Кене ұстаған келіншек ауруханада өлді

   07788e338f03eab08d7ff17a1bf8cdf6_XL.jpg

       Оның ауруы жасырылғаны, жалған диагноз қойылғаны рас па? 

 -Ол небәрі 30 жаста еді. Ана шіркіннен айырылу оңай ма, байғұстың артында шыр-шыр етіп аңыраған төрт бірдей перзенті жетім қалды. Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында қайтыс болған оған атың өшкір қырым қанды безгегі ауруын жұқтырғаны рас болмаса мәйітті бірден бермейді ме, жуындырып, арулап жерлейтін едік. Олар өйткен жоқ, мәйітті қолымызға кеш бергендері аздай залалсыздандырып, целлофан затқа орап әкеліпті. Оны үйге де кіргізген жоқпыз, сыртта тұрған күйі жаназасын шығарып, жерледік. Дәрігерлердің барлығы маска киіп алған. Бұлайша қатты сақтанғандарының өзінен күдік алады екенсің. Біздің білетініміз, ол кенеден келген кеселден өлді, басқа ешқандай қауіпті ауруын білмейміз. Бұл нақты факт. Кене қызын шаққан, сөйтіп ол жедел жәрдемге хабарласқан, ондағылар «кене тұрған жерге май құй да пинцетпен алып таста» деген. Бұл соны істеген. Кейін баласын дәрігерлерге көрсеткен. Осы уақытта марқұмның өзіне «сені де медициналық тексеруден өткізейік немесе үйіңді залалсыздандырайық» деп ешқандай дәрігер айтпаған.

- Санэпидемиологтар күдік расталған жоқ деп отыр ғой...

- Енді оны  мойындау оңай емес қой, қылмыстық іс қозғалып кетуі де мүмкін. Болмаса мәйітке қайта сараптама жасатсын. Сол кезде нақты анықталады, бар ма, жоқ па? 

- Дәрігерлер нақты неден қайтыс болды деп отыр?

- Нақты айта алмаймын, өйткені, қағазын көрген жоқпын. Дәрігерлер де толыққанды мәлімет берген жоқ...

  Марқұмның туысқаны Ахмет атамен арадағы әңгіме осылай өрбіді. Оларға дұрыстап мәлімет бермеген дәрігерлер біздің де қойған сұрақтарымызға жауап қатудан қашқаны қынжылтты. Қыршын жастың өмірі қалай қиылғаны жайлы қанша қиылып сұрағанымызбен Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Владимир Нарыжный «барлық ақпарат мен арқылы өтетін болсын» деген бастығының тапсырмасына сәйкес  тікелей өзіне қатысты мәселе болса да  бәрібір тіл қата алмайтынын ашып айтты. Ал бас дәрігер Мәди Бигалиевпен тілдескенімізде «Кім өлмей жатыр? Бұл ауруханада күн сайын қаншама адам жан тапсырады» деп тым жайбарақаттық танытқанына таңдандық.  

- Осы ауруханада бір адам қырым қанды безгегінен өлгені туралы ақпарат естідік. Қаншалықты рас, жел сөз бе, жөн сөз бе?-дедік сұрағымызды қазбалап.

- Мұндай мәліметті бірінші рет естіп отырмын. Мәскеуде тауықты сауып жатыр деп айтуда, барса тауықта емшек жоқ екен. Әркім әрнәрсені айта береді ғой...

    Бас дәрігердің жылайтын жайтқа ешбір өкінбей, әңгімені әзілге бұрғанын түсінбедік. Оның ажал тырнағына іліккен аурудың диагнозын қаншалықты жасырып айтпағанын кім білсін, бірақ бұқаралық ақпарат құралдарын шулатып үлгерген, басқарма басшыларына дейін біліп отырған ақпаратты алғаш мәрте естіген сыңай танытып, көпе-көрнеу көзбояушылыққа барғаны, бұра тартқаны анық. Осыдан кейін марқұмның туысқандарының «өлген адамның қырым қанды безгегіне шалдыққанын дәрігерлер жасырып отыр ма?» деген сауалдары бекер емес пе дейтін ой келіп, күдік қоюлана түспей ме? Бас дәрігер ештеңе білмесе, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Әбішке ресми мәлімет берілмесе, ол шулы ақпараттың анық-қанығын түнде түс көріп біліп пе? Онымен де сөйлестік. 

- Науқас Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасына   мамырдың 28-і күні түсіп, комада жатқан. Тиісті анализдер алынып, қосымша зерттеулер жүргіздік. Алғашында қырым қанды безгегіне күдік болғанымен, ол  расталмады. Теріс нәтиже берді. З0 мамыр күні кешке қайтыс болғаннан кейін мәйітке медициналық сараптама жүргізілді. Шоктан қайтыс болған деген қорытынды жасалды,-дейді ол. 

- Клиникалық белгілері қырым қанды безгегіне өте ұқсас болыпты...

- Ажал құшқан марқұмның ауруының клиникалық белгілері қырым қанды безгегіне ұқсас болғаны рас,  көп қан кеткен, бірақ, мұндай белгілер қырым қанды безгегіне ғана емес өзге ауруларға да тән. 

- Марқұм қызының үстінен кене алған екен деген ақпаратты туысқандары өз аузымен айтты. 

- Иә, ондай оқиға болған. Қазір қызы бақылауда, ешқандай қауіп белгілері жоқ. 

- Кенені қолмен өлтірген деген ақпар рас па?

- Қызын кене шаққаннан кейін оны қолымен жұлып алып, езген деген мәлімет бар. 

- Марқұммен байланыста болған азаматтар дәрігерлік бақылауға алынған шығар?

- Ауруханада байланыста болған дәрігерлер, оны осында жеткізген жедел жәрдем қызметкерлері мен туған-туыстары дәрігерлік бақылауға алынды. Ауруханаға жеткізілерден бірнеше күн бұрын науқастанған ол үйінде өздігінше ем қабылдаған. Ал қандай дәрі-дәрмек қабылдағанын білмейміз.

    Денсаулық сақтау басқармасы  бастығының орынбасары Ғ.Әбіш сөзінің соңын осылайша «білмейміз» деп бітірді. Өкінішке қарай облыстық  санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті бастығының орынбасары Жұмағұл Медетов те сөзін «білмедім» деумен аяқтады. 

- Мен теледидар арқылы да айттым, тағы қайталаймын, марқұмның қайтыс болуына қырым қанды безгек ауруы себеп болмаған. Біз оның қанын да, материалын да алып, лабораториялық зерттеуден өткіздік, күдік анықталған жоқ, - деді ол. 

- Егер ондай қауіпті ауру болмаса неліктен дәрігерлер мәйітті залалсыздандырып, туған-туыстарына оны ашуға рұқсат етпеген?

- Енді ол жағын білмедім... 

     Сонда қалай? Аурухананың бас дәрігері Мәди Бигалиев мүлде бейхабар кейіп танытты. Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ғалымжан Әбіш пен санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті  бастығының орынбасары Жұмағұл Медетов екеуі де сөздерін «білмеймізбен» бітірсе, жұртқа кім білгенін айтып, көңілдегі күдікті сейілтеді? Ақ халаттылар мен марқұмның туыстарының арасында пікір қайшылығы неліктен туындап тұр? Олар неге ортақ байламға келмейді? Әрине, марқұмның туыстарының айтқандары нақты дәлелдермен расталған  ресми мәлімет емес. Дәрігерлерді де  нақты дәлелдің жоқтығынан «ауруды жасырып отыр» деп ашық айыптаудан аулақпыз. Алайда, күдік келтіретіндей де себептер аз болмай тұр.  

     Жалпы жалған диагноз қою, адамның қандай аурудан өлгенін жасыру фактілері осы кезге дейін тәжірибеде аз кездеспеген. Ең өкініштісі, осы жасырулардың барлығы қайғымен аяқталып, үлкен дауға ұласумен келеді. Ендеше, жасырудан ұтқанымыз қайсы? Керісінше қайғы қоюлана түспеді ме? Еске түсіріп көрейікші, кезінде облыста ғана емес республика көлемінде үлкен дүрбелең туғызған балалар арасындағы ВИЧ дертінің өршуіне бірінші кезекте ауруды жасыру әрекеті себеп болған-ды. Салдары не болды? Облыс әкімінен бастап денсаулық сақтау басқармасының бастығы, бірқатар қызметкерлері қызметінен кетіп, кінәлілер сотты болды. Ең өкініштісі, қаншама бейкүнә сәби жазылмас дертке душар болды. 

   Әріге бармай-ақ екі жыл бұрын Түркістан қаласында қырым қанды безгегіне шалдыққан ауруға жалған диагноз қою, аурудың шын себеп-салдарын жасыру салдарынан қауіпті кеселді жұқтырған қаншама адам қайтыс болды. Оның ішінде аурумен алысқан дәрігер де бар. Осы оқиғаға орай тексеру жүргізген облыстық прокуратура қызметкерлері бұл қайғылы оқиғаларға дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймағаны себеп болғанын ашық айтты. Тіпті, жұқпалы ауру тудырушы ошақты  залалсыздандыру, жою жөнінде тиісті орындарға хабарламаған. Үлкен дауға ұласқан бұл іске еліміздің сол кездегі бас прокуроры Қайрат Мәми де араласып, соның арнайы қаулысымен Ішкі істер департаменті, Қаржы полициясы және облыстық прокуратураның тергеу тобының қызметкерлерімен ведомствоаралық комиссия құрылып, тексеру жүргізген еді. Тергеу анықтағанындай, марқұмдардың өліміне себеп болды деген диагноздардың дені жалған болып шыққан. Міне, басқасы басқа, әсіресе, оңтүстікқазақстандық дәрігерлер жалған диагноз қоюдың, ауруды жасырудың ақыры  қандай орны толмас өкінішке апарып соғатынын, нендей айқай-шуға ұласатынын ұғатындай ащы сабақты бастан өткерді ғой. Біздікі қателік қайталанбаса екен деген қауіп қой. Біз қауіп еткеннен айтамыз. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Осыны жауапты адамдар жақсылап ойланып, күні ертең абыройдың айрандай төгілмеуін ойланса дейміз. 

     Мамандардың сөзіне сенсек, кенелердің күшіне мініп, адамдарға қауіп төндіретін уақыт - жаз мезгілі екен. Ал жаз – оқушы балалардың лагерлерде демалатын мезгілі, яғни табиғат аясына жиі шығатын уақыты деген сөз. Облыс әкімінен бастап барлық аудан, қала басшылары оқушылар демалатын демалыс орындарын жаппай залалсыздандыруға жанталасып жатқанда Кентау қаласы мен Созақ ауданы әкімдерінің жайбарақаттығы түсініксіз. Әлде бұл өңірлерде  кесел әкелетін кенеден қауіп жоқ па? Олай дейін десең, Түркістандағы жұртты ұлардай шулатқан қайғылы жағдай онымен көршілес қоныстанған  Кентаудың да етек-жеңін жинауға мәжбүрлеуі тиіс қой.  Ал Созақ ауданының тұрғыны қырым қанды безгегінен көз жұмғанына көп бола қойған жоқ.  Ендеше Кентау қаласы мен Созақ ауданының әкімдері Нұржігіт Қалмырзаев пен Берік Мейірбековтың бұл жайбарақаттығы қай жайбарақаттық? Облыстық білім басқармасының мәліметіне сенсек, Кентау қаласы бойынша жазғы сауықтыруға, мектептер мен қала сыртындағы лагерлерге залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге бір тиын да қаржы бөлінбеген. Ал Созақ ауданында жазғы демалысқа деп қаржы қаралғанымен, мектептерді залалсыздандыруға қаржы шығындағысы келмепті. Сол секілді Арыс қаласы  мен Түлкібас ауданында да бұл мақсатқа қаралған қаржының көлемі мардымсыз. Сонда бұл әкімдердің болашағымыз - балалардың тағдырына селқос қарағандығы ма? 

      Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg




Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: