Тәуелсіздік алғалы бері елімізде Үкімет жетекшісі 7 рет ауысып үлгерді. «Рейтинг» газетінде оларға жеке-жеке тоқталған көлемді мақала жазып оқырман талқысына ұсынған болатынбыз. Жалпы еліміздегі Үкімет басшыларының тарихы сонау 20-ғасырдың басынан бастау алады. Қазіргі премьер-министр Кәрім Мәсімовке дейін бұл қызметті 20-дан астам адам атқарғанын екінің бірі біле бермейді. Тәуелсіздікті көксеген, «тар жол, тайғақ кешу» кезеңдерде Қазақстан Үкіметінің тізгінін ұстаған сол азаматтар туралы бүгін ел білсін, ертеңгі ұрпақ ескерусіз қалдырмасын деген оймен өткен тарихты парақтап көрген болатынбыз.
Қазақ елінің тұңғыш Үкімет басшысы кім? Дәл осы сұрақтың төңірегінде пікір екіге жарылады. Ұлтжанды азаматтар қазақ елінің алғашқы Үкіметі ретінде Алашорданы, Үкімет басшысы ретінде Алашорданың көсемі Әлихан Бөкейхановты таниды. «Алаш» партиясын құрып, ұлттық мүддені қызғыштай қорыған ұлтымыздың көрнекті қайраткерлері Мәскеуден мейлінше тәуелсіз болуды армандады. Сондықтан, 1917-1920 жылдар аралығында қазақ елінің атынан сөйлеген Алашорда үкіметін Мәскеу амалсыздан мойындап, Алаш автономиясының басшылығы ретінде танығаны көп жайтты аңғартады. Тарихшылар мен саясаттанушылардың енді бір тобы Алашорданы толыққанды үкімет ретінде мойындағысы жоқ. Бұл пікірді қостайтындар тұңғыш премьер-министр ретінде белгілі революционер Виктор Радус-Зеньковичті атайды. Лениннің сенімді серіктерінің бірі, жұмсақ мінезді ол 42 жасында Қазақстанның Халық комиссарлары кеңесінің (іс жүзіндегі үкімет) жетекшісі болып тағайындалып, осы қызметте жұмыс істеген 1 жыл 1 ай ішінде айтарлықтай белсенділігімен көзге түсе алмады.
1921 жылы денсаулығына байланысты қызметінен кеткен Виктор Радус-Зеньковичтің орнына келген Мұхаммед-кәфи Мырзағалиевтың мінезі бұған мүлдем қарама-қайшы. Небәрі 33 жасында Халық комиссарлары кеңесінің басшысы болған Мырзағалиев мінезінің шатақтығымен есте қалыпты. Ел басшылығындағы бірқатар саясаткерлердің үстінен арыз жазды. Көп ұзамай өзі де премьерліктен кетті. Жай кетпей, жанындағылармен айтысып-тартысып, Ахмет Байтұрсынов, Смағұл Сәдуақасов сияқты ұлтымыздың көрнекті қайраткерлеріне ауыр айыптар тағып, күйе жақты.
Мырзағалиевтің орнына бірнеше үміткер қарастырылды. Таңдау Сәкен Сейфуллинге түсті. 1922-1924 жылдар аралығында Халық комиссарлары кеңесін басқарған Сейфуллин ел тарихында талантты премьер ретінде танылды. Жауапкершілігі мол қызметке небәрі 28 жасында тағайындалған Сәкен Сейфуллин ақын-жазушылығымен ғана емес, басқарушылық қабілетімен де ерекше көзге түсті. Жеке көзқарасының дұрыстығын дәлелдеуде өзінен жоғары тұрған лауазым иелерімен де пікірталасқа түсуден қаймықпайтын. Шындықты айта білетін тік мінезі үшін дұшпандарының санын да көбейтіп алды. Көп ұзамай олар Сейфуллинге жалған жала жауып, ақыры қызметінен кетірді.
Халық комиссарлары кеңесінің келесі басшысы Нығмет Нұрмақов бұл қызметті бес жыл атқара алды. Сейфуллин секілді Омбыдағы мұғалімдер семинариясын бітірген ол саяси карьерасын «Үш жүз» партиясында бастаған. Нұрмақовтың премьерлік қызметі қолы қанға боялған Голощекиннің қатыгез саясатымен тұспа-тұс келді. Күштеп ұжымдастыру науқанын қолынан келгенше жұмсартуға тырысып, өз баяндамаларында қалыптасқан жағдайды бүкпесіз айтып отырды. Голощекинге бұл ұнай қойсын ба, Нұрмақовты қызметтен кетіруге бірнеше рет талпыныс жасады. Қысымға шыдай алмаған Нұрмақов өз еркімен қызметтен кетуге арыз жазып, 1929 жылы Халық комиссарлары кеңесіне жаңа басшы тағайындалды.
Нұрмақовты алмастырған Ораз Исаев премьерлік қызметті ұзақ уақыт атқарғандардың бірі. Ол алдындағы әріптестері секілді біліктілігі және табандылығымен көзге түсе қоймады. Исаев – партияның кез-келген тапсырмасын бұлжытпай орындайтын ортан қолды шенеунік болатын. Голощекинге бұдан артық кадр табыла ма? Зұлымдыққа толы 9 жыл бойы Ораз Исаев көнбістігінің арқасында Голощекинмен де, оны алмастырған Мирзоянмен де бірлесіп жұмыс істей алды. Саяси зобалаң жылдарында қуғын-сүргін жүргізуге белсене араласқан жоқ. Бірақ ешуақытта қарсылығын да білдірмеген. 1938 жылы Исаевтің өзі де қуғын-сүргіннің құрбанына айналып, ату жазасына кесілді.
Исаевты Нұртас Оңдасынов алмастырды. 33 жасар Оңдасынов басшылық қызметтегі тәжірибесі тым аз болғанымен премьерлік қызметте 13 жылдай іскерлікпен жұмыс істеді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Халық комиссарлары кеңесінің жауапкершілігі анағұрлым көбейді. Оңдасынов соғыстан кейінгі жылдарда да жемісті жұмысын жалғастыра түсті. 1951 жылы Мәскеуге қоныс аударған Нұртас Оңдасынов кейінгі жылдары Жоғарғы Кеңеске, одан соң Гурьев облысына басшылық жасады.
Келесі премьер-министр – Елубай Тайбеков. Партия қатарында көп жыл бойы еңбек еткен бұл азамат әсіресе ауышаруашылығы саласын жақсы білетін. Кейіннен Қазақ ауылшарушалығы институтының ректоры атанды.
1955 жылдың көктем мезгілінде Үкімет басшылығына 43 жасар Дінмұхаммед Қонаев келді. Қазақстан тарихындағы ең көрнекті қайраткерлердің бірі, кемеңгер тұлға әуелі мықты инженер ретінде танылып, соғыс жылдарында Оңдасыновтың орынбасары қызметін атқарды. 1951 жылы Ғылым академиясының президенті болып бекітілді. Үкімет басшысы ретінде Қазақстан Компартиясының төрт бірдей хатшысымен қоян-қолтық жұмыс істеп, талантты басшы ретінде танылды. Қонаевтай білікті кадрларды Мәскеу аса жоғары бағалап, 1960 жылы Дінмұхаммед Ахметұлы Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болып тағайындалды.
Бұдан соң министрлер кеңесінің төрағалығына 44 жастағы Жұмабай Тәшенов келді. Бұл қызметінде бір жылға жуық отырса да ел тарихында айрықша із қалдырған басшы бұған дейін Ақтөбе обкомының бірінші хатшысы және Жоғарғы Кеңес төрағасы секілді жауапты қызметтерді атқарып келген. Айтқанынан қайтпайтын, ұстанған қағидасынан айнымайтын тік мінезді Жұмекең «генсек» Никита Хрущевтың бірқатар бастамаларына қарсылық білдіруден тайсалмады. Әлбетте, бұл жоғары жаққа ұнамай, ақыры 1961 жылдың қаңтар айында қызметінен шеттетіледі. Зейнет жасына шыққанға дейін 15 жыл бойы Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеді.
Тәшеновтен соң министрлер кеңесін басқару біраз жыл Башқұрстанда жұмыс істеп елге оралған Сәлкен Дәуленовке сеніп тапсырылғанымен үмітті ақтамады. Үкімет басшысы ішкілікке салынып кеткендігі үшін қызметімен қош айтысты.
Ел тарихында премьерлік қызметті екі рет атқарған екі адам бар. Бірі -Дінмұхамед Қонаев, екіншісі - Масымхан Бейсебаев. Дәуленовтен соң Министрлер кабинетінің басшылығына келген 53 жастағы Масымхан Бейсебаев аса жауапты қызметті небәрі үш ай атқарып, рекорд орнатты. Бірақ, оның өзіндік себебі де бар. Бейсебаевтың Қазақстан тарихындағы білікті премьер-министр ретінде танылғаны белгілі. Облыстық деңгейде басшылық қызметте жұмыс істеген ол 60-жылдардың басында премьер-министрдің бірінші орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. Үкімет жетекшілігіне қай жағынан да лайық Масымхан бұл қызметке толық кіріспей жатып-ақ, 1962 жылдың желтоқсан айында орнын Қонаевқа босатуына тура келді. Хрущевтің бірқатар бастамасына қарсылық танытқан Дінмұхаммед Ахметұлы қызметінде төмендеп, компартияның бірінші хатшылығына ұлты ұйғыр Юсупов бекітілді. Бейсебаев болса бұрынғы орынбасарлық қызметіне оралды. Министрлер кеңесін екінші рет басқарған Қонаев бұл қызметті 1962-1964 жылдары атқарды. Партиялық номенклатурада Хрущевтің жүргізіп отырған саясатына деген қарсылық күшейе беріп, ақыры 1964 жылы ол отставкаға кетіп, онымен қоса Юсупов та бірінші хатшылықтан босады. Қазақстан компартиясының жетекшілігіне Қонаев қайта оралған соң Масымхан Бейсебаев министрлер кеңесі төрағасының креслосына екінші рет отырды.
1970 жылы Бейсебаев зейнеткерлікке шықты. 61 жасында. Көпшілік үшін бұл күтпеген оқиға болғаны рас. Саясаттанушылар мұны былайша түсіндіреді: ел басшылығында қатарынан екі оңтүстіктік адамның болуы билік басындағы аймақтық топтар арасалмағына қайшы келді. Сондықтан, Бейсебаевтың орнын солтүстіктің өкілі, 52 жасар Байкен Әшімов алмастырды. Бұл тандем 14 жыл бойы жемісті жұмыс істеді. Әшімов өзін өте салмақты әрі тәжірибелі басқарушы ретінде көрсете біліп, Қонаевтың сенімінен шықты. 1977 жылы Социалистік Еңбек ері атағын алған Байкен Әшімов 1984 жылы Жоғарғы Кеңестің төрағалығына ауысты.
Дінмұхамед Қонаев ел үкіметінің жетекшілігін 43 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырды. Бұл қызметте Нұрсұлтан Әбішұлы 5 жыл жұмыс істеді. Дегенмен, көп ұзамай республкиадағы саяси ахуал қиындай түсті. Жас премьер ескі жүйе тарапына бірқатар сын айтып, реформа жүргізу қажеттігін алға тартты. 74 жасқа толған Қонаевты Кремль ұлтшылдық бағыт ұстанды деп кінәлап, ақыры зейнеткерлікке шығарды. Бірінші хатшылыққа тағайындалған атышулы Колбин келген бойда түбегейлі кадрлық ауыс-түйістер жүргізіп, билікке жақпаған адамдар шеттетілді.
1989 жылы Н.Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. «Ендігі премьер-министр кім болады?» деген сауал жиі қойыла бастады. Назарбаевтың таңдауы көпшілікті таңқалдырды. 52 жастағы Ұзақбай Қараманов бұған дейін айтарлықтай жоғары қызметтерді атқарып үлгермеген еді. Министр қызметіне тек 1987 жылы келді. Премьерлік қызметте екі жылдан астам уақыт жұмыс істеген Қараманов президент сайлауының қарсаңында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі атанған Сергей Терещенкоға жол беріп, өзі кеңесшілікке ауысты.