Есімі – Жайна, лақап аты - «Тайсон»

Screenshot_2.jpg

Соңғы кездері шымкенттік бокс мектебінің қарқыны бұрынғыдай емес, бәсеңдей түскенін көпшілік жиі айтып жүр. Оңтүстіктің  өзге облыстарға есе жіберуі отқа май құйғандай. Ақпан айында Қостанайда өткен  ел біріншілігінен шымкенттік боксшылар  жалғыз алтын медальмен оралса, көршілес Жамбыл облысының өкілдері үш салмақта жеңімпаз атанып,  командалық есепте бірінші орын иеленді. 

  Шымкенттік бокс мектебін жандандыруға бұдан былай тек жігіттер ғана емес,  қыздар да атсалысатын болды. Жанкүйерлер бар үмітін боксшы жігіттерге артып жүргенде рингке   бойжеткендердің ұмтылып шыға келетінін ешкім де күтпеп еді. Бір қарағанда нәзік болып көрінгенімен, шаршы алаңдағы ширақ қимыл мен жойқын соққыларымен қарсыласын састыратын боксшы қыздардың қатары артып келеді. Бұған таңқалуға да болмайды. Әйелдер боксының үлкен қарқынмен дамуының себебі – 2012 жылғы Лондон олимпиадасы болса керек. Сарапшылардың пікірінше, келесі олимпиаданың бағдарламасына әйелдер боксы да енуі бек мүмкін. Сондықтан, дайындықты бүгіннен-ақ бастап кеткен жөн. «Халықаралық додаларға дәл қазір жіберетін боксшы қыздарың бар ма?» деп сұраса, қазақстандық бапкерлер бір ауыздан «Жайна Шекербекова» деп жауап берері сөзсіз. 20 жасар  Жайна Алматыда өткен ел чемпионатында топ жарып қана қоймай, таяуда Түркияда өткен Ахмет Көмертті еске түсіруге арналған халықаралық  жарыстан да алтын медаль олжалап қайтты.  Осы додаға қазақстандық боксшы қыздар қатарынан үш жыл қатысқанымен, алтын медальға қол жеткізе алмай келген. Бұл сәтсіздікті «Майк Тайсон» лақап атын иеленген  Жайна түзеді. Бойында батырлық мінезбен қатар қарапайымдылық ұштасып жатқан жас боксшы шаршы алаңда Түркия, Индия және Украинаның атынан шыққан  боксшыларды талқандап, мамандардың таңдайын қақтырды.  Бапкерлер болса Жайнаның рингтегі жойқын соққыларын көрген бойда қарсыластары қаймығып, тіпті жекпе-жектен бас тартқандары да болғанын айтып миығынан күліп жүр. «Мынау нағыз Тайсон ғой» деп жанкүйерлер мен мамандардың таңдануы да содан. 

Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Достық ауылында дүниеге келген Жайна Шекербекова бүгінде Шымкенттегі Мардан Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтының бірінші курс студенті. Мамандығы – заңгер. Дегенмен, курстастары бос уақытта серуендеуге шықса, Жайна спорт зал жаққа ұмтылады. Күніне төрт сағат жаттығу өткізу екінің бірінің қолынан келе  бермейді. Жайнамен сұхбаттасу үшін  спорт залына іздеп бардық. Спорт кешенінің бір бөлмесінде  он шақты жігіт  спарринг-кездесу өткізіп жатыр екен. Байқасам, қолымен ғана емес, аяғымен де соққы береді. «Жаңылысып, басқа секцияға өтіп кеттім-ау» деп, осындағы жаттықтырушылардан «чемпион болған боксшы-қызды қайдан табамын» дегенімде, «жүр ғой әне» деп, қызыл күртеше киген бозбалаға сілтеп, күлісті. Әлгі «бозбала» қарсыласын соққыларымен төпеп, сабап жүр.    

- Қыз деп айтпайсың, ә - дейді кикбоксингтен еңбек сіңірген жаттықтырушы Василий Полищук. – Біздің Жайнамыз осы. Өте талантты боксшы. Спаррингте оған қарсы боксы жігіттерді шығарамыз. Қорықпайды, емін-еркін жұдырықтаса береді. Оң қолымен де, сол қолымен де бірдей жұмыс істейді. Шаршы алаңда өте ширақ қимылдайды. Боксқа да, кикбоксингке де ебі бар. Спорттағы алғашқы қадамдарын Жайна кикбоксингтен бастаған екен. 

-Кішкентайымнан боксты жақсы көрдім, теледидардан үзбей  тамашалайтынмын. Соған еліктеп пе, балалық шақта жиі төбелесетінмін, - деп есіне алады Жайнаның өзі. - Осыдан үш жыл бұрын Фосфоршылар сарайында кикбоксинг секциясына қыздар мен жігіттерді жинап жатқанын естідім.   Барып, қатысуға бел будым. Бірден ұнады. Алғашында біраз қиналсам да, кейін үйреніп кеттім. Өткен жылы бокспен де шұғылдана бастадым. 

- Түркиядағы дүбірлі дода  сен үшін қалай өтті?

 - Ахмет Көмертті еске алу турнирі мен үшін тұңғыш халықаралық жарыс болды. Дегенмен,  жақсы дайындықпен бардым. Әсіресе, психологиялық жағынан. Қобалжу, қарсыластан қорқу деген сезім мүлдем болмады. Бойымның қысқалығы бар, қарсыластарым менен ұзындау келеді. Әрине, бұл белгілі бір қиындықтарды тудырады. Дегенмен, техниканың арқасында төрт жекпе-жекте де жеңіске жеттім. Қарсыластарымның ешқайсысы да осал болған жоқ. Алғашқы кездесуімді Болгариядан келген Еуропа чемпионымен өткізіп, жеңіске жеттім. Ақтық жекпе-жекте  украиналық былғары қолғап шеберімен шығып, 14-4 есебімен басым түстім.  Мені жарысқа тас-түйін дайындаған бапкерлеріме үлкен рахмет айтқым келеді. 

 - Қыз-келіншектердің бокспен шұғылдануын ерсі көретіндер аз емес қой. Оларға не деп жауап бересің?

- Менің ата-анам боксты таңдағаныма қарсы болмады.Егер адамның өзі қалап тұрса, неге бокспен шұғылданбасқа? Әйелдер боксы қазір жақсы дамып келе жатыр. 

- Өнеріңді рингтен тыс жерде көрсеткен кезің болды ма?

- Жоқ, мен барлығымен де тату тұрамын. Жұдырықтасу өнерімді тек шаршы алаңда көрсетемін. 

 

- Мұндай жетістікке бірден жеткен жоқ,  - дейді Жайнаның жаттықтырушысы Виктор Нечай. - Бұрын негізінен кикбокста танылып жүрген. Қараша айында өткен ел біріншілігінде барлық жекпе-жектерін алғашқы раундта-ақ аяқтады. Қарсыластары бір минутқа жетпестен нокаутқа ұшырап жатты.  Дегенмен, бокстағы болашағы жарқын. Қазақстан чемпионатына 150 боксшы қыз қатысса да, мамандар тек Жайнаны ерекше атап өткен. Алдағы уақытта Азия чемпионаты секілді ірі додаларға қатыстырмақ ойымыз бар. Жайна өте шыдамды әрі еңбекқор. 

Әлемде қыздар боксы әсіресе Голландия, Куба, Ақш пен Ресейде мейлінше дамыған. Жуық арада осы элитаға Қазақстан да кіретініне сенімдіміз. Жайна Шекербекованың атақты Лейла Алидің жетістіктерін қайталап, талай биіктерді бағындыратынына үміт мол. 

"Рейтинг" газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ боксшысы өзбекстандық қарсыласын нокаутқа жіберді
  • Головкин бұрынғы бапкері жөнінде өз пікірін білдірді
  • Франц Беккенбауэр. Алаңдағы абыз
  • Головкин 8 маусымда өтетін жекпе-жекте қанша гонорар алады?
  • Головкиннің 8 маусымда кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: