Оңтүстікте 44 соғыс ардагері пәтер кезегінде тұр...

Screenshot_1.jpg    

...Неменеңе жетістің бала батыр,

   Қариялар азайып бара жатыр.

   Бірі мініп келместің кемесіне,

   Бірі күтіп әнекей жағада тұр...

Мұзбалақ Мұқағалидың осынау қанатты жырлары уақыт жылжыған сайын қатары сиреп бара жатқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қалай дәл арналған десеңізші. Осыдан екі жыл бұрын, яғни Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Шымкентте Даңқ аллеясы ашылып, онда біздің өңірден аттанған 140 мыңнан астам жауынгердің есімдері мрамор тасқа қашалып жазылды. Сол жылы облыстағы көзі тірі соғыс ардагерлерінің саны 1244 болатын. Ал алты жыл бұрын 3002 еді. Үстіміздегі жылдың 1-сәуіріне дейінгі мәліметке сенсек, ардагер аталарымыздың қатары 943-ке дейін төмендеген. Олардың 328-і қазір облыс орталығында тұрады. Сонда небәрі соңғы алты жылдың ішінде Отан үшін от кешкендердің саны 3,5 есеге дейін күрт төмендеген.

Қазір бірде-бір соғыс ардагері қалмаған ауылдар қатары көбейіп барады. Кейбір аудан-қалаларда соғыс ардагерлерінің саны, тіпті, саусақпен санарлықтай ғана. Мәселен, бүкіл Шардара ауданы бойынша көзі тірі 13 ардагер қалса, Арыста 15, Бәйдібек ауданында бар-жоғы  16 ардагер Жеңістің 67 жылдық мерейтойының куәгері болудан үмітті. Сол секілді Отырарда 20, Созақта 26, Ордабасыда 35 ардагер қалған.

Жалпы облыс бойынша соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілген 11345 ардагерге жергілікті бюджет және демеушілер есебінен 77 696,4 мың теңгенің көлемінде әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылуда. Оның ішінде 2545 соғыс ардагері мен оларға теңестірілгендерге бір жолғы материалдық көмек көрсетілсе, 3313 адамға жолда жүруге жеңілдіктер қарастырылмақ. 812 ардагерді сауықтыру мақсатында түрлі демалыс орындарына жолдама берілсе, 66 ардагерге жеңілдікпен дәрі-дәрмектер босатылу жоспарланған. 

...Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп әнекей жағада тұр... Бұл, енді табиғи заңдылық. Бізді толғандыратыны басқа мәселе болып тұр. Өкінішке қарай, «жағада» тұрған ардагерлердің арасында әлі күнге дейін пәтер кезегінде тұрғандар бар. Нақтырақ айтсақ, баспаналы болудан дәмелі қариялардың қатары 44-ке жетсе, олардың 3-і Мақтарал, 2-і Сарыағаш ауданында тұрса, қалғаны Шымқаланың тұрғындары екен. Осыдан екі жыл бұрын журналистердің араласуымен пәтер кезегінде тұрған облысымыздағы жалғыз Кеңес Одағының батыры баспаналы болғанын оқырман қауым жақсы білсе керек-ті. Ал қалған 44 ардагер қашан баспаналы болып үлгереді?

 

Сіз не дейсіз?

Бақытжан Бектұрсынов, Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары:

- Әрине, ардагерлердің толығымен пәтермен қамтамасыз етілгенін жан-тәнімізбен қалаймыз. Бірақ, мұны шешу біздің басқарманың құзырындағы дүние емес. Біз жергілікті атқарушы органдарға тек «көмек көрсетілсе екен» деген ұсыныстар жіберумен шектелеміз. Дегенмен, бұл мәселе жыл сайын, аздап болса да шешімін тауып келеді. Мәселен, 2010 жылы 4 соғыс ардагері мен 1 соғыс ардагеріне теңестірілген азамат пәтерлі болса, өткен жылы 9 ардагер мен 1 ауған соғысының ардагері «өз үйі - өлең төсегіне» қол жеткізді. Бұл үрдістің биыл да жалғасын табуына тілектеспіз. Жалпы бүгінгі таңда баспана азабын көріп, жалғыз, қараусыз қалған, әлеуметтік жағдайы өте төмен  арадагерлер жоқ деп айтуға болады.

- Облысымыздағы көзі тірі ардагерлердің арасындағы мүгедектерге қандай қамқорлықтар көрсетілуде?

- Облысымыздағы 943 ардагердің 351-і мүгедектер. Олардың дені орнынан өздігінен тұра алмайтын, яғни төсек тартып жатқандар. Мұндай топтағы ардагерлерге тиесілі зейнетақыларынан бөлек мемлекеттік жәрдемақы да беріледі. Өздігінен жүре алмайтындар мүгедектерге арналған креслосымен, протездермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, өзгенің көмегіне мәжбүр жандарға әлеуметтік қызметкерлер жәрдем береді.

- Онсыз да қатары сиреп қалған ардагер ақсақалдарымыз мерекені қалай қарсы алмақ?

- Жаңағы айтқанымдай, біз ұйымдастыру жұмыстарымен айналысамыз. Ал басқа шараларды өткізетін жергілікті әкімшіліктер. Олар мерекелік бағдарламаларды өз алдына жеке өткізетін болғандықтан, әр аудан-қала аппараты соғыс ардагерлеріне тағайындайтын бір мезеттік сыйақының көлемі әр алуан болып шығатынын түсінікті. Мұндай жағдайда ардагерлер арасында түсініспеушілік туындауы мүмкін. Осындай түсініспеушіліктің алдын алу үшін біздің ұсынысымызбен сыйақы көлемі біркелкі болып белгіленді. Ал демеушілер тарапынан көрсетілетін көмек өздерінің еркімен жүргізіледі. Біздің ең негізгі мақсатымыз – ардагерлерге лайықты көңіл бөлу.

Өзімізге қарасты  200 орындық Ардагерлер үйі мен 190 орындық «Мейір» үйіне аудандарға, қалаларға ұсыныстар жіберу арқылы ардагерлерді молырақ қамтамасыз етуді жоспарлағанбыз. 9-мамыр күні осы ардагерлер үйінде арнайы ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Бұл күні ардагерлер «Даңқ» мемориалында мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, әскери далалық асханада бас қосатын болады. Ол жерде байырғы жауынгерлер әскери өмірлерін еске алып, әсерлі естеліктер айтылатын болады. Соғыс ардагерлермен қатар жесір атанып, бірақ, қайта тұрмыс құрмаған аналарымыз да құрметті қонақтардың ортасынан табылады.

 - Соғыс кезінде хабар-ошарсыз кетіп, әлі күнге дейін дерегі табылмағандар бар. Олар жайлы мәліметті қайдан алуға болады?

- Иә, ондай оқиғалар әлі де көп кездеседі. Ардагер аталарын іздегендер болса, жергілікті әскери комиссариаттар арқылы Ресейдегі бұрынғы Кеңестер Одағы қорғаныс министрлігінің бас мұрағатына сұрау жібертуге болады. Деректер мен жазбалар сол жерде сақтаулы болуы тиіс.

Мұрағаттан, 03.05.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: