Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті Шымкент филиалының 2-курсында оқып жүрген Нұрсұлтан Дүйсебаев 2008 жылдың 2 сәуірінен 3-іне қараған түні облыс орталығындағы «Алматы» кафесінде суық қарудан алған жарақат салдарынан ауруханада қайтыс болған еді. Осы аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кісі өліміне қатысты жүргізілген тергеу амалдарының нәтижесін таразылау басталды. Ал сотталушы -өмірі қыршынынан қиылған өрімдей жаспен бір оқу орныда, тіпті бір группада оқыған Бектемір Абдукаримов.
«Рейтинг» газетінің былтырғы мамыр айындағы санында біз бұл оқиғаның жай-жапсары туралы кең көлемде мақала жариялағанбыз. Онда Шымкент қаласы Абай аудандық ішкі істер басқармасының тергеушілері Б.Абдукаримовтың үстінен Қылмыстық кодекстің 103-бабымен қылмыстық іс қозғап, сотқа жолдағанымен, судья Ғ.Мыңбатыров істі қайта тергеуге жібергені жазылды. Істің қайта тергеуге қайтарылуына куәгерлердің жауаптарындағы қарама-қайшылықтың көптігі, қисынсыздығы себеп болды. Екі жылдан астам уақыт бойы тергеу амалдары сағызша созылған істі бұл жолы судья Әбинұр Қарабаев қарауға кірісті.
Дүйсенбі күні өткен алғашқы сот отырысында алдымен мемлекеттік айыптаушы Нұржан Полатов сотталушыға тағылған айыпты жария етті. Оның айтуынша, дәлірегі тергеу кезінде жинақталған материалдарға қарағанда, 2 сәуір күні кешкісін бір топ группаластар туған күн тойлау үшін «Алматы» кафесіне жиналған. Сол жерде ішімдік ішіп, көңіл көтеріп отырған Нұргелді Ибраев пен Бектемір Абдукаримовтың арасында ерегіс туындаған. Олар сыртқа шығып, бір-бірімен жаға ұстасып, қол жұмсасуға дейін барады. Бұдан кейін группаластары Нұргелді мен Уәлиханнан таяқ жеп қалған Бектемір пәтеріне барып, өзімен бірге тұратын сыныптастары Сәбит, Ердос және Бақыт есімді жігіттерді ертіп, кафеге қайта оралған. Әрине, кеткен есесін қайтару үшін... Кафеге келген соң екі жақ сыртқа шығып, өзара әңгіме жасаған. Ердос пен Сәбит және Нұргелді үшеуі шеткерек шығып, өзара «түсінісіп» тұрған сәтте... Кенет Бектемір жүгіріп келіп, қолындағы пышағымен Нұргелдіге бірнеше мәрте пышақ ұрған. Оның тіпті Нұргелдіні өлтіріп тастауы да мүмкін екен. Құдай сақтағанда, Сәбит оны ажалдан арашалап қалған. Осы кезде Нұрсұлтан жанжалға ара түсу үшін Бектемірді ту сыртынан келіп құшақтаған екен. Бектемір артына бұрылып, оның көкірек тұсына қолындағы суық қаруын сұғып алған...Қан көрген соң жігіттер әп-сәтте у-шу болады да қалады. Сыныптастар оқиға орнынан бой тасалаған, группаластар қансыраған жолдастарын ауруханаға жеткізген. Жүрек тұсынан ауыр жарақат алған Нұрсұлтан ауруханада өзіне келе алмаған күйі қайтыс болды. Ал, кейіннен сараптама барысында анықталғандай, суық қарудан бес мәрте жарақат алған Нұргелдіні дәрігерлер аман алып қалған. Осылайша екі адамның өміріне қасақана қаза келтірмек болған, екіншісін өзінің еркінен тыс жағдайларға байланысты соңына дейін жеткізе алмаған Бектемір Абдукаримов Қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-бөлімінде көрсетілген қылмысты жасаған.
Алайда Бектемір Абдукаримов бұл айыптауларды мойындаған жоқ.
--Сол күні біз «Алматы» кафесіне келіп, группаласымыз Абзалдың туған күнін тойладық. Отырыс барысында Нұргелді «сен неге туған күнге ақша шығармайсың, Абзалды сыйламайсың ба?» деп, содан екеуіміз ерігісіп қалдық. Сыртқа шыққан соң ол Уәлихан екеуі мені ұрды. Содан кейін пәтерге келдім. Бір кезде мен, Ердос, Сәбит және Бақыт төртеуіміз көшеге серуендеп келуге шықтық. Жолда «Алматы» кафесінің тұсына келген кезде группаластарымды көріп қалып, сол жерде ерегіс басталып кетті. Нұрсұлтан мен Нұргелдіні кімнің пышақтағанын көргенім жоқ. Оқиға болған соң таңғы сағат төртке дейін жүрдік. Нұрсұлтанның қайтыс болғанын ертеңіне естідім. Арада екі күн өткенде Нұргелдінің әпкесі мені полицияға ертіп барды,-дейді ол.
Тәттібек Дүйсебаев, марқұм Нұрсұлтанның әкесі:
--Оқиға кезінде немесе оның алдында Нұрсұлтанмен араларыңда келіспеушілік болып па еді?
Б.Абдукаримов:
--Жоқ болған емес.
Полицияға өз еркімен барған Бектемір алғашқыда мойындау туралы жауаптарды тергеушілердің қысымымен бердім деп отыр. «5 «опер» ұрып мойындатты» деді ол. Осыған байланысты судья Ә.Қарабаев: «Ұрып мойындату жәйті бойынша тексеру амалдарын жүргізу қажет шығар» деген ұсыныс айтып еді. Бұған прокурор Н.Полатов:
--Оның қажеті жоқ деп ойлаймын. Тергеу амалдарының бәрі сотталушының адвокатының қатысуымен жасалған. 2 жыл бұрын болған оқиға. Ұрып-соққаны жөнінде дәлел жоқ. Ұрғандардың аты-жөнін білмейді,--деді.
Сотталушы Б.Абдукаримов:
--Түрлерін танимын. Олардың кімдер екенін тергеуді алғаш жүргізген Жанқұлов тауып береді.
Судья:
--Сыныптастарың не себепті бар кінәні саған жауып жатыр? Мұны қалай түсіндіресің?
Б.Абдукаримов:
--Әркім өз басын алып қашып жатыр емес пе?
Бұдан кейін сотқа куәгер ретінде шақырылған Ердос Отарбаевтан жауап алынды. Оған сүйенсек, Бектемір сол түні пәтерге үсті-басы шаң болған күйі оралған. Жуынып-шайынып болған соң ол есесін қайтару үшін «қайтадан кафеге барайық» депті. Содан төрт жігіт көшеге шыққан. Шығар кезде ол Бектемірдің үйден асхана пышағын алып шыққанын байқап қалыпты. Бұл және қасындағы жігіттер «пышақты тастап кет» деген. Бектемір үйге кіріп, қайта шығады. Бірақ кейіннен белгілі болғандай, пышақты ол тастамаған екен. Кафеге келіп, сыртқа шығып бұл Нұргелдімен сөйлесіп тұрған сәтте Бектемір жүгіріп келіп, Нұргелдіге пышақ сұққылаған. Не болғанын түсіне алмай қалған Сәбит Нұргелдіге ара түседі. Осы кезде Бектемір өзін артынан келіп құшақтаған Нұсұлтанға бұрылып келіп көкірек тұсынан пышақ сұғып алған. Бұдан соң кейін төрт жігіт қашқан бойда 8- мөлтекауданда тұратын сыныптастары Диананың пәтеріне барады. Бектемір қолындағы пышағын жол-жөнекей лақтырып кеткен.
Ердос Отарбаев:
--Мен Бектемірдің Нұргелдіге және Нұрсұлтанға пышақ ұрғанын көзбе-көз көрдім.
Дәл осындай жауапты куәгер ретінде шақырылға Сәбит те қайталады.
Диана Жолдасова, куәгер:
--Сол түні үйге Сәбит, Ердос, Бектемір, Бақыт төртеуі келді. Төртеуінің де түрлері бозарып кеткен екен. Бектемір келген бойда жуынды. Үстінде ақ көйлегі костюм-шалбары болатын. Оның көйлегінің жеңіне қан жұғып қалғанын байқап қалып, не болғанын сұрағанымда Бектемір: «мен групаласыма пышақ салып қойдым» деді.
Бірақ Бектемір:
--Мен ондай сөзді айтқаным жоқ,--деді.
Бұл жолғы сотқа шақырылған куәгерлердің басым бөлігі Бектемірдің сыныптастары екен. Солардың бірі Еркеғали Жорабеков. Полицияға өз еркімен барғаннан алғашқы сотқа дейінгі екі жарым ай қамауда отырған Бектемір ауылына келген соң Еркеғалиға группаластарын өзі пышақтағанын, енді олардың әке-шешелерінен кешірім алғанын айтыпты. Тағы осындай тағы бір сыныптас –куәгердің айтуынша, Бектемір осы оқиғадан кейін жолыққан сәтінде қылмысты жасаған өзі екенін мойындапты. Бүгін айтылған сөздің ертең өзіне қарсы айғақ болатынын Бектемір білмеген-ау шамасы.
Осы сотта істі алғаш жүргізген тергеуші, қазіргі уақытта Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде шұғыл уәкіл болып істейтін Жанқұлов:
--Сотталушыны Б.Абдукаримовты тергеу барысында ұрып-соғу, күштеп мойындату болған жоқ. Полицияға өз еркімен келген. Пышақты да өзі тауып берген,-- деді.
Бір қарағанда, Б.Абдукаримовтың осы қылмысты жасауы қисынды сияқты көрінеді. Бірақ соттың алдағы отырысы шым-шытырыққа айналуы әбден мүмкін. Өйткені жәбірленуші Нұргелді Ибраев тергеу барысында және алғашқы сотта өзін пышақтаған Сәбит, ал Нұрсұлтанға пышақ салған Ердос деген жауап берген. Нұргелді де оқиғаны көзбе-көз көрген куәгер. Оның бұл сөзін өзіне бірнеше мәрте аяусыз пышақ салып, өмірін қимақ болған Бектемірге жаны ашығандық деу негізсіз ғой. Бұрын-соңды аздап таныстығы болмаса, кеткен кегі, алар өші жоқ Ердос пен Сәбитті босқа қаралап отыр деуге де келмейді. «Н.Ибраев қайта ажалдан арашалап қалған сендерге қарсы куәлік бергенін қалай түсінуге болады?» деген судьяның сауалына Сәбит те, Ердос та «білмейміз» деп жауап берді. Қалай десек те, қым-қиғаш қарама-қайшылықтың ақ-қарасына жету, төрелік айту тек соттың құзырында, әрине.
Соттың келесі отырысы 28 сәуірде өтеді. Бұл жолы группалас-куәгерлерден, оның ішінде жәбірленуші Нұргелді Ибраевтан да жауап алынбақ.
Oinet.kz мұрағатынан