Өмірде тірі, құжатта өлі

Screenshot_3.jpg

Кәмелет жасқа толып, жеке басты қуәландыратын басты құжатқа ие болу әрбір азамат үшін үлкен қуаныш, әрі жауапкершілік. Ендігі жерде өзіңнің әрбір іс-әрекетің үшін тек қана өзің жауаптысың деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, дербес өмірге жасалған алғашқы да жауапты қадам. Алайда...

Көңіл толқып, өзің өз болып, алғаш рет басты құжат алуға алып-ұшып барғаныңызда құжатпен қамтамасыз ететін аға-әпкелеріңіздің біреуі көзіңізді бақырайтып қойып, «сіз осыдан 18 жыл бұрын қайтыс болып кеткенсіз» десе қандай көңіл-күйде боласыз? Әрине, есеңгіреп, есіңізді жоғалтып алуыңыз да ғажап емес. Шымкенттік Каденов Бағдат Талғатұлы да алғаш өзінің «туыла салысымен шетінеп кеткенін» естігенде басы айналып, құлап қала жаздапты.  

- Ұлым 18 жасқа толғаннан кейін ұлым жеке куәлік алу үшін тамыз айында Шымкент қаласындағы халыққа қызмет ету орталығына арыз жазған болатын. Одан кейін қайта-қайта барып жүрді. «Сұрату жасатып жатырмыз» деген себеппен бір айдай уақыт кешіктірді. Содан кейін қайтып арыз жазу қажеттігін айтты. Тағы да жазуға тура келді. Өйткені, қалай болғанда да жеке куәлік алу керек қой. Кейін шақыртып жатыр дегесін жүрегі алып-ұшып барғанда өз қолына өзінің «өлгендігі» туралы анықтаманы ұстатып жіберіпті. Бірден менің жұмысыма келді. Баламның сол кездері «шокқа» түскенін көрсеңіз. Мен де мұны естіген сәтте орнымнан тұра алмай қалдым. Сәл есімді жиғасын өзімнен өзім сыртқа шығып, жүгіре бергім келді. Неге екенін білмеймін. Жүрегім ауырып, дәріханаға жете алмай қалған кездеріміз де болды. ЦОН-дағылар «сіздерге ешқандай куәлік бере алмаймыз, өйткені, ұлдарыңыз өлгендердің қатарында, сізге керек па өзіңіз жүгіріңіз» деді. Менің қателігім емес, мен не үшін жүгіруім керек деп алғашында ашуланғаныммен, амал жоқ, ұлым үшін әрі-бері шапқылауға тура келді. Мұндай болғанын білсем босанған уақытта-ақ құжаттарды туралап алатын едім ғой. Бізге талапқа сай туу туралы куәлік берді. Емханадан арнайы карточка аштырып, ұдайы дәрігерлік бақылаудан өткізіп, түрлі ауруларға қарсы дәрі ектіріп жүрдік. Онда дәрігерлердің барлық анықтамалары енгізілген. Туу туралы куәлік арқылы ұлыма салық төлеушінің тіркеу нөмірі (РНН) беріліп, тіркеуге де тұрғызғанбыз, яғни жеке куәлікке арыз жазғанға дейін ешқандай кедергі болған жоқ. Енді тірі ұлымды «қайта тірілту» үшін сотқа арыздануыма тура келді, - дейді Бағдаттың анасы Рзакүл Жапабаева. 

Рзакүл Алдабергенқызы 1992 жылдың 14-шілдесі күні тұңғышын аман-есен босанып, ел қатарлы отбасына қуанышпен оралады. Алайда, тиісті мекемелер шілденің 16-күні «өлгені туралы» куәлік толтырады. Анықтамада баланың, ата-анасының аты-жөнінде, сәбидің туылған күнінде қате өріп жүр. Туылған күні 10-шілде болып көрсетілген. Бұл анықтама бір негізге, яғни дәрігердің анықтамасына сүйеніп жазылуы керек емес пе? Ал Бәйдібек аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б.Мырзагелдиевтің қол қоюымен берілген анықтамада төмендегідей жазылған: «Бәйдібек аудандық орталық аурухананың 1992 жылғы Форма №10 «Жас балаларды тіркеу» журналының 185 қатарында Жапабаева Рзакүл 14 шілде 1992 жылы Каденов Бағдат Талғатұлы ер баланы босанған, №302076 туу туралы куәлік негізінде перзентханадан шығарылды деген жазбалар бар». 

Анықтамада көрсетілген номер мен туу туралы куәліктегі нөмер шындығында сәйкес келеді. Сонда «өлгені туралы» мәлімет қайдан жазылып кетті, ол кімге қажет болды? Түсініксіз. Әлде әдейі істелген қастандық па? Ендеше кеш те болса бұл қателікке бой алдырған маман жауапсыздығына байланысты жазасын алуы тиіс емес пе? 

Бәйдібек аудандық Әділет басқармасының бастығы Манас Қалдыбиев:

- Аудандық Әділет басқармасы 2004 жылы ғана ашылған, яғни бұл іске біздің басқарманың  қатысы жоқ. Бұрынғы заңдылық бойынша туу туралы актілерді жазу ауылдық әкімшіліктердің құзырында болған. Акт дәрігерлердің «баланың өлгені туралы» берген анықтамасы негізінде Ақбастау ауылдық әкімшілінде жазылған. Бала 18 жасқа толғанға дейін оны ешкім білмеген. Бұл кезге дейін олар отбасымен Шымкент қаласына көшіп кеткен. Кәмелет жасқа толған балаға жеке куәлік керек болғасын қаладағы Абай аудандық Әділет басқармасына арызданған. Олардан маған аудандық ауруханадан сұрату үшін қарашаның 5-күні қызметтік хат келіпті. Ол хатты сол күні аудандық ауруханаға жолдадық. Негізінде мұндай шикілік емхана дәрігерлерінің өз қызметіне жауапсыз қарауынан орын алады. Бұл келеңсіздіктің  анық-қанығына жету үшін қазір қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Егер бұл әдейі істелген жағдай болса қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін. 

- Дәрігердің баланың «өлгені» туралы анықтамасы сақталған ба екен?         

- Сол жоқ болып тұр ғой, сақталмаған. Түбірді іздетіп жатыр. Ал акт жазбаларының 75 жыл бойына бізде сақталады.  

- Ендеше кімнің үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін?

- Ол жағы енді тиісті тергеу органы қызметкерлерінің құзырындағы шаруа. Менің айтарым, Бағдат Кәденов 18 жасқа толғаннан кейін міндетті түрде жеке куәлік алуы тиіс. Негізі куәлікті 16 жасында алуы керек еді, екі жыл уақытын өткізіп алған. Енді көші-қон полициясының форма №5 деген анықтамасы негізінде ғана ала алады. Өйткені, осы кезге дейін өзге мемлекеттің азаматтығын алып қоймады ма деген күдік туады. Көші-қон полициясы Қазақстан бойынша тексереді де әлгі анықтаманы Әділет басқармасына тапсырады. Содан кейін ғана жеке куәлік алу үшін құжаттар қабылданады.    

Бағдаттың анасы Рзакүлдің айтуынша, «өлгені» туралы анықтама қандай негізге сүйеніп жазылғанын ешкім дөп басып айтып бере алмай отырған сықылды. «Қазір енді әрі-бері шапқылап, шығындалып жатырмыз. Ұлым Шымкент қаласындағы №3 кәсіптік лицейдің 3-курсында оқиды. Бізді осынша әуреге салғаны, тірі адамды өлдінің қатарына қосып қойғаны үшін бір адам жауапты болуы керек қой. Керек болса ол адам моральды шығын төлеуі тиіс, неге менің тірі баламды өлдінің қатарына қосып қояды?», - дейді Рзакүл Алдабергенқызы. 

Шадияр Мекенбайұлы, Оңтүстік Қазақстан облысы 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: