Лондон олимпиадасында Қазақстан қоржынына алтыншы алтын медаль салған Ольга Рыпакованың есімі Өскеменде салынып жатқан жеңіл атлетикалық манежге беріледі. Бұл туралы олимпиада чемпионын қарсы алу салтанатында өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі айтқан болатын.
--Оля енді Алматыда емес, Өскеменде жаттығуы тиіс. Сонда оның соңынан мыңдаған жерлестері еретін болады. Мен оның өнерін экраннан тамашалап отырған кезде «егер Оля алтын алатын болса, оның есімін жаңадан салынып жатқан манежге беремін деп уәде еттім. Ольга Рыпакованың есімін еншілеген ғимаратты биыл жыл соңына дейін аяқтаймыз» деген болатын облыс басшысы.
Лондон төрінде олпимаданың алтынын алып қана қоймай, әлем рекдордын жаңартқан, мұнымен қоса Тәуелсіз Қазақстан тархында екінші рет олимпиада чемпионы ататын алған бірден-бір спортшы Илья Ильинді қарсы алу салтанатында жергілікті әкімдік облыс орталығында жақында ашылатын ауыратлетика кешеніне 3 мәрте әлем чемпионы, 2 мәрте олимпиада чемпионы Ильяның атын беруге уәде еткені мәлім. Қарағандыдағы бокс орталығы Лондон олимпидасының чемпионы Серік Сәпиевтің есімімен аталды. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайыновтың өзі айтқан болатын.
Олимпиада чемпиондарына лайықты құрмет көрсету дұрыс-ақ делік. Бірақ белгілі спорт журналисі Несіп Жүнісбайдың бұған деген көзқарасы басқаша болып шықты.
Оның айтуынша, атақты спорт ардагерлері тұрғанда, кейінгі Олимпиада жеңіпаздарына спорт нысандарының атын беру дұрыс үрдіс емес. Ол Шығыс Қазақстан облысы басшыларының бұл шешіміне түбегейлі қарсы. Тіпті, стадионның атын беруге лайықты ардагер спортшылардың да атын атап шықты.
--Мысалы, Евгений Кадяйкин тұңғыш рет жеңіл атлетикадан жазғы Олимпиадаға барған спортшы. Тимур Сегізбаев қазақ футболындағы аты аңызға айналған ақсақал, алматылық "Қайраттың" мақтанышы. Вадим Псарев грек-рим күресінен КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Міне, стадионға осы кісілердің атын беру қажет. Мен Рыпакова, Сәпиев немесе Винокуровқа ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ, олардың әлі де кезегі келеді. Олар барлығына да үлгереді. Рыпакова әлі бірнеше жүлде алуға қабілетті спортшы,--дейді Несіп ағамыз.
Ал, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің баспасөз хатшысы Нұрбек Бекенов:
--Ольга Рыпакова тек Олимпиада чемпионы емес, әлемдік рекордты жаңартушы. Оның жүлдесімен елімізде жеңіл атлетиканың даму деңгейі жоғарылады. Сондықтан, бұл шешімді дұрыс деп санаймыз,-- деп отыр.
Екі дүркін олимпиада чемпионының есімі үлкен спорт нысандарына дүркін-дүркін берілетін болды. Өйткені Туризм және спорт академиясының президенті Қайрат Закирянов Алматыдағы ауыр атлетика академиясына екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің атын береміз деп отыр.
--Бұған ешкімнің қарсылығы жоқ шығар. Оларды жас деп қарауға болмас. Спорт жолы өте ауыр екендігін жақсы білемін. Сондықтан, Сәпиевке, Рыпаковаға қарсылығым жоқ. Жергілікті әкімшілік қалай деп шешсе, солай болсын. Егер ұнамай жатса, басқа стадион салып, ардагер спортшылардың атын берсін,-- дейді ол.
Жалпы, көзі тірі тұлғаның есімін нысанға беру ономастика туралы заңнамаларға да қайшы келеді. Сонда атқарушы биліктің мұнысы асыра сілтеу ме, әлде... Осы жерде айта кетейік, 2002 жылы Шымкентте Елбасының қатысуымен ашылған спорт сарайына (бүгіні Мұз сарайы) Тәуелсіз Қазақстанда қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановтың есімі беріледі деген әңгімелер шығып еді. Бірақ ол іске аспай қалды. Сондықтан «темірді қызған кезде соқ» демекші, олимпиада чемпиондарына құрметті дер кезінде көрсетіп қалғанымыз да бір жағы дұрыс шығар.
Мұрағаттан, 17.10.2012 ж