Генерал Досымов отставкаға кете ме?

Screenshot_2.jpg

Өркениетті елдерде өзі басқарып отырған саланың кемшілігі артып, айқай-шуы ұлғая түссе  шен тағып, шекпен киіп жүрген азаматтар шама-шарықтарының деңгейін сезінгендіктен бірден отставкаға кетеді. Өзі жолға қоя алмаған тірлікті өзгенің түзеуіне мүмкіндік жасайды. Лауазымы үлкен министр болса да. Ал бізде ше? Кресломен қоштасуды өмірмен қоштасудан кем көрмейтіндер көп. Көтере алмас шоқпарды беліне байлағандықтан мінген атынан ауып түсе жаздап жүрген облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Серімжан Досымов міндетін дұрыс атқара алмайтын батпандай мінін әлдеқашан мойындап тірлігі отскавкаға кетуге сұранып тұрса да мұндай қадамға баруды ойланбайтыны өкінішті-ақ.  

  Бүгінгі қалыптасқан ахуал, яғни облыстағы қылмыстың күрт өршуі облыс тұрғындарын үрей құшағына қамап отыр. Жыл басынан бергі 10 айда 8913 қылмыстың тіркелуінің өзі қауіптің қаншалықты екенін көрсетіп тұрған жоқ па? Өткен жылдың дәл осы мерзімінде 7520 қылмыс болыпты. Бір жылдың көлемінде қылмыстың 18,5 пайызға артқаны тәртіп сақшыларының қаншалықты «қырағы» екеніндігінің көрсеткіші болса керек. Ол аз десеңіз, облыс бойынша есептен жасырылған тағы 364 қылмысты қосып қойыңыз. Демек, осынша азаматтың, осынша отбасы мүшесінің конституциялық құқы аяққа аяусыз тапталды деген сөз. Былтыр бұл көрсеткіш 216-ға жеткен екен. Есептен жасырылған 364 қылмыстың 189-ы Шымкент қаласының аумағындағы аудандарға тиесілі екен. Әсіресе, Әл-Фараби ауданындағы ахуал күрделі, жасырылған қылмыс саны – 105. Ал өткен жылғы көрсеткіш 29. Қылмыстың ашылу деңгейі де көңіл көншітпейді. Осындай көрсеткіштен кейін Әл-Фараби ауданы ішкі істер басқармасының бастығы Бекежан Қыдырбаев қызметін қалайша жалғастыра бермек?

Жығылған үстіне жұдырық демекші, облыста қылмыстың саны артып жатқанда, ашылу пайызы керісінше былтырғы 67,6-дан 66 пайызға төмендеді, яғни нашарлаған. Демек, әрбір 1000 қылмыстың 340-ы ашылмай қалды деген сөз. Өткен жылға қарағанда аса ауыр қылмыстар, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, қастандықпен зорлау, бұзақылық, ұрлық секілді қылмыс түрлері артып кеткен. Қайсыбірін айтайық, біздің де, оқырмандардың да көкейінде осыған байланысты бір ғана сауал бар. Ол мән-жайдың бәрін біле тұра  генарал Досымов отставкаға кете ме, жоқ па?

   Өткен аптадағы жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов қырағылығынан қауқар қашқан құқық қорғаушыларды бір сілкілеп алды. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Серімжан Досымов төпеген сыннан ұялып-қызарғаны қаншалықты екенін аңғармадық, әйтеуір төрдегі мінберде облыс әкімнің жанына жайғасып жайбарақат отырғанына таңдандық.  Есесіне бірінші орынбасары Асқар Оспанов қалыптасқан ахуал бойынша жасаған баяндамасында «қылмыстық топтарға қарсы дер кезінде соққы беріліп отырғанын» айтып, бір желпініп қалғысы келгенімен бұл  әрекеті қайта өздеріне соққы болып тиді.     

Кілең статистикадан тұратын баяндамаға көңілі толмаған облыс басшысының «жүйенің жұмысын жолға қою үшін департамент тарапынан қандай іс-шаралар атқарылды?» деген сауалына тұщымды жауап болмады. Бәлкім қазақша түсінбей отырған шығар деген оймен сауалды орысша қойды. Бірақ оған да тақылдап тұрып жауап қатқан не басшыны, не оның орынбасарын көрмедік.  

- Ауыр қылмыс бүгінде қалтарыс-бұлтарыста, қараңғы жерлерде емес, қоғамдық орындарда да жасала беретін болды. Демек, қылмыскерлер ештеңеден қорықпайды деген сөз. Тіпті, мектеп оқушыларының, ұлдарды былай қойғанда қыздардың бірін-бірі төбелеуінің жиілеп кетуі не сұмдық?- деді облыс басшысы Асқар Исабекұлы.

Жол қозғалысында да майшаммен қаралатын мәселе көп. Облыс бюджетін қарық қылады деген жылдамдық бақылаушы құралдар жол қозғалысын реттеуге жәрдемі аз болып тұр. Жол белгілерінің де арасында дұрыс қойылмағандары жеткілікті. Жылдамдықты тым шектеп тастағандықтан қалада көлік кептелісі қолдан ұйымдастырылады. Бұл жөнінде де облыс басшысы қатаң ескерту жасады.   

Кемшіліктердің жоқ емес екенін мойындаған Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Нұралы Қырғызалиев жыл басынан бері қызметінде келеңсіздікке жол берген 20 полицейдің жұмыстан шығарылғанын айтқан болатын. Ушыққан мәселені қызметкерлерін жұмыстан қуып емес, талапты күшейту немесе басшысының өзін алмастыру арқылы ретке келтіру тиімді екенін ұғатын кез әлдеқашан келді емес пе?! Осыны ескерткен облыс басшысы жұмысты қожыратқандарға қатаң шара қолданбасқа болмайтынын қадап айтты. Талап дұрыс-ақ, бірақ осы талапты орындататын департамент бастығының тірлігінің өзі отставкаға сұранып тұрғанын қарасаңызшы.

 Шадияр Молдабек, «Алаш айнасы», «Заң» газеттерінің меншікті тілшісі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: