Түрмедегі медицина

Screenshot_31.jpg   

«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында сотталғандардың денсаулығына қатысты жайттар атап айтылған. Өйткені, бас бостандығына шектеу қойылған жандар да қоғамның ажырамас бір бөлігі. Жазасын өтеген соң отбасына оралып, қоғаммен қайта біте қайнаса араласады. Сол кезде өзіне де, отбасына да, айналасына да зияны емес, пайдасы тиюі қажет. Экономикалық өсу жағынан да, денсаулығы жағынан да. Осындай ой бізді сотталғандардың денсаулығына, оларға медициналық жәрдем көрсету мүмкіндігіне үңілуге себеп болды. 

Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында бес түзеу мекемесі мен бір тергеу абақтысы бар. Одан бөлек аудан-қалаларда 17 қылмыстық атқару инспекциясы жұмыс істейді. Осы мекемелердің барлығын қосқанда жалпы үш жарым мыңға жуық адам сотпен тағайындалған жазаларын өтеуде. Осы тұста айта кеткен жөн, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында «түзеу мекемелерінде туберкулезбен және АИТВ/ЖИТС-пен ауыратын науқастарға медициналық көмектi жақсарту үшiн қажеттi медициналық жабдықтар сатып алу арқылы Қылмыстық атқару жүйесі (ҚАЖ) емдеу-профилактикалық мекемелерiн материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейiн арттыру, пенитенциарлық жүйенiң туберкулезге қарсы мекемелерiне күрделi жөндеу жүргiзу, медициналық және медициналық емес бейiн мамандары үшiн кәсiби стандарттарды әзiрлеу» мәселелерін жоспарлау көзделген. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы, әділет полковнигі Теңізжан Жәнібековпен болған әңгіме барысында ең алдымен осы сауалды көлденең тартқан едік. 

     - Облыс аумағындағы түзеу мекемелерінің біреуі туберкулезден емдеу мекемесі болып есептеледі. Онда оңтүстік және батыс облыстарындағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан науқастар емделеді. Қазір онда 497 жазасын өтеуші ем қабылдап жатыр. Мекемеде заманауи медициналық аппараттар қойылған. Туберкулез әлеуметтік ауру есептелетіндіктен, ас мәзіріне ерекше мән беріледі. Дәрі-дәрмек те жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда өкпе құртына шалдыққандардың толықтай айығып шығуына жан-жақты жағдай жасалған. Бұл сотталғандар ертеңгі күні жазасын өтеп шыққаннан кейін айналасындағыларға ешқандай қауіп төндірмеуі тиіс. Жалпы алғанда, түзеу мекемелеріндегі медицина саласына соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған жағдай жасалуда. Түрлі мақсаттағы медициналық аппараттар сатып алынды. Нақты айтар болсам, биылғы жылдың өзінде медициналық құрал-саймандар үшін 38 миллион 796 мың теңге бөлініп, сол қаражатқа бірнеше түзеу мекемесіне ең қажетті деген электрокардиограф, флюрографиялық аппарат, диагностикалық ультрадыбысты аппараттар, фармацевтикалық тоңазытқыштар, гематологиялық анализатор секілді аппараттар алынды. Ал өткен жылы медициналық құрал-жабдықтар сатып алу үшін бюджеттен 101 миллион 914 мың теңге қаралған-ды. Одан бөлек дәрі-дәрмектер үшін былтыр 56 941 мың, биыл 67 610 мың теңге қаралды. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан осы көмектің арқасында қазір сотталғандардың сырқатын анықтау, емдеу мәселесі шешімін тапқан. Олар бас бостандығынан айырылғанымен, ем алу құқына шектеу қойылмайды. Алдағы уақытта қылмыстық атқару жүйесінің медицина саласын жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының құзырына өткізу мәселесі қарастырылуда, - дейді ҚАЖ департаментінің бастығы Теңізжан Нұрмаханұлы. 

Түзеу мекемелеріндегі медициналық жәрдем көрсетудің мүмкіндігі артып, сапасы көтерілгенімен, жедел жәрдемді қажет ететін науқастарға көмек көрсету аясы шектеулі. Осыған орай түзеу мекемесі орналасқан аудан-қалалардағы ауруханаларда сотталғандарға шұғыл көмек көрсететін арнайы, терезелері темір тормен бекітілген палаталар бар. Керек жағдайда ол палаталар босатылып, сотталғандарды емдеу, ота жасау іс-шаралары жүргізіледі. 

Теңізжан Нұрмаханұлы  әрбір түзеу мекемесінде емдеу бөлімдері жұмыс істейтінін айтты. «Жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген ұстаныммен, ел «31-ші түрме» деп атап кеткен қаладағы ИЧ 167/3 түзеу мекемесінің емдеу бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысқанды жөн көрдік. «Мен Қостанайда оқыдым, Маңғыстау облысында жұмыс істедім, Шымкенттегі қоныс колониясын басқардым, бірақ, дәл осы мекемедегідей жаңа, заманауи медициналық аппараттарды көріп отырғаным осы. Флюрографиялық, рентген аппараттары, тіпті, тіс емдейтін комплексті аппарат бар. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Сырқаттанғандар амбулаториялық жағдайда да, стационарда да емделе алады. Науқастардың ас мәзіріне ерекше көңіл бөлініп, сүт, қаймақ, жеміс-жидегіне дейін береміз. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жәрдемнің арқасында сотталғандардың денсаулықтары жылдан-жылға жақсарып келеді», - дейді ИЧ 167/3 мекемесінің бастығы, әділет майоры Айтжан Бакиров. 

Мекеменің емдеу бөлімінің тыныс-тіршілігімен мекеме бастығының емдеу-сауықтыру жұмыстары жөніндегі орынбасары, әділет майоры Көбей Сейітов таныстырды. «Жаңадан түскен этап екі апта карантинде болады. Сол кезде әр сотталғандар толық медициналық тексеруден өткізіледі. Міндетті түрде ВИЧ-ке қан тапсырып, өкпесін рентгенге түсіреді. Терапевт, втизиатордың бақылауынан өткізіліп, сотталғандардың ауру немесе ауру емес екені анықталады. Науқастар бірден емделеді. Туберкулез анықталса, бірден «тубзонаға» жіберіледі», - дейді ол. 

Бөлімге кірген тұста, дәліздің сол жақ қанатында тіс емдеу бөлмесі орналасыпты. Онда бұрын 1974 жылы шығарылған ескі станок болған екен, өткен жылы шетелдік жаңа аппаратпен алмастырылған. Барлық сотталғандардың тісі әр алты ай сайын тексеріліп, зақымданғандарын емдеу, пломба салу, жарамайтындарын жұлу жұмыстары атқарылады. Одан кейінгі бөлмеде клиникалық зертхана жұмыс істейді. Науқастардың қан мен зәр анализі осы зертханада зерттеледі. Ал күрделі анализдер қаладағы медициналық мекемелерге жолданады. Ескі рентген аппараты былтырғы жылы мүмкіндігі мол жаңасымен алмастырылыпты. Барлық сотталғандардың ауру тарихы жазылған медициналық карта жеке-жеке сақталған. Заласыздандыру бөлмесінде негізінен көп қолданылатын құралдар залалсыздандырылады. Бір рет қолданылған медициналық қалдықтар уақытша сақтау бөлмесінде сақталып, оны арнайы келісім-шартқа отырған «Фармимпекс» компаниясы аптасына екі-үш рет тасымалдап, жойып отырады. Арнайы ем қабылдау, орап таңу бөлмелері, асхана, 15 орындық стационар мен оқшаулау бөлмесі бар. 

К.Сейітовтың айтуынша, Оңтүстіктегі түзеу мекемелерінің ішінде бірінші рет телемедицина жүйесі пайдалануға беріліпті. Оның арқасында облыстық, қалалық ауруханалардың мамандарымен сотталғандармен бетпе-бет отырмай-ақ, телебайланыс арқылы тікелей тілдесіп, кеңес алуға мүмкіндік береді. Бұл, әрине, мемлекет тарапынан беріліп жатқан жәрдемнің нақты нәтижесі болса керек-ті. 

Мұрағаттан: 15.11.2012


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: