Отандық бизнес бәсекеге қабілетті ме?

Screenshot_16.jpg

           Әлемдегі ықпалды құрылымдардың бірі саналатын Дүниежүзілік сауда ұйымының негізгі мақсаты - барлық елдерге ортақ стандарттар мен шарттар негізінде халықаралық сауданың дамуына жағдай жасау. Бүгінде әлемнің 150-ге жуық мемлекеті осы ұйымға мүше.  Дүниежүзілік сауда айналымының 96 пайызы осы ұйым мүшелеріне тиесілі. Сөз жоқ, Дүниежүзіне ортақ сауда нарығын қалыптастыру - жақсы идея. Осы қауымдастықтың мүшесі атанған ел әлемнің кез-келген түкпіріне тауарын тасымалдай алады. Қазақстан осынау ірі қауымдастықтың мүшесі атануға мүдделі. Бұл бағыттағы келіссөздердің жүргізіліп жатқанына кемі 5-6 жылдың жүзі болды. Жуырда «Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелігіне келесі жылы өтуі ықтимал» деген ақпарат тарады. Дегенмен, мамандардың пікірінше, ДСҰ шеңберіндегі бәсекелестікке отандық экономиканың дайындығы көңіл көншітпейді. Дәлірегі, дайын өнім шығаратын шағын және орта бизнеске қауіп төнбек. Шетелдік арзан әрі сапалы тауарлар  ішкі нарықты  толтырып, еліміздің кәсіпкерлік саласын «тұншықтырып тастауы» да мүмкін екені ашық айтылып жатыр. ДСҰ-ға кіруіміз еліміздегі, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы да  отандық бизнесті дағдарысқа ұшыратпай ма? Осы сауалды   кәсіпкерлікпен шұғылданып жүрген азаматтарға көлденең тартқан едік.

 

Нұрлан Сейітжаппаров, кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты

    «Бәсекеге түсуге қауқарсызбыз»

- Ресей қанша жыл бойы Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге дайындық жасап келді. Ал Ресейдің экономикасы қандай, біздікі қандай? ДСҰ-ға кірген соң шетелдің арзан тауарлары нарықты толтырып тастайды да біздің бизнестің шаруасы бітеді. Елімізде дайын өнім  өндіру ісі некен-саяқ. Мұнай, газ, метальдан басқа не шығарамыз? Сол металдан автомобиль, поезд жасасақ әңгіме басқа. Бір ғана Шымкент қаласын алайық. Кезінде облыс орталығында пресс-автомат зауыты істейтін, тіпті танкке дейін шығаратын. Машина жасау өнеркәсібі бар еді. Жіп иіретін комбинат болатын. «Восходта» костюм, «Эластикте» шұлық шығаратын. Ал қазір кім Шымкентте тігілген киім киіп, Шымкентте құрастырылған көлікті кім мініп  жүр?  Мақтаны шикізат ретінде шығарамыз да, сол мақтаға шетелде тігілген киімді әлдеқайда қымбат бағаға қайта сатып аламыз. Яғни, шетелдіктерді асыраймыз. ДСҰ-ға кіруіміз экономиканың барлық саласына, әсіресе шағын және орта бизнеске  кері  әсер етеді. Шетелдік өнімдермен  бәсекеге түсуге қабілетіміз төмен, турасына көшсек қауқарсызбыз.

 

Вельким Злавдинов, «Визит» АҚ президенті

    «Талпыныс болса қорқатын ештеңе жоқ»

-- Кәсіпкерлікті қолдау жайлы жиі әңгіме қозғалады. Бірақ нақты істен көрі құрғақ сөз көп. Ал бизнеске шынайы, іс жүзіндегі қолдау керек. Қаржылық дағдарыс кезінде  банктің алдында қарызы бар кәсіпорындарға өсім мен айыппұл салуды тоқтатып, тығырықтан шығуға мүмкіндік беру жайлы Президент тапсырма берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы  қалай орындалып жатқаны қадағаланды ма? Әй қайдам?

Бизнес өркендесін десек  кедергілерді, ауыртпалықты  азайту керек. Мәселен, қосымша құн салығын жартысына дейін азайту қажет деп санаймын. Субсидияға қол жеткізу үшін арнайы комиссияның  мақұлдауын айлап, тіпті жарты жылдай уақыт күтуің керек. Субсидиясыз-ақ 6-8 пайыздық ставкамен несие неге берілмейді? 

     Ашығын айтсақ, біздің отандық бизнес даму жолын енді ғана бастап жатыр. Сондықтан ДСҰ-ға кірсек шетелден келетін тауарларға төтеп беруіміз қиынға соқпақ. Бірақ, қанша қиын болса да Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз аса қажет. Күшті бәсекелестікке тап болмастан, өз  қазанымызда қайнай бергеннен түк те шықпайды.  Шынайы бәсекелестік туындамай қазақстандық бизнес сапалы тауар шығармайды. ДСҰ отандық кәсіпорындардың алға қарай жылжуына, сапалы дамуына себеп болуы ықтимал. Әрине, бәсекеге бірі шыдайды, бірі шыдамауы мүмкін. Ең бастысы - сапалы өнім шығаруға деген талпыныс болса қорқатын ештеңе жоқ.

     ДСҰ мүшелігіне ертелі-кеш кіреміз ғой. Жалпы, сауда ұйымына өтіп қаламыз деген әңгіме сонау 2005 жылдан бері айтылып келеді. Әлемдік сауда қауымдастығынан жырақта қалып кеткені  Қазақстанның экономикасы  үшін кемшілік.

- Сіз басқаратын кәсіпорын ДСҰ-ға байланысты болатын өзгерістерге дайын ба?

- Біздің компания шетелдік өнім өндірушілермен бәсекеге түсуге 5-6 жылдан бері дайындық үстінде. Қондырғыларымыздың 60 пайызына дейін жаңартып, заманауи құрылғылар орнаттық. 2006 жылы басталған модернизациялау ісін алдағы 1-2 жыл көлемінде толық аяқтаймыз деген ойдамыз.  Бүгінде кәсіпорнымыз  тек Кедендік одақ емес, ДСҰ-да да бәсекеге қабілетті бола алатынына сенімдімін. Әрине, арзан өнімдермен, мәселен  Қытайдан келетін тауармен бәсекелесу қиынға соғуы мүмкін. Олардың ішкі нарығы үлкен болғандықтан тауар өте көп мөлшерде шығарылады. Демек, өзіндік құны да арзан.  Ал Қазақстанда тұтынушылар аз болғандықтан бізге қалайда шетелдің нарығына шығу керек.

 

Ғани Құрманбай, Шымкент қалалық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі

«Көш жүре түзеледі»

--Меніңше, дүниежүзілік сауда ұйымына өтуден қауіптенудің қажеті жоқ. Облыста да, қалада да халықаралық сапа стандартын алған кәсіпорындар бар. Бұл бір. Екінші жағынан алғанда Ресейдің қадамдарына  назар аудару керек. Бұл мемлекет ДСҰ-ға жуырда қабылданғанымен, ұйымның  шарттарын бірден орындамайды. Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарын орындау ісі бірнеше жылға созылмақ. Кәсіпорындарға, ауылшаруашылығына мемлекет тарапынан субсидия берілмек. Қазақстан да біраздан бері келіссөздер жүргізіп келеді. Әрине, ДСҰ мүшелігіне өту үшін қазір бізде барлығы дайын деп айта алмаймыз. Үкімет жағдайды жан-жақты саралап, қолдау көрсетуі керек.  Себебі, өзге елден келетін өнімдер, әсіресе ауылшаруашылық өнімдері арзан. Мәселен, Қытайдың ішкі нарығы  үлкен, климаты да жақсы, жұмысшылардың жалақысы да төмен. Дегенмен, бізде агросекторға қомақты қаражат бөлініп жатыр, асыл тұқымды малдардың санын көбейту қолға алынды. Бұл өз нәтижесін беруі тиіс. 2015 жылға дейін 60 мың тонна етті экспортқа шығарамыз деген меже белгіленді. Соған сәйкес ауқымды  жұмыстар жүргізілуде. Көзделген тірліктер жүзеге асқанша уақыт керек. Көш жүре түзеледі.

Мұрағаттан, 29.12.2011 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: