Қазығұрт тауының етегінде 1931-1932 жылдары құрылысы басталып, кейіннен аяқсыз қалып кеткен «Шымкент-Ташкент» теміржолының орны әлі күнге жақсы сақталған. Ел басына күн туған аласапыран заманда, аштықтың тырнағынан талай адамды алып қалған шойын жолдың төбеге айналған қалдықтары тарихтың қилы кезеңін ішіне бүгіп жатыр. Араға 81 жыл салып жуырда осы уақытқа дейін жұртшылықтың назарынан тыс қалып келген темір жол бойында ескерткіш белгі орнатылды.
Шымкент пен Ташкенттің арасын төтесінен байланыстыратын шойын жолды салуға бастамашыл болған ұлт қайраткері Тұрар Рысқұлов. Бұл туралы тарихшы-жазушы Момбек Әбдіәкімұлы республикалық газеттерге жазған мақаласында былай дейді:
-- 1992 жылы 102 жасқа келіп қайтыс болған атбұлақтық Есбай қария 1981 жылы маған айтып берген естелігінде былай деген еді:
«Мен 33-36 жас аралығымда біздің өңір қарайтын Сырдария губерниясы, Шымкент уезі, Қазығұрт болыстық комитеті жанындағы кедейлерді қорғайтын қосшы одағында төраға болғам. Байларды кәмпіскелеуден бір жыл бұрын (бұл 1927 жыл) бізге уезд бастығы Башмаковтан: «Жақын арада Мәскеудегі Халкомкеңесте (Халық комиссарлары кеңесі) үлкен қызмет істейтін Тұрар Рысқұлов деген кісі Қазығұрт етегіндегі ауылдардың үстінен жұмыс сапарымен өтпекші. Сол кісіні қарсы алып, шығарып салуға дайын отырыңдар» деген бұйрық-хабарлама түсті.Содан ұмытпасам, күн салқындап қалған қазан айының бір күнінің сәске мезгілінде Тәшкен жақтан келе жатқан Рысқұловтың тобын Қарақия маңында күтіп алдық. Рысқұловтың жанында мылтық асынған он шақты нөкері және уезд бастығы Башмаков, одан соң есімде болса, Тынышпаев, Дәрібаев деген кісілер бар екен. Оларға қоса, қатарларында жер бедерлерін, ауыл, тау-жота, қия-беткей атауларын қағазға түсіріп жазып алатын тағы бір үш-төрт жігіт жүр. Біз кездескеннен кейін ол топ әр төбенің басына бір шығып, өзара ұзақ шүйіркелесіп, әр-әр жерге қазық қақты. Жазбашы жігіттері қағаздарына бірдеңені түртіп алып жатты. Дегенмен төте жолды салу ол ойлаған уақытта басталмады. Өйткені, бұл уақытта Түркісіб барлық қарқынмен жүріп жатқан. Өкімет қаржысының бәрі соған құйылды да, жаңағы жолды салу кейінге шегеріле берді. Оның кейінге шегеріліп, 1931 жылы басталуы — Қазығұрт, Келес бойындағы елдер үшін пайдалы болды. Себебі Рысқұлов ашаршылық басталған әне бір жылы КСРО жол қатынастары халық комиссары Андреевке қайта-қайта кіріп жүріп, ақыры оны бастатқызып жіберді. Сөйтіп жолға мол қаржы бөлінді. Жолда еңбек еткен сан мыңдаған адамдар аштан аман қалды».
Темір жол бойында еңбек еткендерге күніне бір мезгіл ыстық тамақ берілген. Жұмыс іздеп келушілер сонау Арал маңы мен Сарысу, Мойынқұм жерінен де ағылған. Көнекөз қариялардың айтуынша, құрылыс басында да талай адамның сүйегі қалған.
«Шымкент-Ташкент» темір жолы құрылысы төрт жылда бітіру жоспарланғанымен, ол 1 жыл 4 айдан кейіне тоқтап қалған. Құрылыстың басы-қасында жүргендер «халық жауы» ретінде жауапкершілікке тартылған. «Нақтырақ айтар болсақ, 60 адам әртүрлі мерзімге сотталып, 7 адам ату жазасына кесілген»,-- дейді Момбек Әбдіәкімұлы.
Ескерткіш белгінің ашылуына Шымкент-Ташкент темір жол құрылысында жұмыс істегендердің бүгінгі ұрпақтары қатысты. Енді олар ескерткішті еліміздегі мәдени мұралар қатарына енгізуге ниетті.
Ашаршылық туралы мұрағат құжаттарын жарыққа шығарып, осы жөнінде зерттеулер жүргізіп жүрген М.Әбдіәкімұлының айтуынша, нәубет жылдары Оңтүстікте жарты миллионға жуық адам аштан қырылған.
Мұрағаттан, 31.05.2012 ж