Көкшетаудағы жарыста сәтсіздікке ұшырағанымен, ұлттық құрамадағы бапкерлер Аиданы әлем чемпионатына дайындық ретінде өткен жаттығу жиындарына шақырды.
- Шыны керек, бапкерлер бастапқыда Аидаға сенім артқан жоқ еді. Себебі «әлем чемпионатына барғысы келсе қаржысын өздерің тауып беріңдер» деп қысқа қайырды. Оның үстіне әр бапкер өз шәкірттерін сүйрелейді ғой. Мысалы, Тараздан сол әлем чемпионатына 6 қыз аттанды. Ал мен болсам әлі жас маманмын, бапкерлікте жүргеніме әрі кетсе 3 жыл болды. Сөзім өтіңкіремейді. Жәрдемді бір Алладан тіледім. Әуелі не істерімді білмей, спорт мектебінің директоры Асқарбек Сүгірәлиевке хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Ол кісі көмектесуге бірден келісімін беріп, қажетті қаржыны тауып берді. Кейін ұлттық құраманың бапкерлері «оқу-жаттығу жиындарында «герой» болып жүрген талай боксшы қыздар Түркиядағы шаршы алаңда өзін-өзі жоғалтып, орта жолдан сүрінді. Ал жаттығу жиындарында тып-тыныш қана жүрген Аида топ жарып шықты» деп мойындады. Аидаға деген көзқарас ол әлем чемпионы атанған соң ғана өзгерді, - дейді бапкер Алмас Қуатбеков. .
Соңғы жылдары әйелдер боксына деген қызығушылық анағұрлым өсті. Әлбетте, бұған Лондонда өтетін олимпиада ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет әйелдер боксының енгізілуі бірден-бір септігін тигізді. Бұған дейін әйелдер боксына атүсті қарап келген шенеуніктердің көзқарасы дем арасында өзгеріп сала берді. Ұлттық бокс федерациясы әйелдер арасындағы жарыстарды көбірек өткізуге көшті. Осының арқасында еліміздегі талантты былғары қолғап шеберлерін анықтаудың мүмкіндіктері арта түсті.
- Ендігі жоспарымыз - келер жылғы Азия чемпионаты. Соған дайындыққа кірісіп жатырмыз. Әрине, Лондонда өтетін олимпиада ойындарына қатыссақ деген арманымыз бар. Бірақ, әзірше оған байланысты нақты жоспар құрғанымыз жоқ. Жалпы, чемпионы болу оңай емес, ал бірақ сол деңгейді сақтап қалу одан да анағұрлым қиын. Бәрібір, Аида әлі бала ғой. Спорттың ұңғыл-шұңғылын толық түсіне бермейді.. Ең бастысы - жұлдыз ауруымен ауырмаса деймін. Чемпиондық атақты көтере алмаған талай мықты спортшыны көрдік, - деп бізбен ой бөлісті жаттықтырушы Алмас Қуатбеков.
Небәрің 15 жасында әлем чемпионы атанған қазақтың қаршадай қызы Аида Арапбайға жанкүйерлер де, мамандар да мол үміт артып отыр. Талантты боксшы болашақта биік белестерді бағындырып, қазақ елінің абыройын арттырса, асығы алшы тұрса деп тілектестік білдірейік.
Oinet.kz мұрағатынан