Дінмұхамед Қонаев: «Ақиқаттан аттауға болмайды»

Screenshot_7.jpg

Шешем Зәуре Байырқызы осы күнгі Шелек ауданының орталығында (Қоянды дейтін бұрын) сіңірі шыққан кедейдің қызы. Әкем мен шешем жетпіс жылдам астам уақыт бірге ғұмыр кешті. Анам байғұс сексен алты жасында 1973 жылы дүние салды.

...Әкем 1976 жылы тоқсан жасына үш ай қалғанда дүниеден озды. Біз Верный қаласының Сарқант көшесінде Иванов дегеннің (Үлкен станицада) үйінде тұратын едік. Мен сол үйде 1912 жылы қаңтардың он екінші жұлдызында туыппын. Екі жылдан кейін әкем жанын жалдап жүріп еңсесі төмендеу шағын жай салды. Ұмытпсам, адресі былай еді: Старокладбищенск (қазір бұл жерде ІІ Алматы вокзалы тұр. Оның бұлай аталуы – ол кезде-көшенің солтүстік жағында ескі қорым бар еді) көшесі 39, кейін оны вокзал, сосын Сталин атындағы, кейін Комунистік даңғыл деп атады. Қазір ол Абылай хан даңғылы. Әрине, уақыт озған сайын дүние өзгермей тұрмайды, менің бар балалық шағым өткен сол үй әлдеқашан бұзылды, оның орнында осы күні астында электр бұйымдарын сататын дүкені бар көп қабатты зәулім үй салынған.

Біздің үйден сәл ғана жерде өзбек мешіті бар еді. Көш жерден көзге ұрып тұратын. Қыздың жиған жүгіндей әрі шағын, әрі әдемі еді. Ораза айтында, Құрбан айтта әкем өзіммен бірге мешітке ерте баратын. Жұма намазын да қаза жібермейтін. Сол кезде жеті-сегіздер шамасындағы біздер мешітті айнала жүгіріп, мұнаралына шығып, биіктен қалаға көз салар едік. Бәрі алақанға салғандай анық көрінетін. Әкей онымызды сезіп қалса, қатты кейіс білдіретін. Ал, айт күндері көңілді оралатын. Біз де мәз-мейрам боп, жылы жұмсаққа, бал-шекерге бір тойып қалатынбыз. Әкем құрбан шалар еді. Семіз қойдың төстігін отқа қақтап, үй ішіндегілерге түгел ауыз тигізетін. Соның дәмі әлі ауыздан кетпейді. Сосын жұмсақ бауырсақ, неше түрлі тәтті нанға толы дастархан шетіне келіп отырып, күрең шайға бас қоятынбыз.

Ескі Верный, оның көрікті жерлері, әлі көз алдымда, Губернатор үйі, Әскери мәслихат ғимараты, Дворяндар мәслихат үйі, Кафедралы собор, Покров шіркеуі, сәулеті жағынан бірінен-бірі өтетін мешіттер, көпестердің иінтірескен үлкенді-кішілі бір қабат ағаш үйлер, ол кезде екі-үш қабатты үйлер ілуде біреу, асфальт көше атымен жоқ, шаңы шығып жатқан қара жол, есек мініп, түйе жетелеген жүргіншілерде тыным болмас еді, бір ғажабы, аттап бассаң, алдыңнан арық шығатын, арық толы су күндіз-түні ағатын, қанатын кең жайған қалың қарағаш, көкпен таласқан терек жанға сая еді – міне, Верный қаласына тән кейіп осы. Ол кезде ағаш үйді бекер салмайтын, аузы күйген үрлеп ішеді дегендей, 1887 жылғы 10 маусымдағы адам айтқысыз жер сілкінісінде жер үйлерді былай қойғанда, сырт көз сүйсінбей өтпейтін 1799 ғимараттан бір-ақ үй шыдас берді, қалғаны жермен-жексен болды, содан бері ел үйді ағаштан салатын еді. Бұл арада қаланың негізін қалаған жандарға лайықты бағасын берген мақұл, байқасаңыз, көшелері оқтай түзу, алаңы көкорай шалғын, жасыл желекке оранған. Жетісудың тұңғыш губернаторы генерал Герасим Алексеевич Колпаковский есімімен байланысты тірлік аз емес, басқасын айтпағанның өзінде, оның осы қаланың баққа орануына сіңірген еңбегі мол. Ол қала тұрғындарына әрбір отырғызған талы үшін он сөлкебайдан (тиын) төлеген, ал белгіленген жерге ағаш отырғызбай, кежегесінен кері кеткен жанды шиландай жұрттың көзінше дырау қамшымен жон арқасынан таспа тілген. Оны генерал-губернатордың, вице –губернатор Евсей Андреевич Россицкийдің шашбауын көтеріп, кұрдай жорғалап жүрген ұрда-жық казактар сол жерде-ақ орындап отырған. Сөйтіп, қала қас пен көздің арасында жасыл желекке оранып, құлпырып шыға келіпті.

...Мен Чернышевский атындағы №9 мектептің бірінші сатысында оқыдым. Мектеп Алматы көшесінің (қазіргі Емелев) бойында ескі үйде болатын, кейінірек ол мектеп таратылып, мекен-жайы бұзылды. Төртінші класты бітірген соң №14 мектепке ауыстым (екінші сатысы), ол осы күнгі тәтті тағамдар фабрикасы (Жібек жолы мен 8-наурыз көшелерінің қиылысы) тұрған жерде болатын.

Мектеп адам өміріндегі естен кетпес бір белес қой. Мен үшін хат танып, әліппені оқытқан, орыс тілін үйреткен алғашқы мұғалімім Анна Павловна Шурованың орны ерекше. Жаны жайсаң адам еді. Ол кісімен араға, кұдайым-ау, қанша жыл салып барып кездестік десеңізші. Ұмытпасам, 1955 жыл болатын. Ол кезде мен Қазақ КСР Министірлер Кеңесінің төрағасы едім. Ойда жоқ жерде телефон шалыпты. Қабылдауымды өтінді. Оған сөз бар ма, дереу көлік жіберіп алдырттым. Ұзақ отырып әнгімелестік. Менің балалық шағымды, мектеп қабырғасындағы қайталанбас күндерімді еске түсіріп, ол кісі бір жасап қалды. Мен кетерде:

- Анна Павловна, қазақта «айран сұрай келіп, шелегінді жасырма» деген сөз бар. Бұйымтай айтыңыз,- дедім.

Ол кісі өтініш айтты. Не жылуы, не ыстық суы жоқ ескі үйде тұрады екен, соны жаңа үйге ауыстырып беруін өтінді. Сөзге келмей, тілегін орындаттырып бердім. Әрине, істің орайы келе бермейді, әйтпесе алдыңа келген адам өтінішін аяқ асты етпегенге не жетсін. Жалпы адам жанына ізгілік нәрін сепкен ұстаздан үлкен кім бар! №14 мектепте дәріс берген елгезек те ерекше сезімтал мұғалімдерім: матеметик С.И. Соколовты, физиктер А.А. Астраханцевті, И.П. Масленковты, географ Тугаринді, жаратылыстанушы Б.Н. Дублицкийді, қоғамтанушы Е.С. Войцеховскийді ылғи да еске аламын. Олардың баларға деген жомарт жүректерін, кіршіксіз таза көңілдерін, жан бауыр ақыл кеңестерін, сарқылмас білім қайнарын қалай ұмытарсың. Әке қаны, ана сүтімен дарымаған өнерді игеру оңай емес. Менің орыс тілін ойдағыдай меңгеруіме Федулова Любовь Александровнаның сіңірген еңбегінің аз болмағанын ризашылықпен айту лазым.

...1931 жылы Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Мәскеудің түсті металдар институтына түсуге Мәскеуге келдім. Ол кезде поезд Мәскеу мен Алматы арасында алты-жеті тәулік жүреді. Алыс жолға шыққан кісінің ермегі терезеден телміріп, дүниені кызықтау. Оған қуанбасам, өкінбеймін. Жерімнің шетсіз, шексіз екенін көрдім. Оның құлазып жатқан сар даласын көрдім. Көзім көкжиектерге дейін сүрінбей жетіп, жоқ іздегендей тіміскілеген сайын көңілім алып ұшатын. Сонда-ақ біз тусырап жатқан жер төсін түлететінімізге шүбәсіз сенгемін. Өйткені баға жетпес қазыналы жерім туралы, қойдан жуас халқым жайлы аңыз әңгімені әбден құлаққа сіңіріп өскенмін...

Мәкеуге күпті көңілмен келіп түстім. Әмина әпкем сонда тұратын, ат басын сол үйге барып тіредім. Жездеміз Айтжан Түркебаев 1920 жылдан партия мүшесі болатын. Свердлов атындағы Комунисттік университетінің тыңдаушысы еді. Ерте есейіп, от пен судан өткен азамат, 1918 жылы азамат соғысына қатысып, партизандар жасағының командирі болған, бет қаратпай тұрған ақ казактармен қанды шайқасқа түсіп, анненковшыл қарақшыларды талқандауға қатысқан. 1924-1930 жылдары Талдықорған, Алматы ояздық партия комитеттерінде жауапты хатшы, онан соң БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің нұсқаушысы қызметін атқарған кісі. Кейін Қазақ КСР Егіншілік халық коммиссариатының кадр басқармасының бастығы және мектеп ісі жөніндегі уәкілі боп жүргенде Сарыөзек станциясында қаскөй қарақшылардың қолынан қаза тапты. Анық-қанығын білмеймін, азаматтың қанын мойына жүктегендер ізін суытып, қолға түспеген, содан әлі күнге дейін Түркебаевтың өлімі (себеп-салдары) жұмбақ күйінде қалып қойды.

Сол жездеміз бен әпкеміз Мәскеудің Воздвиженка көшесінің 5-ші үйінде тұратын, қазір онда Шусев атындағы сәулет мұражайы орналасқан. Мен осы үйде тұрып, емтихан тапсырдым. Институтқа қабылданысымен Панкратьев жалғыз аяқ көшесіндегі Сретенко жатақханасына ауыстым...


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: