Тасмағамбетов Түркістандағы мешіт құрылысын тоқтатқызып тастады

Screenshot_3.jpg

     Түркістандағы ежелден елдің игілігіне жарап келе жатқан мешіттің бірінен түн ортасында тосыннан өрт шыққанына көп бола қойған жоқ. Құдай сақтасын, мешітке әдейі өрт қоюға кімнің қолы барады дейсіз? Техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан мешітті өрт шалғанын құзырлы органдар тексеру барысында анықтады. Жарайды, өрт айтпай келеді, Алланың үйі аяқ астынан тілсіз жаудың «тырнағына ілігіпті». Ал, Сіз жаңадан салынып құрылысы бітуге таяған зәулім мешіттің  тас-талқанын шығарып қиратуға, жермен-жексен етіп құлатып тастауға құлшынып отырған құдайдан безгендер  бар дегенге сенесіз бе? Бұған жан-жақты мүмкіндікті қарастырып жанталасқан мүдделі топ «қирату, бұзу, құлату» деген сөздер құлаққа түрпідей тиетінін жақсы білетіндіктен «басқа жаққа көшіру керек» деп жұмсартып сөйлейтіндерімен түпкі ойларын түсінбейтіндей жұрт ақымақ емес. Құрылысы біткелі тұрған зәулім мешіттің ғимаратын бұзбаса, қиратпаса, құлатпаса басқа жаққа оп-оңай көшіріп әкете салатындай көшіп-қонып жүретін керуеннің жинап қойған жүгі ме екен? «Түркістанда салынып біткелі жатқан жаңа мешіт басқа жаққа көшірілмесе Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне көлеңке түсіреді», «жаңа мешіт кесене аумағындағы айрықша қорғалатын аймаққа түсіп, тарихымыз тапталуда» деген сыңайдағы байбаламға байланысты мешіт құрылысын тоқтатып тастағандар әбден салынып бітуге таяғанға дейін «ай қарап, жұлдыз санап» жүргендері тіпті түсініксіз. Мешіт құрылысының қазығы қағылған кезде неліктен осындай қатаң шара қолданылмады?

 Мәдениет министрлігі мен Мәжіліс депутаттары да мәселе етіп көтерген байбаламның нүктесін қойып, нақты нәтижелі тірлік тындырған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов болды. Әрине айдаладағы Астананың әкімінің Түркістандағы мешіттің тірлігіне араласуына ешбір құқығының жоқтығы да, құзырының  жүрмейтіні де белгілі. Бірақ Тасмағамбетов бұл дау-дамайға  бас сұққанда ЮНЕСКО-ның еліміздегі өкілдігінің басшысы екенін алға тартып, Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке қызметтік хат жазған соң сол ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған Қ.А.Яссауи кесенесіне кедергісін тигізеді деген себеппен Түркістандағы салынып бітуге жақындаған жаңа мешіттің құрылысын тоқтатқызып тастады. Енді ол біржолата бұзылмаса болғаны деп ел қауіптеніп отыр. Сонда қалай, дау туғызған мешітті салу ешкіммен кеңеспей, келіспей асығыс-үсігіс қабылданған шалағай шешім бе дейін десек, «Көне Түркістан» туризм орталығының жобасы талқыланғанда жобаға енгізілген мешіт құрылысын жүргізу Парламент пен Үкімет тарапынан да қолдау тапқан екен. Оны аз десеңіз, Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінің басшылары Түркістанда кездескенде өзара ойласу арқылы ортақ шешім қабылдап, жаңа мешіттің қай жерге салынатынының тас белгісін де өз қолдарымен қойғаны тағы бар. «Жаман айтпай жақсы жоқ», ертеңгі күні «ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі...» киелі Түркістандағы түбі бір туысқандықты танытуды көздеген тірліктің быт-шыт шықса, құрылысты қаржыландырған түркиялық ағайындармен араға сызат түсуі былай тұрсын күллі мұсылман жұртшылығының алдында абырой шіркін айрандай төгілмей ме?  Келер жылы мұсылман  әлеміндегі ең беделді құрылым – Ислам конференциясы ұйымына басшылық жасау жауапкершілігі жүктеліп отырған Қазақстан үшін бұл жарасатын әрекет пе?  

Құжаттарға үңілсек Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімовтің Түркия діни істер басқармасы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп түзген келісім-шартына сәйкес мешіт салынатын жерді белгілеу Түркістан қалалық әкімдігіне тапсырылыпты. 2008 жылдың 27 маусымында сәулетшілер, тарихшылар,  ғалымдар мен жауапты мекемелердің өкілдері бұл мәселені жан-жақты талдап, талқылап, оған Мәдениет министрлігіне қарайтын «Әзірет-Сұлтан» қорық мұражайының тарихшысы, бас маман М. Тұяқбаев та қатысқан. Мәдениет министрлігі болса мынадай талап қойыпты: «Құрылыс нысандарының қорғау аумағы шекарасынан кемінде 50 метр қашықтықта болуы қажет. Сонымен бірге, қорық-мұражайдың діни-рухани мағынасын ескере отырып және Әзірет-Сұлтан кесенесінің сәулеттік маңызын бәсеңдетпеу мақсатында салынатын нысандардың биіктігі одан жоғары, сәулеті қорықтың тарихи-мідени, сәулеттік мәніне үйлесімсіз болмауы тиіс. Құрылыс салынатын жерде алдын ала тарихи-мәдени мұра объектілерінің барлығын анықтау мақсатында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек».

Сонымен жаңа мешіт қорғау аумағының шекарасынан кемінде 50 метр қашықтықта болуы қажет деген талап толығымен сақталып, жер аумағы бөлінеді. Мәдениет және ақпарат министрлігіне  қарасты  «Қазреставрация» мекемесінің сәулетшісі Қанат Медеуов және басқа да  мамандардың қатысуымен көзбе-көз танысу барысында мешіттің орналасатын жері талқыланған. Түркістан қаласының жер рельефі біркелкі болып келеді. Ауытқушылық 0,5-1 метр көлемінде ғана. Мамандардың анықтауы  бойынша,  салынып жатқан мешіттің жазықтық белгісі 212,80, ал Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жазықтық белгісі 213,50 метр. Яғни, кесене мешітке қарағанда 70  сантиметр биік жерде орналасқан. Демек бұл тұрғыдағы талап та толығымен сақталып отыр.

Енді археологиялық құндылықтар  мәселесіне келейік. Мешіт құрылысына бөлінген аумақта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жөнінде «Түркістан археологиялық қызметі» атты мекеме мен Діни басқарма арасында арнайы келісім-шарт түзіліп, зерттеу жұмыстарының қорытындысы  2009 жылдың 3 қыркүйек күні жарияланады. Аталған мекеме директоры Е.Смағұлов қол қойып, мөрін басқан бұл құжатта «Қазылған  қазаншұңқыр  ортағасырлық Ясы қаласының цитаделінен 140  метр қашықтықта орналасқан.  Зерттелген аумақтың  археологиялық және  мәдени тұрғыда құндылығы төмен, қарапайым үйлер болған. Осы жайттарды ескере отырып ескерткіштерді қорғау және пайдалану ісіне  жауапты мемлекеттік органға мешіт құрылысына рұқсат беруіне кеңес береміз» делінген. Яғни, мешіт құрылысы тиісті зерттеулер  жүргізіліп, Мәдениет министрлігінің өкілдері хабардар болған соң барып қана басталды. Алайда сын сағатта министр Құл-Мұхаммед  көп жайттан хабарсыз болып шыққаны таңдандырады.Биылғы  мамыр айында   құрылысты жүргізіп жатқан «Грин Тек Контракшн» ЖШС бас директоры Бахри Фазлиоглуына «арнайы рұқсат алынбағандықтан заңсыз құрылыс жұмыстары тоқтатылсын» деген пәрменнің  аяқ астынан жетуі төбеден жай түсіргенмен бірдей болды.  Сонда бұған дейін мешіт құрылысына қатысты бір емес бірнеше жиынның өткенін, оған министрлік өкілдерінің қатысқанын қайда қоямыз?

Ел игілігіне енді ұсынар тұста мешіттің құрылысы тоқтағанына  алаңдаушылық білдірген Түркістан қаласының тұрғындары мемлекет басшысына, Үкіметке және облыс әкіміне хат жазып, араша түсуін  сұранды. Осы хаттың негізінде қыркүйек айында мешіттің құрылысы мәселесін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, оның құрамына министрліктің өкілдері және бірқатар ғалымдар кірді. Бірден айта кетейік, комиссия мүшелерінің пікірі екіге  жарылды. Келтірілген дәлелдер кереғарлығы мен пікірлер қайшылығын әркім өз қажетіне жаратуда. Өтегенова, Имажанов, Төреқұлова және Алтаев секілді комиссия мүшелері мешітке бөлінген жер телімі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің  қорғалатын аумағындағы табиғи ландшафтында орналасқанын, мұнда құнды жәдігерлердің боулы мүмкін екенін алға тартса,  белгілі тарихшы-ғалым Б.Байтанаев, сәулетші Б.Әшірбаев, қала әкімі Қ.Молдасейітов секілді комиссия мүшелері мешіт құрылысы үшін  жер телімін бөлу сонау 1992 жылы  қабылданған қаланың бас жоспарында белгіленгендігін алға тарқан. Дау тудырған  аймақта әуелі «Түркістан археологиялық қызметі», кейіннен Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғылыми қызметкерлері археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, бұл жерге тек 19-ғасырда қатардағы  тұрғын үйлер түскен, қүндылығы төмен аймақ екенін келтіріп,  бұл уәждерді жоққа шығарады. Бұдан шығатын қорытынды -  мешіт құрылысы жүріп жатқан жер телімі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайын қорғау аумағына мүлдем жатпайды.

Сонымен Түркістандағы бітуге таяған мешітке төнген қауіпті кесенеден көреміз бе, жоқ, пешенеден көреміз бе? Алла үйінің артында түрлі ағымдардың ішкі қайшылығы тұрған жоқ па? Мәдениет министрінің мешітке аяқ астынан шүйліге қалуына не түрткі болды екен? Бір қарағанда, қолынан құманы, аузынан Құраны түспейтін мұсылманның бір-бірінен айырмашылығы жоқ сияқты. Дін дегеніміз азаннан-кешке дейін Аллаға құлшылық ету ғана емес, ол дегеніміз үлкен мәдениет, діни-ұлттық білім, ұлттық тілдегі уағыз емес пе?! Әйтсе де, «ауруын жасырған өледі» деген, соңғы кездері бір жайнамазға жығылып жүрген мұсылмандардың жік-жікке бөлініп алып, бірін-бірі мойындамайтынын, мейлінше бір-бірінің аяғын шалуға дайын тұратынын жасырудың қажеті жоқ. Әрине, киелі қалада салынғалы отырған бұл мешіт қанша жерден көрікті болса да, барлық ережеге сай болуы тиіс. Бәлкім бұл даудың түп-төркіні мүлде басқада болар. Бұл дау тағы да сол дін тармақтарының тартысынан, сол тармақтардың басында тұрған лауазымды тұлғалардың ішкі қайшылығынан туындап отырған жоқ па өзі?

Жақында ғана жергілікті газеттердің бірінде Шымкент қаласының тұрғыны Перизат Қайырбекованың жанайқайы жарияланды. Кейуананың жасы жиырмадан асқан баласы жайнамазға жығылғалы бері мінез-құлқы өзгеріп, тіпті анасының қолынан ас ішуге арланатынды шығарыпты. «Баламның мешiтке барып, намазға жығылып, мұсылманшылықты қолға алғанына қуанып, адамгершiлiгi мол, иманды болады деп топшылағаным бекер болды. Қазiр қайғыдан қан жұтып отырмын. Туыс-бауырлардың тойына баруды қойды. Менiмен, тiптi әңгiмелеспейдi де. Мiнез-құлқы өзгерiп кеттi. Бiздiң тұрмыстық салт-дәстүрiмiзге енген қағидаттардың ешқайсысын мойындамайды. Тiптi, намазға жығылмасаң, асыңды iшпеймiн деген сөзi жаныма қатты батты», – дейдi Перизат. Мұндай мысалдар қазір өте көп. Әрине, жас бала – жас шыбық сияқты, қалай қарай исең, солай майысады. Жас дейік, өмірге мас дейік, бірақ, аңдаусызда теріс жолға түсіп кеткен жасөспірімді дер кезінде байқап, бетін қайтаруға болатын шығар. Ал, сүйегі қатып қалған үлкендерді қайтеміз?!.

Дәл қазір біздің билік дінді қолшоқпар қылып ұстап отыр ма, жоқ керісінше дін биліктің бишігіне жармасып жүр ме, ажырату қиын. Қарапайым ел қашанда жақсы басшыға, биліктің биігінде жүрген абыройлы азаматтарға қарап бой түзейді. Қарапайым бір адамның адасқанынан ел арасы бүлініп кетпес, ал, бір басшының адасқанынан бүкіл ел жоғалып кетуі мүмкін. Ақпарат құралдарында президент аппаратының жетекшісі Аслан Мусиннің баласы мұсылман дінінің бір тармағының уағызшысы, жетекшісі екені талай мәрте жазылды. Тіпті, ара-тұра мұсылманшылығы ұстап қалған кезде Аслан Мусиннің өзі де қауғадай қып сақалын өсіріп, ұлының уағызына қатты ұйып қалатындай ма қалай? Қайбір жылы президенттің тікелей тапсырмасымен «Қазақстан» ұлттық арнасы «исматуллашылардан» тазартылған кезде, мұның артында Иманғали Тасмағамбетовтің тұрғаны ашық жазылды. Басқасы басқа, мемлекет басшысының немере інісінің өзі, яғни жас болса да, бас болып, бірқатар үлкен лауазымды қызметтерді атқарып үлгерген Қайрат Сатыбалдының төңірегіндегі намазхандар да барлық мұсылмандармен басы пісе бермейді. Олардың да өз жолдары, діттеген өз мақсаттары бар. Одан бөлек, ел ағалары, қартайып қалса да биліктің бишігін бермей келе жатқан Өмірбек Бәйгелді, Мырзатай Жолдасбековтердің қолдан жасап алған өз «Құдайлары» бар екенін, Сенатты басқарып тұрған кезде Нұртай Әбіқаевтың бір көріпкел әйелдерді ертіп барып, тағы бір «Алтын адам» табамын деп, Есік қаласының даласының бәрін қазып тастағанын да республикалық газеттер жазды. Дінді қабылдау, оған бой ұсыну, әрине, адамның сана-сезіміне, ішкі түсінігіне, мәдениетіне байланысты шығар. Бірақ, осынау жәйттердің бәрі – дініміздің әр тармағының өкілдері биліктің мойнына арқан лақтырып, әркім өзінше бұғаулап жатқанын сездіретін сияқты. Қолында мықты билігі бар адамды өз қатарына тарту арқылы басқаларға жол ашу оңай. Яғни, тәуелсіз еліміздің билігі де жас шыбық сияқты майысқақ болып тұр деген сөз.

    Жоғарыда айтқанымыздай Иманғали Тасмағамбетовтің есімі көптен бері «исматуллашылармен» тығыз байланыстырылып келе жатқаны жасырын емес. Әйтеуір, мүридтердің арасында Тасмағамбетовтің есімі аса үлкен құрметке ие. Алматы қаласының әкімі қызметін атқарып тұрғанда оңтүстік астананың әкімдігінде суфизм ағымының  өкілдері қаптап кеткені кезінде ақпарат құралдарында жан-жақты жазылған. Жуырда  тұтқындалған «исматуллашылардың» белсенді өкілі Саят Ыбырай да осы жылдары аяқ астынан Алматы қалалық мәслихатының депутаты болып сайлана қалуы да көпшіліктің күмәнін туғызған.   «Исматуллашылардың» мәселесі майшаммен қаралғанға дейінгі кезеңде Ғалым Боқаш, Болат Мүрсәлім, Болат Атығай, Елдос Еміл және басқа белсенді исматуллашыларға айтарлықтау қолдау көрсетілді. Билік эшелонындағы ауыр салмақты саясаткерлердің бірі саналатын Тасмағамбетов біраздан бері зікіршілермен арадағы ашық түрдегі байланысын үзгенін көрсетуге тырысқанымен, осы ағымның негізгі қамқоршыларының бірі болып қала беретін сыңайлы. Алдағы уақытта Үкімет Түркістандағы мешітке қатысты бір шешім қабылдайды деп күтілуде. Мұнда кімнің мүддесі ескеріліп, мешіттің тағдыры қалай шешілетінін тақсыр уақыт көрсетер. Оған ЮНЕСКО-дан арнайы келетін өкіл төрелік айтпақшы. ЮНЕСКО-ның еліміздегі өкілдігін Иманғали Тсмағамбетов басқаратыны да біраз мәселетіні шешетіні анық. Ал Түркістан қалалық ақсақалдар алқасының  төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов бастаған жергілікті тұрғындар салынып бітуге таяған мешіттің құрылысынан бір кірпішін де бұзғызбайтын барлық әрекетке барамыз деп  тас –түйін болып отыр.

 

Сіз не дейсіз?

Омар Елеуұлы, Түркістан қаласының бас имамы:

- Түркістан қаласының 140 жылдық тарихы бар орталық мешітіне  келушілердің барлығын сыйдыра алмай жүрміз. Жұма және айт намаздарында жұрт тіпті   көшеге шығып кетеді.  Әлбетте, жаңа мешіт салынып,  пайдалануға берілгенде имандылыққа бет бұрған түркістандықтар үшін өте қолайлы болар еді. Мешіттің салынуына қарсылық білдірушілердің уәждері ұсақ-түйек нәрсе. Әулие бабамыздың кесенесінің көрінісіне нұқсан келтіреді дегені де ақылға қонбайды. Жалпы, кейбір комиссия мүшелерінде осы мәселеге қатысты басқа қызығушылығы бар секілді. Бәлкім,  мешіт салынып бітсе  Ахмет Ясауи бабамыз жатқан жер қабірстан сияқты болып кетеді деген қорқыныш па,  әлде  кесенеге келушілер мешітке қарай ағылады деген күдігі бар ма, ол жағын анық түсіне алмадым. Қалай десек те бұл уәждердің барлығы да негізсіз. Мешіт – халық үшін керек дүние. 

Қайрат Молдасейітов, Түркістан қаласының әкімі.

Мешіт кесенеден 500 метр қашықтықта тұр. Кезінде жер таңдау ісіне министрліктің екі қызметкері  арнайы келіп қатысып, келісімдерін беріп кеткен екен. Бүгінде министрліктегілер «ондай адамдар бізде қазір жұмыс істемейді, бізге қатысы жоқ» дегенді сылтауратып, барлығын жоққа шығаруға ұмтылу қисынды ма? Мешіт құрылысына тапсырыс беруші – Діни басқарма. Мәдениет министрлігінен ресми түрде рұқсат қағазын алу міндеті осы мүфтияттың мойнында.  Археологиялық  зерттеу жұмыстары мұнда ешқандай да құнды заттардың жоқтығын көрсетті. Менің таңқалатыным мынау, ақыры мешіт кесенеге қауіп төндірсе, құрылыс жұмыстары басталған кезде неге қарсылық білдірмеді? «Мешіт жасыл ландшафт аймағы және құрылыс реттелетін аймаққа түсіп тұр» деп те ескерту жасалынды. Бірақ бұл уәж негізсіз. Біле білсек, ол аймақтар әлі күнге дейін құжат жүзінде  бекітілмеген, шекарасы нақтыланбаған. Яғни, олардың қолдарында заңды құжат жоқ. Соған қарамастан өз бетінше  шекараның  суретін салып алып, соған  құжат ретінде негізделіп отыр.  Бұл аймақтардың шекарасын бекіту жұмыстарын «Қазреставрация» мекемесі  енді жүргізіп жатыр.

Мәдени мұралар санатындағы нысанның маңынан биік құрылыс салынбасын деген ЮНЕСКО-ның талабы бар. Ал мұны қалай түсінеміз? Биік дегеніміз 2 метр ме,  10 метр ме, жоқ, әлде 100 метр ме? Ол жайлы нақты дерек көрсетілмеген.  Меніңше, бұл ережені түсіндірудің бір ғана жолы бар - құрылыс  кесенеден биік болмауы керек. Ал салынып жатқан мешіт кесенеден биік емес. Мұнарасын да кішірейтуге болады.  

Мәулен Садықбек, «Әзірет-Сұлтан» қорық-мұражайының директоры:

- Мешіт құрылысы бітуге таяғанда байбалам салынуда деген сөз құлаққа қонбайды. Бұған дейін де әбден айтылған жанайқайымызға енді нақты шара қолданылды. Кесененің айналасындағы жасыл ландшафт және құрылыстарды реттеу аумақтарының құжаттары жоқ деу қисынсыз. ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған кезде  барлық аумақтар белгіленіп қойған. Мешіттің құрылысын бастайтын кезде арнайы уәкілетті органның рұқсаты болуы керек. Осы қарапайым ғана талап орындалмаған ғой. Шешімді мен емес, министрліктегілер қабылдайды. Солардың уәжімен мен де келісемін. Мешіт құрылысы тоқтаса да, қайта жалғастырып, халықтың игілігіне ұсынсақ та тек заң талаптары  аясында жүзеге асса ешбір тірлікке ешқандай қарсылығым жоқ.

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: